Халықаралық ядролық отын банк құрылады
«Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Юрий Шахворостов пен оның орынбасары Александр Гагарин МАГАТЭ-нің төмен деңгейде байытылған уран банк туралы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.
– Өскемен қаласы тұрғындары, экологтар, жалпы жұртшылық өз тараптарынан ядролық отын банк мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Азаматтар бұл мәселе туралы барлық ақпараттарды білуге заңды түрде құқығы бар. Осыған орай ел ішінде біршама түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр, – деп бастады сөзін баспасөз мәслихатында Юрий Шахворостов.
Басқарма төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта көптеген мемлекеттер электр энергиясымен қамтамасыз етудің мүмкіндігін атом энергетикасымен түбегейлі байланыстырып, дамытуды көздеп отыр. Ядролық отын өздігінен қауіпті емес. Алайда, атом бомбасының негізі болып табылатын жоғары байытылған уран мен плутоний жасау үшін қолданылуы мүмкін. Сондықтан МАГАТЭ ядролық материалдарды таратуды және пайдаланылуын, сонымен қатар жоғарыда айтылған технологияны тек өзі ғана бақылайды.
2006 жылы ядролық материалдарды таратпау мәселесіне байланысты Халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттікте төмен деңгейде байытылған уран банкін құру қолға алынды. Бұдан былай осы агенттікке мүше мемлекеттердің атом стансаларына ядролық отынды кепілді жеткізуді қамтамасыз етуді іске асырады. Халықаралық сертификатталған стандартты контейнерлерде 60 тоннаға дейін төмен деңгейде байытылған уран Өскеменде сақталатын көрінеді. Ядролық материал МАГАТЭ иелігінде болады.
Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру саясатын негізге ала отырып, 2009 жылы ядролық отын банкісін Қазақстан аумағында орналастыру жөнінде бастама көтерген. Өз аумағында төмен деңгейде байытылған уранды орналастыруға бірнеше мемлекет өтінім берген. Ядролық отын банкін сақтауға ниет білдіруші елдердің ұстанымдарын қарастыра келіп, МАГАТЭ отын банкі ядролық қаруы жоқ және халықаралық агенттік инспекторлары емін-еркін кіре алатын, толығымен ашық елде орналастырылуы тиіс деген факторды ескерді.
Сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі, әлемдегі мемлекеттер арасында уран өндіруден бірінші орын, табиғи уран қоры бойынша екінші орын алатындығы, сонымен қатар бұл банкті сақтайтын орынның болуы ықпал етті.
Ядролық отын банкісін орналастыру үшін Қазақстан МАГАТЭ-нің назарына мамандандырылған өндірістік инфрақұрылымы және төмен деңгейде байытылған уран банкісінің қорларын сақтауды қамтамасыз ететін білікті мамандары бар «Үлбі металлургия зауыты» АҚ алаңын ұсынды. 2011 жылдың қараша айында МАГАТЭ сарапшыларының техникалық тобы Үлбі металлургиялық зауытының алаңын таңдап алды. Қазіргі кезде тиісті елдік келісім әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталған жоба ядролық қаруды таратпау міндетін шешуге қосқан қазақстандықтардың елеулі үлесі болып табылады.
Сөйтіп, 50 жылдық тәжірибесі бар және онда бұған дейін де ядролық материалдар сақталған осы зауыт таңдалып алынған. Енді Үлбі металлургия зауытында атом электростансаларына арналған байытылған уранның кепілдендірілген көлемін сақтау қарастырылуда. Банк қоршаған ортаға ешқандай зиянын тигізбейді.
Бұл кәсіпорын 40 жылдан астам уақыт бойы ресейлік дизайн реакторлары үшін отын әзірледі. Оған шикізат ретінде уран гексафториді түріндегі төмен байытылған уран пайдаланылды және ол банкіде сақталды. Осы мерзім аралығында бұл отынға байланысты қандай да бір тосын оқиға болған жоқ. Зауытта уақыт сынағынан өткен нормативтен артық шығарылымның жоқтығына кепілдік беретін экологиялық қауіпсіздіктің тиімділігі жоғары жүйесі жұмыс істейді.
1995 жылдан бастап, кәсіпорынның ядролық материалдармен жүргізген барлық жұмысы МАГАТЭ инспекторларының толық бақылауында болды. Кәсіпорынның инфрақұрылымы осы халықаралық ұйымның стандарттарына сай келеді және ядролық материалдарды қауіпсіз сақтауды қамтамасыз етуге дайын. Төмен деңгейде байытылған уранды сақтау үшін қолданыстағы қойманың бір бөлігі беріледі.
Кәсіпорында МАГАТЭ ядролық отын банкісін орналастыруды көздеп отырған уран көлемі Үлбі металлургия зауытының өз меншік қоры ретінде қоймада сақталатын уран мөлшерінің 10 пайызынан аспайды. Уран гексафторидін сақтау үшін МАГАТЭ қауіпсіздіктің барлық халықаралық стандарттарына сәйкес арнайы қатаң сынақтан өткізілген жүкқораптарды пайдалануды жоспарлап отыр. Сондықтан Үлбі металлургиялық зауытында ядролық отын банкі алаңын орналастыру аймақтың қоршаған ортасына ешқандай әсер етпейді.
Бүгінгі күні әлемде атом реакторларын жобалау және салу жөнінде өз қызметтерін ұсынатын біршама компаниялар бар. Олар үшін отын конструкциясы әртүрлі болады. Сонымен қатар, атом стансалары үшін отын әзірлеу технологиясы дайын отын конструкциясынан тәуелсіз жалпы бірқатар операцияларды қажет етеді. Осындай операциялардың нәтижесінде жалпы қолдануға жататын құрамында кемінде бес пайыз изотоп бар U235 байытылған уранның гексафторид өнімі өндіріледі. Тек осы өнімді ғана ядролық отын банкісінде сақтау жоспарланып отыр.
– Соңғы кезде Қазақстан аумағында төмен деңгейде байытылған уран банкі ретінде радиоактивтік қалдықтарды орналастыру қарастырылып жатқан шығар деген күдік те жиі айтылып жүр. Мұндай жағдайлардың орын алуы мүмкін емес. Біріншіден, ядролық қалдықты елге кіргізуге Қазақстанның заңымен тыйым салынған. Екіншіден, мұндай банкті сақтау іс-шарасы аса беделді халықаралық МАГАТЭ ұйымымен құрылған. Қазақстан Үкіметі мен МАГАТЭ арасында қол қойылатын келісімдерде аталған банкіде орналастырылатын материалдардың нақтылы тізбесі анықталады, – деп Александр Гагарин көпшіліктің көкейінде жүрген негізгі мәселенің басын ашып берді.
Оның айтуынша, МАГАТЭ қандай да бір қалдықтарды (жоғары радиоактивті қалдықтар, пайдаланудан шыққан ядролық отын және төмен, орташа радиоактивті қалдықтар) әкелуді және өндіруді көздемейді. АЭС-тің пайдалануынан шыққан ядролық отын банкі елге қайтарылмайды. Ал аймақта банкті сақтау операциясы қоршаған ортаны ластау тұрғысынан қарағанда, ешқандай қауіп төндірмейді.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасында төмен деңгейде байытылған уран банкін сақтау туралы келісімнің жобасы бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Келісімге 2012 жылдың соңына таман қол қойылу мүмкіндігі қарастырылған.