ТОПЭкономика

ХАЛЫҚТЫ ҚУАНТҚАН КӘСІПОРЫН

Биыл елде күнбағыс майы 16,6 пайызға қымбаттады. Біз жазып отырған жаңа зауыттың облыста күнбағыс майының арзандауына, бағасының тұрақтануына әсері бола ма, жоқ па, белгісіз. Бәрін айт та, бірін айт, Предгорноеда  іске қосылып отырған майлы дақылдар зауытында  жүздеген жұмыс орны ашылып, Глубокое ауданының халқы қуануда.

Бір кездері осы аудандағы кен байыту фабрикасы, кеніштер мен өндірістер жабылғанда ахуалы ауырлап кеткен жұмысшы кенттерінің жұрты қазір Предгорное ауылында ашылған осы майлы дақылдар зауытына барып, жұмысқа тұрып жатыр.  Жылына 400 мың тоннадан астам күнбағыс дақылын өңдейтін өндіріс келер жылдары толық қуатына көшкенде, мұнда 300-дей жан жұмыс істемек. Әзірге 180-ге жуық адам жұмысқа алынған.

Тұрғындар жұмысқа тұрып жатыр

Предгорное ауылындағы бұрынғы элеватор жанынан салынған майлы дақылдар зауытында қазіргі күні аршылған күнбағыс дәні өңделіп, шикі күйіндегі күнбағыс  майы шығарылып жатыр. Күнбағыс дәні өндірісінің ашылғанына бір жыл болса, шикі күйіндегі күнбағыс майы жаздан бастап өндіріледі. Алдағы уақыттарда шикі күйіндегі май өндірісі жобалық қуатына толық көшпек. Бүгінде зауытта барлығы алты өндірістік бөлімше жұмыс істеп тұр.  Жазда ашылған өндірістің бірі – басып-нығыздау бөлімшесіндегі құрал- жабдықтарды түркиялық мамандар өндірістік сынақтан өткізіп, іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізуде.

Өңірлер бойынша  күнбағыс майын өндіруде Шығыс Қазақстан облысы көш басында келеді. Биыл облыста 181 мың тонна май өндіріліп, өндіріс көлемі бір жылда 16 пайызға артқан. Күнбағыс дақылын өсіруден де біздің облыс республика бойынша бірінші орында. Облыста жылына 500  мың тонна шекілдеуік жиналады.

Кәсіпорынның әр бөлімшесінің жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жеткізіліп жатқан шикізаттан бастап, шығарылып жатқан өнімнің бәрі бірнеше сатылы зертханалық тексерулерден өтеді. Өндірілген дайын өнім экспортталатын елдердің сапа жүйелері стандарттық талаптарына сай болуы тиіс. Май экстракциялау – өте күрделі тамақ өндірісі. Бақылау-өлшеу аспаптарымен, автоматты құралдармен жұмыс істеу біліктілікті, оқу-тоқумен бірге ұқыптылықты қажет етеді. Қауіпті өндірісте қауіпсіздік техникаларын сақтау да маңызды. Жұмысқа алынған  жұмысшылар кәсіпорынның өз ішінде  оқытылуда. Жетпей жатқан мамандардың кейбірі қаладан келіп істейді.

Зауыт өндірісінің үшінші кезеңі – күнбағыс майын рафинадтау және иіссіздендіру өндірісі 2023-2024 жылдары іске қосылады. Кәсіпорын өндірісіне қажетті жабдықтар Түркия, Украина, Германия, Нидерланд, Болгария елдерінен жеткізілмек. Құны 25 млрд. теңгенің үстіндегі май зауыты кешеніне су, энергия тарту  «Бизнестің жол картасы -2025» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Күнбағыс, соя, рапс тәрізді майлы дақылдардың дәнін өңдеп, дайын өнімдер шығаратын жаңа өндіріс шетелдік озық технологиялы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Автоматтандырылған заманауи цехтар күнбағыс қалдығының өзін де іске жаратуға жағдай жасап отыр. Өндіріс барысында әбден нығыздалып, басылатын күнбағыс қабығының шақпақтары кәсіпорынның өз қазандығына, ғимараттарды жылытуға, технологиялық үдерістерде пайдаланылатын буды алуға қажетті отын ретінде қолданылуда. Жылуы көмірден кем түспейтін көрінеді. Күлі де аз. Қоршаған ортаға күкірт қышқылы сияқты улы газ бөлмейді.

Майды сығып, экстракциялаудан кейін қалған күнбағыс қалдығы  – күнжара мал жеміне қосылатын дайын өнім ретінде пайдаланылып жатыр.

Предгорноедағы «Алтын Шығыс» ЖШС-нің  майлы дақылдар зауыты кешені басшысының орынбасары Павел Писаренконың айтуынша, қазір кәсіпорын өңірдегі шаруа қожалықтарынан күнбағыс дақылын  молынан сатып алып жатыр. Облыстағы шаруашылықтардың бәрі болмаса да, көпшілігі өз өнімдерін осы зауытқа өткізгенімен, мынандай қуатты өндіріске оның өзі де аздық етеді екен. Аймақта жыл сайын 500 мың тонна көлемінде жиналып келе жатқан күнбағыс зауыттың 400 мың тоннадан асатын жылдық қуатын толық жаба алмайды. Осыншама күнбағысты өңдей алу үшін керекті шикізатты шығыстан ғана емес, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан, Ресей жақтан сатып алу жолдары қарастырылып, келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Шағын кәсіпкерлікке шапағаты тимек

Күнбағыс майына деген сұраныстың артуына байланысты бүгінде аталған өндіріс агроөнеркәсіптік кешеннің неғұрлым перспективалы және тез дамып келе жатқан салаларының біріне айналып отыр. Тамақ пісіруге ғана емес, бояу өнеркәсібінен бастап, сабын жасау мен косметология индустриясына дейін қолданылатын күнбағыс майы  қазақстандықтармен қатар, бүкіл әлемдегі сатып алушылардың тұтыну қоржынында ерекше орын алады.

«Алтын Шығыс» ЖШС  майлы дақылдар өндірісі зауытының «Алтын Шығыс» брендті күнбағыс майы бірер жылдан соң отандық нарыққа шығып, шетелге экспортталып, тұтынушылардың таңдап сатып алар өніміне айналмақ. Ең бастысы, зауыттың екінші кезегі сәтімен іске қосылып, цехтар зырылдап істеп жатыр. 2019  жылы зауыт құрылысы енді басталғанда бір үміт, бір күдікпен қараған халық енді жаңа өндіріске жұмысқа алынып, табыс тауып жатыр. «Алтын Шығыс» ЖШС май зауыты келешекте Глубокое ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң серпін берері сөзсіз. Қазірдің өзінде жергілікті жұрт кәсіпорынның игі ықпалын сезе бастаған. Өндірісті қажетті сумен қамту үшін зауыт ауылдағы ескі су жинау бөгетін қайта жарақтандырып, жөндеуден өткізген. Сөйтіп, биылдан бастап тұрғындарға су тоқтаусыз келіп жатыр. Зауыт басшылығы кәсіпорынға шикізат тасуға, жұмысшыларды жеткізуге жергілікті жерлердегі кәсіпкерлердің қызметін, аралас кәсіпорындардың қызметін пайдаланбақшы. Ірі кәсіпорынның айналасында осылайша ауданда шағын және орта кәсіпкерлік белдеуі дамып жатса, аудан тұрғындарының табыс көзі де көбейері  анық.

Жанаргүл Мұқатай

 

Осы айдарда

Back to top button