Сайлау-2022

Халықтың қалауы – Жаңа Қазақстан

Берікхан Тайжігіт

Күні кеше елімізде Қазақстан Республикасы Президентін сайлау аяқталды. «Дидардың» бұрынғы Шығыс Қазақстан облысына қараған (қазір Абай облысы) Үржар, Аягөз аудандарындағы қабырғалы қалың оқырманы осынау саяси науқанның барысы, алған әсері мен болашақтан күтер үміті туралы бізбен бөліскен еді. 

Бүкіл республикамыздың халқы сияқты аталған аудандардың тұрғындары да сайлауға ерекше белсенділікпен қатысты. Осы күні «Жаңа Қазақстанның» Президентін сайлау үшін аягөздіктер өз учаскелеріне қарай ағылды. Көңілдері көтеріңкі, еш алаңсыз таңдауларын жасап жатты. Әрине, бұған аудандағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы мен сайлаушылардың болашаққа деген зор сенімінің де әсері болғаны анық. Жауапты науқанға тыңғылықты дайындықтың болғаны, аудан тұрғындарын барынша ақпараттандыру жұмыстарының  атқарылғаны байқалады. Кезектен тыс Президент сайлауының барысын басынан соңына дейін қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері, сондай-ақ арнайы байқаушылар жіті қадағалап отырды. Айта кетейік, Аягөз ауданында 57 сайлау учаскесінде 41692 сайлаушы тіркелсе, соның барлығы дерлік өз таңдауын жасады.

Бір ерекшелігі, саяси шараға жауапты адамдардың мұрындық болуымен бұл күні әр сайлау учаскесінде әртүрлі шаралар, жәрмеңкелер мен акциялар, естелік сыйлықтар тарату рәсімі және басқа да жұрт көңілін көтеретін бастамалар жалғасын тапты. Мәселен, №306 сайлау учаскесіне ең алғашқы болып келіп дауыс берген Аманжол Қайсеновке сый-сияпат жасалды. Ал Әділет Сейітқазы дәл сол күні 18 жасқа толып, өзінің алғашқы дауысын берді. Оған да арнайы сыйлық табысталды.

– Мен бүгін өз өмірімдегі ең бір маңызды сәттерді бастан кешіп тұрмын. Дәл бүгін 18 жасқа толуыммен сайлау науқанының тұспа-тұс келуі мен үшін өте қуанышты сәт болды. Сондықтан да өзімнің азаматтық борышымды өтеуге талпыныс жасап, өз таңдауымды жасадым, – дейді ол.

Үржар ауданының халқы да сайлауға ерекше ықыласпен атсалысты. Бұл өңірде кезектен тыс өткен Президент сайлауына 46359 сайлаушы дауыс беруі тиіс болса, соның түгелге жуығы өзінің азаматтық міндетін орындады. Жалпы, бұл ауданда 74 сайлау учаскесі бар болса, соның 4-еуі (жабық учаскелер) әскери бөлімдерде болды.

– Сайлаушылардың белсенділігін айтпаса да түсінуге болады. Өйткені, жалпы халық елімізде жақсы жағынан өзгеріс болуын қалайды. Халықтың алдағы жылдардан, демек болашағынан үлкен үміт күтетіні анық. Біз де биылғы саяси науқанның жылдағыдан сәл де болса өзгеше өтуін қаладық. Сондықтан алғашқы келген әр жүзінші сайлаушыға естелік сыйлық табыстауды жөн көрдік, – деді Үржар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Қабсадық Ақбайұлы.

Шынында да биыл сайлаушылар өте жоғары белсенділік танытты. Мәселен, Қарақол ауылы. Мұнда ауылдың жоғары жағындағы Абай көшесінің тұрғындары өздері уатсап арқылы жиылып, 30-40 адам болып келіп дауыс беріп жатты.

– Біздің ауыл тұрғындарының белсенділігі өте жоғары. Олар осынау жауапты науқанды бір кісідей етіп өткізді. Әсіресе, Абай атындағы көше өте ұйымшылдық танытты. Олар осындай жауапты кезде үнемі өздерінің береке-бірлікті ту ететіндіктерін көрсетіп келеді, – дейді Қарақол ауылдық округінің әкімі Марат Мұсабаев.

Осы күні №1004 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп дауыс берген 80 жастағы Тәшкен апа Ахмадиева арнайы сый-сияпатқа ие болды.

Іргелес жатқан бұл екі аудан халқының қазіргі көңіл-күйі жақсы, келер күнге деген сенімі нық. Баршасы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы бастамаларын қуана қолдап, келешектен зор үміт күтіп отыр.

 

Осы айдарда

Back to top button