Қоғам

ХАЛЫҚТЫҢ КӨПШІЛІГІ ҚҰҚЫҒЫН БІЛМЕЙДІ

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

2022 жылы облыстағы тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне  тұрғындардан 731 арыз-шағым келіп түсіп, тұтынушыларға  26 миллион теңгеден астам ақша қайтарып берілген.

2019 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде Сауда және интеграция министрлігі құрылып, оның құрамында тұтынушылар құқығын қорғау комитеті өз қызметін бастаған болатын. Комитет пен оның әр облыстағы департаменттерінің міндеті –  тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңдылықтардың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу.

КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАСА, КЕРІ ҚАЙТАРУҒА БОЛАДЫ

Біздің әрқайсымыз күн сайын бір емес, бірнеше түрлі тауарды сатып аламыз, сонымен қатар  қандай да бір сатып алу-сату мәмілесіне қатысамыз,  киім тазалау орнына, дәмханаға, киноға барып, тіпті үйден шықпай-ақ электронды сатып алу жүргізіп, алуан түрлі қызметтерді тұтынамыз.

Сатып алған сүтің іріп кеткен, сақталу мерзімі өтіп кеткен болса, алған жиһазың сапасыз, орнатқан есігің дұрыс жабылмай, интернет арқылы Wildberries-ке берген тапсырысыңыз күткендегідей болмай көңіліңізге қаяу түсіріп жатса, өз құқығыңызды қорғап, облыстағы сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне хабарласуыңызға болады. Телефоны: 8 (7232) 26 72 07. Қызметі –  ақысыз. Мекенжайы: Крылов к, 114. Сонымен қатар қызметі ақылы тұтынушылар құқығын қорғау бірлестіктері де бар.

«Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заң бойынша тұтынушылар құқығын қорғаудың үш сатылы тетігі, яғни, арыз-шағымдарды сотқа дейін қарау тәртібі бар. Бірінші, сатып алушы өз бетімен немесе заңды өкілінің көмегімен сатушыдан құқығын бұзушылықтарды жоюды немесе өз еркімен шығынды өтеп беруді талап етеді. Екінші сатыда сатып алушының арызы тұтынушы құқығын қорғау департаментінің қарауына жолданады. Үшінші сатыда, тұтынушы дауын бастапқы екі сатыда шешу мүмкін болмаса, онда ол сот органдарына жүгінеді. Былтыр біздің департаментке түскен 731 арыздың көпшілігі (460) жазбаша түрде болды, телефонмен –  83, телеграмм бот арқылы 86 арыз түсіп, 95 адам арызын жеке қабылдауға келіп, тапсырды. Қайтарып берілген 26 миллион теңгеден астам ақшаның 14 миллионы азық-түліктік емес сапасыз тауарларға (тұтынушыға айырбастауға немесе ақшасын қайтарып беруден бас тартқан) қатысты қаржы. Тұтынушылардың көпшілігінің құқығы сапасыз тауарларды сатып алу, тұрмыстық қызметтерді сапасыз көрсету, тауарды уақытында жеткізбеу, билеттерді өткізгенде ақшасын қайтарудан бас тарту және электронды тауар саудасы (алаяқтық әрекеттерге тап болу) сияқты сауда-саттықтарда жиі бұзылып отыр. Қазіргі күні халықтың көпшілігі өздерінің тұтынушылық құқығын білмейді, оның заңмен қорғалатынын біле бермейді,  дейді облыстағы сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті башысының орынбасары Қанат Жеңісбекұлы.

«МОМЫШҰЛЫ, 14»-ТІҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА 308 млн теңге ТӨЛЕДІ

Өскеменнің КШТ шағын ауданындағы жаңа үйлерде, әсіресе, Әл-Фараби, Есенберлин көшелеріндегі сапасыз тұрғын үйлерде авторлық, техникалық қадағалаушылардың көздерінен «жасырынып» қалған сорақылықтар жетерлік. Ал екі жыл бұрын Күленов шағын ауданындағы Бауыржан Момышұлы, 14 мекенжайындағы тоғыз қабатты жаңа үйдің тіпті қабырғалары сөгіліп, қаңылтырлары ұшып жұрттың жағасын ұстатты. Сырты жарылған үйдің ішіндегі азынаған суық сол үйді несиеге сатып алғандардың жүйкесін тіптен жұқартып,  уайымын үдетті. Әкімдіктен, ешкімнен қайыр болмаған соң тауқымет арқалаған тұрғындар ақыры облыстағы тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне арыз-шағымдарын айтып барған.

