Қоғам

«Халқым» деп жүріп «халық жауы» атанған Хабиб

«Халқым» деп жүріп «халық жауы» атанған Хабиб


Кеңес дәуіріндегі солақай саясаттың құрбаны,қуғын-сүргін мен ашаршылық нәубетіне қарсы шығып, әділдік іздегені үшін өзі де жалаға іліккен, ақталып шыққаннан кейін, өз еркімен қолына қару алып, сұрапыл соғыста хабарсыз кеткен Хабиб атам жайында баяндамақпын.

Нағашы атам Хабибтің әкесі Молдағали діндәр адам болған, намазын қаза қылмаған. Сейітбаттал, Фазыл молдалар балаларын Шөптікөлдегі (Жаңатілек ауылында) мешітке діни оқуға бергенде, кенже ұлы Хабиб діни оқудан гөрі, әдеби кітаптарды жақсы көрген екен. Әкесі оған кедергі болмаған, ағалары еркелетіп жұмысқа да жұмсамаған,соған орай кенже інілері көп оқыған, қолынан ешқашан кітап түспеген деседі.

Хабиб Молдағалиев 1903 жылы Семей губерниясы Павлодар уезінің №3 ауылында (Жаңатілек ауылында) дүниеге келген. 1917 жылы әке-шешесінен айырылып, қиындық көріп өседі. 1928 жылға дейін байдың малын бағып, күн кешеді. 1927 жылы комсомол қатарына кірген. Сол жылы Семейдегі партия мектебіне оқуға жібереді. 1928 жылы мектепті аяқтап, сол мектепте шаруа меңгерушісі міндетін атқарып қалып қояды. Үш жылдық оқуды бір жыл ішінде үздік аяқтаған. Жұмысын тиянақты істегеннен кейін 1930 жылы партия қатарына өтіп, Бесқарағай ауданына партком хатшысы болып тағайындалады, онда 1932 жылға дейін жұмыс істейді. 1932-1933 жылдары мәдени-насихат бөлімінің басшысы болған. 1933 жылы білімін жетілдіру үшін Алматы марксизм-ленинизм институтына жіберіледі. Оны бітіргеннен кейін, Күршім ауданында 1935-1937 жылдары екінші хатшы болып еңбек етті.Осы жылдары ең озат екпінді ретінде Мәскеу қаласына экскурсияға жіберіледі.

1937-1938 жылдары Семей қаласында «Екпінді» газеті насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.1938 жылдың сәуірінен бастап баспасөз қызметкерлерінің кәсіподағында болған.Сол кезде Семей Қазақстанның мәдени астанасы болды, ондағы зиялы қауым мақалаларын «Екпінді» газетіне шығарып отырған.

1938 жылдың 23-ші сәуірінде жазықсыз жаламен Семей қаласындағы түрмеге отырғызылады. Сонда әйгілі «халық жауы» делінетін 58-ші статьяның 2,7,8,11-ші баптарымен сотталған. 1939 жылдың 23-ші сәуірінде түрмеден аман-есен босап шығуына Министрлер кеңесінің төрағасы болған Георгий Маленков себепкер болады. Ол туралы құжаттар бар. Партиялық съезге Молдағалиев Хабибтің орнына Қазақстан атынан делегат болып басқа адам барған. Сонда жаңағы Маленков: «Где Молдагалиев?» деп сұрап, жазықсыз ұсталып кеткенін біледі. Соның тікелей бұйрығымен босатылып, ажалдан аман қалады. 1939-1940 жылдары денсаулығына байланысты демалыста болған. 1939 жылы толық ақталып, партияға қайта қабылданады. 1941 жылдың сәуір айына дейін Промстрой бригадирі қызметін атқарды. 1941 жылдың сәуірінен Лениногор қалалық комитетіндегі МОПР-дың (Международная организация помощи борцам революций) жауапты хатшысы.

Соғыс басталғанда, Қазақстандағы оқ-дәрі шығаратын бір-ақ зауыт Лениногор (Риддер) қаласында болған. Сол қаладағы зауытты қадағалаған.Аштық жылдары төрт ағасын – Хамит, Махмет, Мұхит, Хасенді Риддерге көшіріп алған. Солардың ұрпақтары қазір«Хабиб атамыз болмаса, біз де болмас едік» деп айтып отырады.

Хамит атам Павлодар қаласының болыс имамы болып, Мәһшүр Жүсіппен сырлас, замандас болса, Махмет атам Берлинге дейін жауды тысқырып, жеңіс туын желбіретіп келген. Мұхит атам Ақмола-Павлодар темір жолы саласының ардагері атанса, Хасен атам соғыста екі аяғынан айырылып, туған топырағында көп ұзамай көз жұмады. Аталарымның арғы атасы, бабамыз Тілеуқабыл Абылай хан батырларының бірі болған.Кенже інілері репрессияға ұшыраған кезде, ағайындылар бір түнде Жаңатілек ауылына қайта көшіп келеді.

1942 жылы соғысқа өз еркімен аттанып, политрук қызметін атқарады. 1943 жылғы сұрапыл соғыста хабарсыз кеткен. Кейіннен Италияның Пиза қаласында жерленгені анықталды.Тұтқынға түсіп, одан қашып шығып, итальян партизандарына қосылған болуы керек.Қазіргі кезде материалдар жинақталып, зерттелуде.

Зайыбы Мұғалима Жылқайдарқызы – Абай ауылының тумасы, туған атасы Тастанбек би Абайдың досы болған, руы Тобықты. Соғыс жылдары Жаңатілек ауылында тұңғыш тракторшы қыз атанған тыл ардагері.Сталиннің қолы қойылған грамота мен медалінің құжаты балаларында сақталған.

Берік Ескендіров

Осы айдарда

Back to top button