Қоғам

Халықтың сұранысына ие тұрғын үйлер шағын қалаларда да салынуы тиіс

  Халықтың сұранысына ие тұрғын үйлер шағын қалаларда да салынуы тиіс

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық мәжілісте «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының өңірімізде орындалу барысы сөз болды.
Мәжіліске аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық деңгейдегі департаменттер мен басқармалардың, құрылыс мекемелерінің басшылары қатысты.
Сөзін аудандар мен қала әкімдерінің тұрғын үйлер мен әлеуметтік жағынан маңызды нысандарды салуда жұмыстың жүйелі де нақты жүргізілуіне назар аударуды қайтара айтумен бастаған аймақ басшысы әсіресе, құрылыстың негізі болып табылатын жобалық-сметалық құжаттарды дайындау мен мемлекеттік экспертизаның ұзаққа созылып кететініне ерекше тоқталды.
– Біз бүгінгі жиынға «Самұрық-Қазына» қорының басшыларын шақырып отырмыз. Бұл қордың өкілдері біздің қалада біраз жұмыс істеді. Сондықтан қазір қордың басқарушы директоры Әділбек Көшерұлы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында өздерінде жасалып жатқан жұмыстар турасында айтып бермек, – деп облыс Әкімі оған сөз тізгінін ұстатты.
Әділбек Көшерұлының сөз саптауына қарағанда, бұл қор 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Қор негізінен жайлылығы жағынан үшінші класты тұрғын үй құрылысын жүргізумен шұғылданады. Жалпы алғанда нарықтық бағасы 144 мың теңгеден аспауы тиіс ондай үйлердің біздің облыстағы шаршы метрі 120 мың теңгеден айналуда.
– Біз пәтерлерді берудің үш механизмі бойынша жұмыс істейміз. Олар: мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жергілікті арқарушы органдармен бірлесе отырып, құрылыс жүргізу үшін жер телімдерін бөлу бойынша және екінші деңгейлі банктермен жұмыс, – деді ол. – Бүгінде 18 пайыздан астам қазақстандықтар «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасымен тұрғын үй алуға әлеуетті. Олар негізінен пәтерлерді сатып ала алады не болмаса белгілі бір мерзімге жалға алып, соңынан өз меншігіне айналдыруғ мүмкіндіктері бар.
Бұл қор қазірде Алматы, Астана, Ақтөбе және Тараз қалаларында өз жобаларын жүзеге асырып келеді. Енді бұйыртса, біздің қаламызда да жұмыс бастамақ екен. Нақтылай айтқанда, қор басшылығы осы жолғы Шығысқа келген сапарларында Өскемен қалалық әкімдігімен меморандумға қол қойыпты. Осы меморандумға сәйкес, қалалық әкімдік қорға төрт гектар жер бөлмек. Ал ол жерлерде ағымдағы жылы тұрғын үйлердің құрылысы басталатын болады.
Осы тұста нақты дерекке қаныққан облыс басшысы өз пікірін білдіріп:
– Мұндай құрылыстар тек Өскеменде ғана емес, өңірдегі Семей, Зырян және Риддер қалаларында да қолға алынуы тиіс деп ойлаймын. Біз Алматы мен Астананы былай қойғанда, Ақтөбе мен Тараздан неге қалыс қалуымыз керек? Сондықтан бұл шаруада өзіміздің олардан кем еместігімізді дәлелдеуіміз қажет. Өйткені, бізде қолжетімді баспана алуға мүдделілер аз емес, – деп атап өтті.

