Халықтық ем жасайтын \”Алтай\” шипажайы ашылады

Катонқарағай ауданында алдағы уақытта медициналық туризм дамытылып, халықтық медицина жолға қойылады. Оған облыстық бюджеттен тиісті құрал-жабдықтар алуға қажетінше қаржы бөлінбек. Бұдан бөлек бірқатар әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өткізіліп, ауданның тағы төрт ауылы таза ауызсуға қол жеткізеді
Солдатово ауылында барлық жағдай жасалған
Бұл жөнінде өткен демалыс күндері Катонқарағай ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті. Алдымен ат басын Солдатово ауылына бұрып, ондағы әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыстарымен танысты, атқарылған шаруаларға көңіл толатындығын жеткізді. Мәселен, ауылдың шетінде орналасқан жаңа су айдауыш мұнараны Ақжан Айтмұхамбетов басқаратын мердігер кәсіпорын “BUILDER GOLD” ЖШС «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында мерзімінен бұрын халық игілігіне сапалы етіп тапсырыпты, қазір ауыл тұрғындары үйлеріне де су кіргізе бастаған. Жоба құны – 537 млн. теңге.
– Мұндай жауапкершілігі мол кәсіпкерлер өзгелерге үлгі болуы тиіс. Айтылған уақытында бітірем деді және сөзінде тұрып, дұрыс аяқтап шықты. Енді суға тарифтің көтеріліп кетпеуін бақылауға алу қажет, – деді облыс әкімі.
Сонымен бірге облыс басшысының айтуынша, ағымдағы жылы Катонқарағай ауданының Солоновка, Шыңғыстай, Ақсу және Новополяковка секілді тағы төрт ауылы таза ауызсумен қамтылмақ.
Солдатово ауылында бұған дейін пайдаға жарамай, жабық тұрған ауылдық клуб үйінде де күрделі жөндеу жұмысы қарқын алған. Мердігер компания «ALI-STARKZ» ЖШС атқарушы директоры Ерлан Қайырхановтың айтуынша, ғимараттың сырт көрінісінен бастап, ішкі, сыртқы есіктері, терезелері, едені, жылу жүйесі толықтай жаңаланады. Қазір отызға тарта жұмысшы тынымсыз еңбек етуде. Ғимарат тапсырылған соң, бұл жерге клуб қызметінен бөлек, ауылдық әкімдік, учаскелік полиция, кітапхана, мұрағат, ал астыңғы қабатта фельдшерлік-акушерлік пункт орналасады. Кестеге сәйкес биылғы сәуір айының жиырмасында тапсырылмақ.
Ауылдық клуб үйінің құрылысымен танысқан облыс басшысы Даниал Ахметов құрылысшыларға бұл ғимараттың бұрынғы кеңестік уақыттан бері жақсы сақталған сыртқы қасбетін өзгеріссіз қалдыруды, сонымен қатар бұрын акт залы болған аумақты спорт зал етіп қайта жасауды тапсырды. Себебі қасындағы мектептің спорт залы кішкене, ауыл тұрғындарына спортпен шұғылдануға тарлық етіп келеді. Ал былтыр қарашада басталған, жалпы құны 87 млн. теңгелік жөндеу жұмыстарын асықпай сапалы жүргізіп, 1 маусымда іске қосуды жүктеді.
Аймақ басшысы Солдатово орта мектебінде болып, бұған дейін аяқталған жөндеу жұмыстарын аралап көрді, ұстаздар қауымымен әңгімелесіп, білім сапасын сұрап білді. Естеріңізде болса, аймақ басшысы мектепті жөндеуге былтыр тапсырма беріп, облыс бюджетінен сегіз миллион теңге бөлген болатын. Ол сомаға ғимараттың шатыры мен электр қазандығы жөнделіп, аумағы абаттандырылған, қажетті жиһаздар алынған. Мұндағы жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілгенін атаған Даниал Ахметов кейбір ұсақ-түйек кемшіліктерді маусым айының басына жоспарланған келесі іссапарына дейін түзетіп қоюды жүктеді. Мәселен, акт залының қабырғалары сарғайып, сылақтары қопсыған. Атап өтсек, мектеп 120 орынға лайықталған, ал қазір не-бәрі 60 бала оқып жатыр. Мектеп директоры Әзілхан Ерқасымовқа ҰБТ бойынша облыстық деңгейден төмен болып отырған орташа балды көтеруге, білім сапасын арттыруға қатысты нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар облыс әкімі ауылдың орталығындағы «Тополек» дүкеніне аялдап, ауылдағы халыққа қажетті тауарлардың, азық-түліктің де бағасын білді.
– Ауыл тамаша табиғат аясында тұр. Су әкелдік, мектепті жөндедік, жол бар, мәдениет ғимараты болады. Ауылда дүкендер істеп тұр, баға қолжетімді. Барлық мүмкіндіктерді бұл ауылға жасап отырмыз. Енді мектептегі аз баланың санын көбейту керек, білім сапасын көтеру қажет. Бұған бүкіл ауыл тұрғындары атсалысуы тиіс, – деді Даниал Ахметов.
