Халықтың сенімі – ең маңызды құндылық
Орталық сайлау комиссиясы ел Президентінің кезектен тыс сайлауында дауыс санау қорытындысын жариялады. Қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 456 392 адам дауыс берді, бұл – 20 қарашада учаскелерге келгендердің жалпы санының 81,31 пайызы.
Бюллетеньге ел Президенттігіне алты кандидат және «Бәріне қарсымын» деген баған енгізілді. Қарақат Әбден үшін 206 206 (2,6 пайыз), Нұрлан Әуесбаев үшін 176 116 (2,22 пайыз), Жигули Дайрабаев үшін 271 641 (3,42 пайыз), Мейрам Қажыкен үшін 200 907 (2,53 пайыз), Салтанат Тұрсынбекова үшін 168 731 (2,12 пайыз) адам дауыс берді. «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 сайлаушы (5,8 пайыз) белгіледі.
20 қарашада дауыс беруге барлығы 8 300 046 адам қатысты, деп хабарлады ОСК. Сайлаушылардың қатысуы 69,44 пайызды құрады.
Шығыс Қазақстан облысында дауыс беруге сайлаушылардың 79,49 пайызы қатысты.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 53 шет мемлекетте сайлаушылардың жалпы саны 12 841 адамды құрайтын 68 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеген. Келушілер саны 88,47 пайызды құрады.
Дауыстарды санау түні Қасым-Жомарт Тоқаев өз командасымен бірге болды. Президент республикалық қоғамдық штабқа барып, «Ашық қоғам» халықаралық өңірлік зерттеулер институтының сайлауда өткізген Exit poll нәтижелерімен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев штаб мүшелері алдында сөйлеген сөзінде аяқталған сайлау науқанын тарихи деп бағалады.
– Бұл науқанның тарихымызда қалары сөзсіз. Exit Poll нәтижелері жарияланды. Әрине, біз сайлаудың ресми қорытындысын күтеміз. Дегенмен, халық маған Президент ретінде және сіздердің баршаларыңызға зор сенім білдірді. Халықтың сенімі – ең маңызды құндылық. Біз халықтың бұл сенімін ақтауымыз қажет. Сондықтан бүгіннен, яғни 21 қарашадан бастап бәріміз жұмысқа кірісуіміз керек, – деді ол.
Мемлекет басшысы мықты мемлекет құру үшін ең алдымен әділдік орнату қажеттігін атап өтті. Онсыз реформаларды жүзеге асыру мүмкін болмайды. Сондықтан барлық қазақстандықтар біртұтас ұлт, бір қоғам ретінде бірігіп, осы жұмысқа кірісуге тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сайлау заңға сәйкес өтті, Президенттікке барлық кандидаттарға тең мүмкіндіктер берілді.
– Олар өңірлерге еркін барып, сайлаушылармен кездесті, үгіт жүргізді. Ешкімге шектеу болған жоқ. Әр сайлаушыға таңдау еркіндігі берілді. Осылайша, бұл науқан әділ әрі ашық өтті, – деп атап өтті ол.
Мемлекет басшысы президент сайлауы жаңа саяси дәуірді бастайтынына және алдағы уақытта биліктің барлық негізгі институттары реформаланатынына сенім білдірді.
– Біз конституциялық реформаны нақты және дәйекті түрде жүзеге асыратын боламыз. Біз елдің саяси құрылымының жаңа формасына көшеміз. Экономикада түбегейлі өзгерістер болады. Біз азаматтардың әл-ауқатын арттыратын боламыз. Осы мақсаттардың барлығын жүзеге асыру үшін бізге бірлік қажет. Сондықтан мен сіздерді бірлікке шақырамын! – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, дауыс беру күні сайлау рәсімдерін Президенттікке кандидаттардың 11 мыңнан астам сенімді тұлғасы, шет мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан 641 байқаушы, саяси партиялардан 15500 байқаушы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан астам байқаушы бақылады.
Сондай-ақ сайлау учаскелеріне отандық БАҚ-тың 1225 өкілі, 23 шет мемлекеттің 41 бұқаралық ақпарат құралы атынан 106 аккредиттелген журналист қатысып, сайлау барысын жариялады.
Орталық сайлау комиссиясы өз атына және аумақтық сайлау комиссияларына ресми түрде келіп түскен барлық өтініштер заңда белгіленген тәртіппен қаралатынын және олардағы мәліметтер расталған жағдайда олар бойынша заңда көзделген шаралар қабылданатынын атап өтті.
Айгүл Биданова