ЖаңалықтарТОП

Халықаралық бүркітшілер фестивалі басталды – ШҚО

Қыран бүркіт, ұшқыр тазы ерткен аңшылар шығыстың даласында қиқу салып жүр. Өйткені бүгін ШҚО-да «Шығыс салбурыны-2023» халықаралық бүркітшілер фестивалі басталды.

Фестивальда 70-тен астам бүркіт, 10-нан астам сұңқар мен қаршыға, 30-дан астам тазы сайысқа түспек, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Түз тағысының тілін тапқан құсбегілер Ұлан ауданы Бозанбай ауылының іргесіндегі Бүркіттөбеде қыранының бабын, тазысының бағын сынға салатынын бұған дейін де хабарлаған едік.

Салтанатты ашылу рәсіміне Моңғолия, Қытай, Ресей, Қырғызстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған құсбегілер қатысты. Фестиваль құсбегі қарияның батасымен басталды.

Бүгін құсбегілер іріктеу кезңінде және жартылай финалда қырандарын сайысқа түсіреді. Ал финалдық кезең мен асау үйрету, тазы жүгірту сайыстары ертең, яғни, 25 қарашада өткізіледі.

– Ұлан ауданында бүркітшілер фестивалі осымен үшінші рет ұйымдастырылып жатыр. Әуелгіде облыстық деңгейде өткізгенбіз. Енді, міне, облыс әкімінің қолдауымен халықаралық деңгейде 5 елдің бүркітшілерінің қатысуымен өткізгелі отырмыз. Фестиваль қонақтары қыраннның алғырлығын, сұңқар мен қаршығаның ептілігін, жүйрік тазының жарысын тамашалайтын болады. Бұл біздің жастарға рух беру үшін керек, – деді Ұлан ауданының әкімі Думан Рахметқалиев.

Фестиваль өтіп жатқан Бүркіттөбе басына құсбегілер мен көрермендер үшін 16 киіз үй тігілген.

Автор: Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button