Қоғам

Халықтар достығы шығармаларына өзек болды

Халықтар достығы шығармаларына өзек болды
Шығыс Қазақстан өнер музейінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған балалар шығармашылығының «Бір ел – бір халық» атты 16-шы облыстық көрме-байқауы өтті. 7 мен 18 жас аралығындағы жас суретшілер бұл көрмеге өздерінің 185 жұмыстарын ұсынды.
Биылғы жылдың тақырыбы ауқымды, әрі, күрделі болды, алайда, байқауға қатысушылар оны ойдағыдай орындап шықты. Өз білімдерін көрсете отырып, балалар қызғылықты жұмыстар ұсынып, кескіндемеде, графикада, сәндік-қолданбалы өнерде шеберліктерінің деңгейі жоғары екендігін көрсетті.
Тарих, салт-дәстүр, мереке, фольклор, Қазақстан рәміздері тақырыптарына «Беташар», «Қоштасу», «Айтыс», «Наурыз мерекесі», «Мерекелік дастарқан», «Қазақтың қымызы», «Біздің қуаныш», «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» сияқты көп жұмыстар ұсынылған екен. Ол жұмыстардың барлығынан да балалардың өз істеріне шынайы беріле, қызыға атқарғандықтары сезіліп тұр. Қазақстандағы көпұлттылық, этносаралық қатынас тақырыбы көрмеге қатысушылардың бүкіл шығармашылықтарына өзек болған. Бұл бағыт әсіресе, «Бір шаңырақ астында», «Достық биі», «Мерекелік ас», «Мәңгі бірге», «Біз – бір елдің балаларымыз», «Өзбек биі» жұмыстарында кеңірек ашылған.
Жас суретшілердің көптеген жұмыстары туған табиғаттың әдемілігін паш етеді. Олар табиғаттың сыртқы көрінісін ғана емес, белгілі бір мезгілдерге тән өзіндік ерекшеліктерін тап басып, дәл байқай білген. Олар: «Туған өлкенің күзі», «Туған дала төсінде», «Көктем лебі», «Бақтар гүлдеді», «Қысқы пейзаж». Балалар Қазақстанның жануарлар әлемін де ұмыт қалдырмаған.
Ашық, пластикалық образдарды, күрделі, көппішінді композициялардағы тапқырлықты, жұмыстарға әр, көтеріңкі көңіл күй, қанық реңк пен әуезді әуен беріп тұрған әсем бояуларды көргенде бейжай қалудың өзі мүмкін емес. Көрме соншалықты жарқын, мазмұнды, қатысушылардың тым жастығына қарамай, терең мағыналы болды. Сондықтан да КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Николай Аштема жетекшілік еткен қазылар алқасына жүлделі орындарды анықтау оңай болған жоқ.
[center]Халықтар достығы шығармаларына өзек болды

Алайда, бәйгенің аты бәйге. Көрменің биылғы бас жүлдесін «Қоштасу» туындысымен риддерлік Дарья Шипиленко және «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» атты суретімен өскемендік Дарья Чернышова жеңіп алды. Арнайы тағайындалған «Көрермендер көзайымы» сыйлығын мәдениет қызметкерлері облыстық кәсіподағының төрайымы Любовь Князева Астана қаласынан көрмеге алғаш рет қатысып отырған жас суретші Әділбек Нұрсаяға тапсырды.
Кескіндеме, графика, қолданбалы өнер бойынша шығарылған байқау қорытындысы бойынша бірінші орынға 20 бала, екінші орынға 25 бала, үшінші орынға 30 бала ие болды. Риддер, Зырян қалаларының, Аягөз, Көкпекті аудандарының жас суретшілері белсенділік танытып, өз туындыларымен көпшілік көрерменді қуантқанын атап өткен орынды. Мәселен, Аягөз ауданының Қызылқия орта мектебінің оқушылары – Диас Жылысов пен Адина Советбаева өздерінің «Қазақтың қымызы», «Бір ел – бір халық» туындыларымен байқаудың бірінші жүлдесіне ие болса, осы мектептің оқушысы Айым Ахметқанова «Құмыра ұстаған қыз» атты суретімен облыстық байқаудың екінші орнына ие болды. Көрмеге келушілер сондай-ақ, Көкпекті ауданы, Самар ауылындағы Ж.Болғанбаев атындағы мектептің оқушысы Өміртаева Ақботаның бірінші жүлдеге ие болған «Отырар қақпасы» атты туындысын қызыға тамашалады.
Жүлдегерлерге де, олардың тәлімгерлеріне де сый-сияпаттар тапсырылып, әннен шашу шашылып, жылы лебіздер айтылған соң, көпшілік көрермен екінші қабаттағы көрме залына көтеріліп, балалар шығармашылығымен кеңінен танысты. Бұл көрме шілде айына дейін жұмыс істеп, келушілерге тамаша көңіл күй сыйлайтын болады.

Айтмұхамбет Қасымов,

музейі қызметкері

Осы айдарда

Back to top button