–  Осындай сапасыз тоғыз қабатты үйді салған құрылыс компаниясы банкрот болып кеткен. Бауыржан Момышұлы, 14 мекенжайындағы тұрғындар шағым түсірген соң біздің департамент қаладағы «Аманат» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігімен бірге сотқа талап арызын түсірді. Департамент анықталмаған жеке тұлғалар тобы бойынша ғана талап-арызын бере алады, ал тұрғындар анықталған тұлғалар тобы болып саналады, сондықтан талап-арызын беруге осы салада 25 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан аса тәжірибелі «Аманат» бірлестігін тарттық. Сотта  тұрғын үйдің 162 тұрғынының тұтынушылық құқығын қорғап, жеңіп шықтық. Нәтижесінде, тұрғындардың баспаналарын жөндеуге осы құрылыстың инвесторы болған «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ тарапынан  308 млн. теңге бөлініп, үй жөнделді, дейді департамент басшысының орынбасары Қанат Жеңісбекұлы.

«Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Заңда көрсетілгендей, барлық тұтынушының сапалы тауар алуға құқығы бар,  бұл ретте Б.Момышұлы, 14 мекенжайындағы тұрғын үйлердің пәтерлері сапасыз тауарларға жатқызылған.

ТҰРҒЫНДАРДЫ ОМБУДСМЕНДЕР ҚОРҒАЙДЫ

Аталған заңның  7-бабына сәйкес тұтынушылардың: тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алуға; тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына; тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге; сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты алуға; моральдық зиянды өтетуге; құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар.

Заң бойынша сатып алушы сатып алғаннан кейін 14 күнтізбелік күн ішінде тиісті сападағы кез келген азық-түлікке жатпайтын тауарларды қайтаруға немесе айырбастауға құқылы, ал сатушы оны қабылдауға міндетті. Тауарды қайтару немесе айырбастау кезінде сатып алушы тауардағы барлық пломбалары және заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжатты ұсынуы тиіс.

Егер қандай да бір себептер бойынша сатып алушы тауарды сатып алу фактісін растайтын құжатты ұсына алмаса, онда сатып алу фактісін растау үшін сатып алушы куәлардың айғақтарына сілтеме жасай алады немесе сатып алу фактісін растайтын кез келген басқа әдістерді пайдалана алады.

Тауарларды айырбастау немесе қайтару мүмкіндігі барлық өнімдерге қолданылмайды. Айырбастауға және қайтаруға жатпайтын тауарлар: 1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар; 2) іш киім; 3) шұлық-ұйық бұйымдары; 4) жануарлар мен өсімдіктер; 5) метрлеп сатылатын тауарлар, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталар, тоқыма және перделік кенеп мата, жасанды тері, кілем бұйымдары, тоқыма емес материалдар, ленталар, шілтер, таспа, сымдар, баулар, кәбілдер, линолеум, багет, пленка, клеенка;

Қазіргі күні тұтынушыларды сан соқтырып отырған сауда-саттық түрінің бірі интернет- дүкендер саудасы. Тауарды интернет-дүкендерден сатып аларда  алдымен ғаламтордан сол интернет – дүкен туралы ақпаратты, тұтынушылар тарапынан жазылған  пікірлерді іздестіріп, оның нарықта қанша уақыт болғанын білу керек. Егер ірі немесе танымал компанияның веб-сайтымен жұмыс істесеңіз, олардың мекенжайы сіздің браузеріңіздің мекенжай жолағында дұрыс жазылғанына көз жеткізіңіз. Қажет болса, дүкен әкімшілерінен заңды тұлға туралы ақпарат беруін сұрап, оны салық органдарының жалпыға қолжетімді дерекқорлары мен заңды тұлғалар тізімі арқылы тексерген дұрыс. Ал сатып алған тауарға көңіліңіз толмаса, талап қоюға болатын мекенжайды алдын ала білгеніңіз жөн.

Елімізде тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Алдағы жылдарда елімізде 19 млн. тұтынушының құқығын қорғау мәселелері жөніндегі омбудсмен институты енгізіледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда, барлық облыстарда кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі  омбудсмендер бар.  Бүгінгі күні Еуропа елдерінде тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институты толық қалыптасқан. Омбудсмендер тұрғындар шенеуніктің, сатушының, кәсіпкердің  әрекетіне қатысты немесе адам құқығының бұзылуына қатысты шағымданғанда ақысыз, жедел әрекет етеді.

Осы айдарда

Back to top button