Баспананы несиеге алушыларға көмек бар

Расымен де, бүгінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» арнайы бағдарламасының игілігін өңіріміздің Өскемен және Семей қалаларының тұрғындары ғана көріп отырған көрінеді. Мұны өз сөзінде тілге тиек еткен аталған банктің облысымыздағы филиалының директоры Нұрлан Күзембаев тек ірі қалалармен ғана емес, аудандармен де бірлесіп, қызмет етуге дайын екенін айтты. Әсіресе, Зырян, Риддер қалалары мен Ұлан және Аягөз аудандарының тұрғындарына өз қызметтерін ұсынуға мүдделі басшы нақты сандарды келтіре отырып сөз саптады.
– Қазір Өскеменде 584 пәтер пайдалануға берілсе, Семей қаласында бұл шаруа өндімей, бар-жоғы 98-ақ болып отыр. Ал осы уақытқа дейін біз Өскеменде 207 адамның тұрғын үй алуы үшін несие берсек, семейліктердің бұл шаруадағы үлесі небәрі 17 ғана. Осы жерде біздер банкпен жұмыс істеп, аудандар мен қалалардың әкімдерімен жүйелі түрде арнайы семинарлар мен кездесулер өткізуге атсалысатын үйлестірушіні анықтап берсеңіздер деген ұсыныс айтқымыз келеді.
Мұндай жан-жақты қарастырылған ұсыныстармен аймақ басшысы келісетінін білдірді. Өйткені, банк ұсынып отырған жалға берілетін тұрғын үйді алуға кез келген отбасының шамасы әбден жететін сияқты. Мәселенің үлкені, бұл туралы көпшілік қауым, әсіресе, ауылдықтар нашар ақпараттанған. Сондықтан да қайда, кімге бару керектігін біле бермейді. Ол олқылықтардың орнын толтыру үшін әр ауданның басшылары аталған бағдарламаны тиянақты түсіндірумен тұрақты айналысқаны абзал.
Жалпы, әр құрылысты жүргізу үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттар дайындалатыны белгілі. Шикіліктің негізі осыдан басталатынға ұқсайды. Мәселен, сол құжаттарды жасау мен қарау мерзімі еш негізсіз ұзаққа созылады. Бұл өңірімізде осы шаруамен айналысатын «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс корпорациясы» АҚ-ның жер телімдерін құжаттауына тікелей қатысты.
Аталған мәселеге орай осы акционерлік қоғамның өкілі Қайрат Смағұлов өз ұсынысын білдіріп өтті. Ол ұсыныстар «біздің практикамызда кездескендей, бірінші қабаттан пәтер сатып алған көптеген адамдар оны өзгертуге рұқсат сұрайды. Сондықтан салынып жатқан үйдің бірінші қабатынан орын алатын мемлекеттік органдар бірден нақтыланса. Екіншіден, апатты үйлерге қатысты өңірлік бағдарлама жасалса» дегенге сайды.
– Біз соңғы уақытта қаланың 19-шы тұрғын ауданында бірнеше үйді пайдалануға бердік. Жақсы-ақ. Алайда, ол жерде тұратындардың қажеттілігін естен шығарып алдық. Оған аталған ауданда не дәріхана, не дүкен немесе шаштараз салу қарастырылмағаны дәлел, – деді осы жерде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Ендігі жерде бұл шаруаға бизнес өкілдерін тартып, ұсыныс жасау керек болар.

Типтік жобалар жасалынбай, жұмыс алға баспайды

Өңірде салынып жатқан мектептер мен балабақшалар саны жыл өткен сайын артып келеді. Алайда, олардың бағалануы әртүрлі. Бұған дейін де бірнеше рет сынға алынған бұл жай аталған мәжілісте тағы қаузалды.
– Бұл мәселені шешудің бір жолы – типтік жобалар жасау, – деді «КАЗНИСС» АҚ-ның облыстағы филиалының директоры А.Бегімханова. – Бұл жобалық-сметалық құжат дайындау уақыты мен оған бөлінетін қаржыны үнемдеуге мүмкіндік туғызады. Қазірдің өзінде аудандық соттардың, мектептер мен балабақшалардың, дәрігерлік мекемелер мен 5,7,9 қабатты үйлердің дайын жобалары бар. Дей тұрғанмен, тапсырыс берушілер мүдделілік танытпағандықтан, олар жүзеге аспай келеді.
Аталған мәселенің орынды екенін аймақ басшысы да қостап, оған әкімдердің мүдделі болмай отырғанын айтып өтті және бірталай протоколдық тапсырмалар беріп, олардың бір ай ішінде орындалуын талап етті.
Бірталай мәселе сөз болған мәжіліс соңында Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен мен Семей қалалары әкімдерін тыңдап, үнемі бірлесе жұмыс істеу және арнайы мониторинг жүргізіп отыру қажеттігін қадап тапсырды. Сондай-ақ, жауапты басшыларға жылыту мерзімінің нақ мезгілі келгенін, сол себепті барлық тұрғын мекендер мен әлеуметтік мекемелерге тиянақты жылу берілуін қадағалау керектігін баса айтып өтті.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button