Ұлттық паркте сирек кездесетін құну да бар
Облыс басшысы Катонқарағай ауылындағы Сейітқамза Ластаев атындағы мектепте болып, жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесін көрді. Білім ордасының жөндеуіне облыстық бюджеттен 12,5 млн. теңге қарастырылған екен. Мектептің асханасын, пән кабинеттерін аралап көрген Даниал Ахметов жақында ғана ашылған робот техникасы сыныбында болып, оқушылардың жетістіктерін тамашалады. Оқушылар аймақ басшысына өздері құрастырған роботтарды көрсетті. Мәселен, 5 сыныптың оқушысы Шалқар Ақатай робот күшік құрастырған. Робот күшік бағдарламалаудың нәтижесінде тамақ ішіп, оны кәдімгідей жұтына алады, тіпті қасына жақындаса, ырылдап белгі береді. Сонымен бірге көзін төмен түсіріп, ренжіп те қалады.

Педагогикалық ұжыммен әңгіме барысында облыс әкімі негізгі салмақты ағылшын тілі мен информатика пәніне салу керектігіне кеңес берді.
– Өздеріңіз білесіздер, қазір интернеттегі ақпараттардың 90 пайызы ағылшын тілінде. Сондықтан өздеріңіз де ағылшынша үйреніңіздер, оқушыларды да соған үйретіңіздер. Біздің алдағы уақыттағы басымдық берер салаларымыз осылар болмақ, – деді облыс әкімі.
Даниал Ахметов осы ауылдағы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің кеңсесінде болып, оның қызметімен танысты. Парк қызметкерлері аймақ басшысына еліміздегі маңызды кешенді қорықтың қазіргі жағдайынан жан-жақты мәлімет берді. Паркті құрудағы басты мақсат – Оңтүстік Алтайдың ерекше экологиялық, ғылыми, мәдени және рекреациялық құндылыққа ие бірегей табиғат кешенін қалпына келтіру және сақтап қалу. Ұлттық паркте қазір сүт қоректілердің 68, құстардың 280, қосмекенділердің үш, бауырымен жорғалаушылардың алты, сүйекті балықтың 17 түрі және 10 мыңнан аса омыртқасыздар бар. Мұнымен қатар, мекеменің бас директорының орынбасары Раушан Қырықбаеваның айтуынша, Ұлттық паркте сирек кездесетін аңдар – қар барысы, тіпті 200-ге тарта құну да есепте бар көрінеді. Олардың бәрі арнайы құрылған фототұзақ арқылы анықталған.
Сондықтан да біздің ортақ мақсатымыз – мемлекеттік табиғи қорды, биологиялық алуан түрлілікті және тарихи-мәдени кешендер мен нысандарды сақтау, – деді облыс әкімі.
Ауданға жасаған жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі №2 аудандық ауруханаға тоқтап, соның базасында «Алтай» курортын құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Соған орай аудандағы кәсіпкерлермен және қоғам өкілдерімен кездесті.
Естеріңізде болса, аурухана ғимаратының тең жартысы пайдаланусыз бос тұрғанын бұған дейін де жазғанбыз. Енді үстіңгі бос қабаттарда шипажай-курорттық нысан құрылмақ. Бос тұрған төрт мың шаршы метр аумақты тиімді пайдалану жоспарын облыс әкіміне облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов таныстырды.
Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, бос орындарда халықтық медицина бөлімшесі, яғни инемен, шөптермен, пантымен, балшықпен емдеу кабинеттері ашылмақ. Басқарма басшысы ғимараттың бір қабатынан оңалту орталығын ашу туралы ұсыныс айтқанымен, бұл облыс әкімінің қолдауын таппады.
– Бізде қазір Алтай ауданының Грехово ауылында оңалту орталығы жұмыс істеп тұр, оның өзі кейде жартылай бос тұрады, екіншісін ашудың қажеті қанша? Бюджет қаржысын мейілінше тиімді пайдалану керек. Әлі де басқа баламаларын қарау керек, ең бастысы, ғимарат бос тұрмауы тиіс, – деді әкім.
Сондай-ақ облыс әкімі жиында катонқарағайлықтардың ауданды дамытуға қатысты қойған сауалдарына да жауап берді.
– Алтай – бүкіл түркі жұртының атамекені. Осы жерде керемет тарихымыз жатыр. Жылына 20 мыңдай турист келеді. Сондықтан бұл жерде туризмді де, медициналық туризмді де дамытуға болады. Бұл ғимаратқа кәсіпкерлер алдымен шетелден келгендерге ұялмай көрсететін жөндеу жасасын, ал біз заманауи медициналық құрал-жабдықтар алып берейік. Келушілерге қажетті кинотеатр, мейрамхана да ашылсын, тіпті қажет болса, Қытайдан білікті дәрігерлер алдырайық. Елімізден сынықшы, тағы да басқа халықтық емшілерді де жинайық. Ал аудан орталығында әуежай ашу мәселесіне келсек, одан гөрі Алтай мен Үлкен Нарын арасына жақсылап жол салған маңызды. Сонда тұрғындар Үлкен Нарыннан Өскеменге екі жарым сағатта жетеді. Дегенмен, бұл мәселені жақсылап ойлану қажет, – деді облыс әкімі.
Дәурен Аллабергенұлы