ТОП

Халыққа тегін заңгерлік көмек көрсетілді

Азамат Темірбеков

Облыс орталығында өткен «Халық заңгері» республикалық акциясына қырықтан астам мемлекеттік органдар мен ұйымдар қатысып, тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетті.

13 қыркүйек күні еліміздің барлық ірі қалаларында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өткізілді. Бұл жолы іс-шара Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғимаратында ұйымдастырылды.

Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заңнамалық көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында өңірдің кез келген тұрғыны еліміздің заң саласындағы ең үздік мамандарынан кедергісіз кеңес ала алды. Халыққа заңгерлік көмек көрсетушілер арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары мен мемлекеттік органдардың басшылары болды.

Акция Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, «Zakon.kz» желілік басылымының, «Параграф» ақпараттық жүйесінің, мемлекеттік билік органдары мен еліміздің үздік заңгерлерінің ұйымдастыруымен өткізілді.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған көптеген іс-шаралар ұйымдастырады. Солардың бірі – бүгін өткізіліп жатқан – «Халық заңгері» акциясы. Бұл іс-шараның пайдасына еш күмән жоқ. Өйткені бүгінгі мүмкіндік аясында толғандырған мәселесімен келген тұрғындар заңгерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері тарапынан толыққанды жауап алып, өзекті мәселелері бойынша арыз-шағымдарын қалдыра алады. Бүгінгі іс-шараға қырықтан астам мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері және де заңгерлер, адвокаттар, нотариустар қатысып отыр. Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстары бізде екі бағытта жүргізіледі. Атап айтсақ, бірінші бағытымыз сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстарды анықтау, ашу, сотқа жолдау және тергеу болса, екінші бағытымыз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан акция болуы мүмкін сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу бағытында атқаралып жатқан іс-шара болып саналады, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев.

Бұл іс-шараны жылына бір рет өткізіп тұрудың қатып қалған қағида емес екенін алға тартқан ол акцияның халықтың сұранысына қарай ұйымдастырыла беретінін атап өтті. Дей тұрғанмен, бір уақытта осыншама маманның басын бір жерде тоғыстырудың қиын екенін айтқан басқарма басшысы осындай мүмкіндікті пайдаланып қалудың қарапайым азаматтар үшін маңызының зор екенін де тілге тиек етті.

– Ұйымдастырылған іс-шараға әділет органдары тарапынан сауалдары бар азаматтарға көмек көрсету үшін келдік, – дейді облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Ермек Қорабаев. – Біздің құзыретімізге орындаушылық құжаттардың орындалуын бақылау, сондай-ақ коммерциялық емес заңды тұлғалардың тіркелуін, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамының жұмысын бақылау құзыреттері кіреді. Яғни, азаматтардың хал актілерін, жылжымайтын мүлікке деген құқықтарын, авторлық құқықтарын тіркеуді бақылаймыз.

Акцияда құқықтық көмек алуға ниет білдірген тұрғындардың қарасы мол болды. Шара барысында халық тарапынан адвокаттар мен заңгерлердің, сонымен қатар нотариустардың, салық органдары мен әділет органдарының ерекше сұранысқа ие екендігі байқалды.

– Бүгінгі акцияға түрлі бағыттар бойынша жұмыс істейтін 12 заңгер қатысып отырмыз, – дейді Шығыс Қазақстан облысы бойынша заңгерлер палатасының төрағасы Алтынай Аринова. – Олардың ішінде отбасылық құқық, мұрагерлік құқық, шаруашылық және корпоративтік құқықтар бойынша, яғни, халық арасында жиі кездесетін мәселелермен айналысатын заңгерлер бар. Қазірде көптеген азаматтар мұрагерлік құқыққа алты ай ішінде нотариусқа арыз жазу жайын білмейді. Уақытын өткізіп алып, артынан барлығын сот арқылы шешуге мәжбүр болып жатады. Отбасылық құқық дегеніміз, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға, жұмысқа жарамсыз ата-ана мен жұбайына алимент тағайындау мәселелері.

Маманның айтуынша, корпоративтік құқық саласында заңды тұлғалар арасындағы келіспеушілік, ал шаруашылық құқық саласында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану, үй салу және оны пайдалануға беру бағыттарында көптеген мәселелер туындап жататын көрінеді. Сондай-ақ тұрғындар арасында тұрғын үй қатынасы мен банк саласындағы мәселелер де өзекті.

Осылайша, бүгінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан игі шараның басталғанына жеті жылдың жүзі болған. Жалпы, 2016-2019 жылдар аралығында акцияға жеті мыңнан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзыретке ие өкілдері қатысып, жүз мыңнан астам азамат құқықтық кеңес алуға жүгінген.

Айта кетсек, карантиндік шектеулер енгізілген кезде акция уақытша тоқтатылып, үстіміздегі жылы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлар түзелген соң қайтадан өткізіле бастады.

Осы айдарда

Back to top button