Қоғам

Халықтың ақ ниетінен туындаған мереке

Халықтың ақ ниетінен туындаған мереке

Кеше Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шараларды Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында өткен концерт түйіндеді. Оған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қатысып, өңір жұртшылығын атаулы мерекемен құттықтады.
Желтоқсанның аязына қарамастан Металлургтер мәдениет сарайының концерт залы лық толды. Рухты ән мен күмбірлі күй кернеген залда өндірістің қарапайым жұмысшылары да, оқушылар мен студенттер де, ақсақалдар мен әжелер де, ұстаздар мен дәрігерлер де отырды. Әуелі облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бұл мейрамның халық арасындағы беделі мен Елбасының әлемдік аренадағы орны жайында ой қозғады.
– Тұңғыш Президент күні – халықтың ақ ниеті мен Елбасыға деген сүйіспеншілігінен туындаған мереке. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен 23 жылда айтулы жетістіктерге қол жеткіздік. Экономика дамып, отанымыз қуатты елге айналды. Әлемдік деңгейдегі әйгілі тұлғамен замандас болу біз үшін зор бақыт, әрі үлкен жауапкершілік. Халықтар мен мемлекеттердің тағдыры ірі тұлғаларға байланыс екенін әлемнің даму тарихы талай көрсеткен. Жиырмасыншы ғасыр мен жиырма бірінші ғасырдың бірінші жартысы әлемге Нельсон Мандела, Ли Куан Ю, Махатхир Мохамад және Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ сынды ірі тұлғаларды сыйлады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ Елбасы экономиканың әр саласында ауқымды реформалар жүргізіп, соның арқасында әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа қол жетті. Әлемдік экономика тәжірибесінде «Экономикалық дамудың қазақстандық жолы» деген жаңа термин пайда болды. Әлемде алғаш болып ядролық қарудан бас тартқан да, ел шекарасын бекемдеп, іргедегі тыныштыққа кепіл бола білген де, астананы Алматыдан Арқа төсіне ауыстыру арқылы еліміздің әлеуетін арттырған да, ішкі тұрақтылықты сыртқы жетістіктердің себепкері ете білген де, халықаралық қарым-қатынаста қауіпсіздік пен бейбітшілікті негіз етіп келе жатқан да біздің Президентіміз. Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ әлемде әділетті де қауіпсіз тәртіп орнатуға қауқарлы «G-Global» коммуникативтік алаңын ұсынды. Бұл жетістіктерге әлі де болса көптеген елдер қол жеткізе алмай келеді. Сіздер мен біздерге осындай айтулы тұлғаның басқаруымен тәуелсіз Қазақстанды құруға атсалысу бақыты бұйырыпты. Бұл жылдар ел тарихындағы алтын жылдар ретінде қалатыны айқын, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.

Халықтың ақ ниетінен туындаған мереке

Бұдан кейін облыс өнерпаздарының мазмұнды концертін Әлмира Нұрғожина мен Вячеслав Ткач бастап берді. Орыс қызы Ольга бастаған күйшілер сахнада сайын даланың текті сарынын әуелетті. «Ладушки» фольклорлық ұжымының қазақ әндерінен шырқаған попуриі, семейлік өнерпаздар нақышына келтіре орындаған түрлі ұлттардың әуендері мерекенің шырайын кіргізді. Концерт барысында мерекенің басты кейіпкері – Елбасының қара домбыраны қолға алып, шабыттана шырқаған сәттерінен бейнекөрініс ұсынылып, Президент салған «Жанерке» әні орындалды. Шуақты әсерге бөлеп, көрерменнің көңілін серпілткен концерт ұлттық киімдер шеруімен түйінделді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button