Қоғам

Халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігі зор

Халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігі зор

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Ресейдің белгілі ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері мен студенттері алдында еуразиялық интеграция тақырыбында келелі дәріс оқыған болатын. Осыған орай кеше С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ғалым-оқытушылары Назарбаевтану орталығына жиналып, Елбасы дәрісінде айтылғандарға қатысты ой-пікірлерін білдірді.
Университеттің философия кафедрасының профессоры Марат Мағзұмов бүгінде интеграция ұғымы халықаралық терминге айналып отырғандығын айтады. Әсіресе, ТМД елдері үшін брендке айналған ұғым болып отыр. Ал Елбасымыз бұл мәселенің маңыздылығын осыдан жиырма жыл бұрын көре біліп, Ресейдің оқытушы ғалымдары алдында алғаш қозғаған болатын. Бүгінгі жаһандану заманы сол кезде айтылған дүниенің өміршеңдігін дәлелдеп беріп отыр.
Марат Мағзұмовтың айтуынша, халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін содан бері барша әлем жұртшылығы, дамыған елдер басшылары мен саясаткерлер, қоғам қайраткерлері түгелдей мойындап, соған орай әрекет етуге ұмтылып отыр.
– Бүгінгі таңда ешқандай мемлекеттің жападан жалғыз экономикасын дамытып, жаһандық өркениет көшіне ілесе алмасы анық. Жаһанданудың көптеген мемлекеттерге үлкен сын болып отырғаны анық. Жаһандық қауіп-қатерлер, оның ішінде экономикалық, қаржылық дағдарыстар барлық мемлекеттерге ауыртпашылығын сездіруде. Сондықтан оның алдын алып, әлемдік үшінші толқынына төтеп беру және еңсеру үшін алыс-жақын шет мемлекеттермен халықаралық экономикалық ынтымақтастық аса қажет, – дейді профессор М.Мағзұмов.
Сонымен бірге, ол қазіргі Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің арасындағы Кедендік одақтың жұмысы ТМД елдері кеңістігіндегі Еуразиялық экономикалық одақтың бастамасы екендігін, оны әрмен қарай тереңдете дамыта түсу бүгінгі күннің басты талабы екендігін жеткізді. Ең бастысы, бұдан мемлекетіміз ұтпаса, ұтылмайды.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ саясаттану кафедрасының профессоры Жасталап Қажым Елбасының бұл дәрісі дәл уақытында айтылғандығын атап көрсетті.
– Көптеген адамдар бұл бастама ертең біздің мемлекеттілігімізге қауіп төндірмей ме дегенді алға тартады. Оның ешқандай қорқынышы жоқ. Соған сәйкес интеграциялық қарым-қатынастарды реттейтін заң қабылданатын болады. Тек осының бәрін халыққа қарапайым тілмен түсінікті етіп жеткізіп беру керек. Интеграция қазіргі кезде өте қажет. Себебі, әлемде ешқандай мемлекет жеке-дара дами алмаған. Дамыған елдердің өзі экономикалық байланыстар іздейді. Олар осыған мүдделі, ынталы, – дейді ол.
Профессор Жасталап Қажым бұл ретте елімізде білім мен ғылымды, нанотехнологияларды меңгерген мамандардың біліктілік деңгейі жоғары болуы қажеттілігін атап көрсетті. Сонда ғана интеграция мәселесінде әлемдік елдермен теңесе алмақпыз. Ғалым осының бәрі Президенттің Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде кеңінен айтылғанын жеткізді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button