Қоғам

Халықаралық жоба биыл да жалғасады

Халықаралық жоба биыл да жалғасады

Кеше «Алтай» технопаркінде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен ЮНИСЭФ – Спешиал Олимпикс бағдарламасы таныстырылған дөңгелек үстел өтті. Жиынға сондай-ақ, ЮНИСЭФ-тің Қазақстан Республикасындағы өкілі Джун Кукита, Спешиал Олимпикс қозғалысы жаһандық даму департаментінің вице-президенті Дэвид Евангелиста, Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қатысты.
2012 жылдан бері осы халықаралық ұйымдармен бірлесе облыс аумағында жүзеге аса бастаған «Зияткерлік мүмкіндігі шектеулі балалар үшін инклюзивті қоғамды ілгерілету» жобасы биыл да жалғаспақ. Өткен бір жылдың ішінде түрлі демеушілер мен халықаралық ұйымдардың, жергілікті серіктестіктердің көмегімен жиыны 185 мың АҚШ долларын тартып, бес бірдей бағдарлама бойынша жұмыс істеген бұл жоба тек жарымжан балаларға көмек көрсетіп қана қоймай, волонтерлік қозғалыстың бұқаралық сипат алуына септігін тигізген.
Аймақ басшысы осындай маңызды жобаның тұсаукесері Шығыс жерінде өткізілуі көңіл қуантатынын атай келе, өңірде аталмыш бағдарламалардың көмегіне 4300 баланың мұқтаж екенін жеткізді.
– Жетім мен жесірді, мүгедек пен жарымжанды жебей жүру – қазақ халқының қанына сіңген қасиет. Облыстағы 11 мың мүгедек баланың үштен бір бөлігінен астамы жарымжандар болып саналады. Елбасы тапсырмасына сәйкес, бұл балалардың қоғам өміріне мейлінше еркін кірігуіне барлық жағдайлар жасалып жатыр. Сіздердің қызметтеріңізге мұқтаж балалар көбінесе Өскемен, Семей, Риддер, Зырян, Аягөз қалаларында шоғырланған. Олардың барлығы жобаның игілігін бүгінге дейін сезініп үлгерді. Ал Үржар ауданында облыстағы арнайы мамандандырылған екі мектеп-интернаттың бірі орналасқан. Тағдырдың сынағына тап болған кішкентай отандастарымызды спорттық шараларға қатыстырып, медициналық көмек көрсетумен ғана шектелмей, үйіне барып және қашықтан оқыту жүйесін жолға қойып отырмыз. Ал «Титан» ат фермасының базасында ашылған иппотерапиялық орталықтан жылына 50 бала емделіп шығуда. Оның құрылысына облыс бюджетінен 180 млн. теңге бөлінсе, ғимаратты ұстап тұруға жыл сайын 60 млн. теңге жұмсалып отыр, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
ЮНИСЭФ өкілі Джун Кукита Шығыс Қазақстан облысы ұйымның еліміз бойынша осы жобаны жүзеге асырудағы басты серіктесі екенін атады. «Мұндай жандар үшін ұйымдастырылатын бос уақытты қызықты өткізу шаралары мен спорттық жарыстардың маңызы зор. Оған бүгін Өскемен қаласында болу арқылы тағы бір рет көз жеткіздік. Өткен жылы сіздердің волонтер жастарыңыздың арқасында қоғамның назарын осы мәселеге түбегейлі аудара алдық деп ойлаймын. Сонда іске асырылған бес бірдей бағдарламаны биыл жалғастырмақпыз. Оған жергілікті атқарушы билік қолдау танытады деп үміттенеміз», – деді Джун Кукита.
Ал Спешиал Олимпикс өкілі Дэвид Евангелиста дамушы елдердің көбінде бұл мәселенің шешімін таппаған тұстары бар екенін мәлімдеді. Әсіресе, мектеп білімінен шетте қалған жарымжандар өзгелерден қарағанда алдау мен арбауға әлдеқайда жиі ұшырайтынын айтады. Әйтсе де Шығыс Қазақстанның екі жыл ішінде жобаны өз ішіне сыналай енгізіп, жеткен жетістіктері елеулі екенін де атап өтті.
Жобаның облысымыздағы үйлестірушілері Ольга Свириденко мен Бьорн Кёлер өткен жылы атқарылған шаралардың қорытындысын жариялап, тап болған кедергілер мен биылғы іс-шаралар жоспарына тоқталды. Ольга Свириденконың айтуынша бір жыл ішінде жоба аясында 245 медицина студенті мен 49 денешынықтыру мұғалімі жарымжандарға волонтерлік қызмет көрсету тәжірибесін жинақтаған. 400-ге жуық бала арнайы скринингтен өтіп, соның 42-сінен ауытқудың ауыр белгілері анықталған. Жарымжан балалары бар 75 отбасы денсаулық форумына қатысып, аталмыш балалардың тәрбиесі мен күтіміне байланысты кеңестер алған. Ең бастысы, осындай қиындыққа тап болған отбасылар мен жергілікті атқарушы орындар арасында диалог алаңы қалыптасса керек. Ал Бьорн Кёлер жобаны жүзеге асыру барасында кейбір атқарушы органдардың мәселеге енжар қарап, белсенділік танытпауы ең үлкен кедергі болғанын мәлімдеді. Биыл аталмыш бағдарламалардың барлығы ауылды жерлерге бағытталатыны да айтылды.
Депутат Зағипа Балиева алты баланың анасы ретінде де бұл мәселе оны қатты алаңдататынын жеткізе келе, зияткерлік мүгедектікпен күрестің негізгі жолы салауатты өмір салтын ұстану деп есептейтінін айтты. Сондай-ақ, Зағипа Балиева Өскемендегі «Үміт» балалар үйі мен кітапханаларды аралау барысында облыс басшылығының бұл бағытта қыруар істер тындырып жатқанына көз жеткізгенін ерекше атады.
Ал Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова облысымыздың бұл тұрғыдағы жетістігін өзге өңірлерге таратса деген ұсыныс айтты. Жиынды қорытындылаған облыс басшысы айтылған ұсыныстарды құптай келе, жобаны жүзеге асыруға селқос қараған атқарушы органдар мәселесін қарауды орынбасары Жақсылық Омарға тапсырды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button