Қоғам

Халықаралық турнир басталды

Халықаралық турнир басталды

Өскемен қаласындағы Спорт сарайында 1998-1999 жылдары туған жасөспірімдер арасында шайбалы хоккейден Олимпиада чемпионы Борис Александров атындағы V халықаралық турнир өтіп жатыр.
Бұл турнирде Новосібірдің «Cібір», Барнаулдың «Алтай», Новокузнецкінің «Металлург» және алаң иелері Өскеменнің «Алтай» және «Торпедо» командалары бақ сынасты.
Борис Александровтың алғашқы жаттықтырушысы Юрий Тархов балғын хоккейшімен бірге және кезінде Борис Александровтың командалас серіктері болған, осы турнирдің құрметті қонақтары, Қазақстан хоккейінің ардагерлері Алексей Межебицкий, Владимир Стрельчук, Виктор Набоков, Валерий Кириченко, Александр Денисенко, Алексей Грищенко мұз айдынына шыққанда көрермен қауым – мектеп оқушылары қол соғып, құрмет көрсетті.
Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков арнайы қатысып, жас спортшылардың ойындарына жеңіс тіледі.
– Адам үшін ең негізгісі – денсаулық. Сондықтан әрбір адам, әсіресе, жастар өзінің денсаулығын, болашағын ойласа, спортпен айналысуы керек. Өздеріңіз білесіздер, Борис Александров – біздің облыстан шыққан Олимпиада чемпионы. Біздің хоккейді, Шығысты, Қазақстанды дүниежүзіне танытты. Сондықтан оны ешуақытта ұмытпауымыз керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын Борис Александровты еске алуға арналған халықаралық турнир өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Спортпен, соның ішінде хоккеймен неғұрлым көбірек айналыссаңыздар, Борис Александров сияқты Қазақстанға, дүниежүзіне танымал боласыздар, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Естеріңізге сала кетейік, шайбалы хоккейден жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир тамыздың 20-25 аралығында өтеді. Жарыстың салтанатты ашылуынан кейін айдынға Өскеменнің «Алтай» командасы мен Ресейдің Новокузнецк қаласынан келген «Металлург» командасы шықты. Біздің хоккейшілер қарсыластарын алғашқы кезеңде 4:1 есебімен ойсырата жеңсе, екінші кезеңде жерлестеріміз 2:3 есебімен есе жіберіп алды. Үшінші кезеңде қарсыластар біздің қақпаға тағы бір гол соқты. Қорытынды есепте өскемендіктер ойынды жеңіспен – 6:5 есебімен аяқтады. Сол күні кездескен Қарағандының «ЮХЛ» командасы мен Новосібірдің «Сібір» командасының ойыны да тартысты болды. Есеп – 3:2. Қарағандылықтар жеңіске жетті.
Барнаулдың «Алтай» командасымен шыққан өскемендік «Торпедо» қарсыластарын ойсырата ұтты десе де болады. Көз ілеспес жылдамдықпен мұз айдынында керемет ойын стратегияларын көрсеткен «Торпедо» командасының жас буынына ресейлік мамандар таңдай қағысты. Ойынның бірінші кезеңін біздің жігіттер 0:3 есебімен аяқтады. Келесі кезеңдерде де қарсыластарына басымдылық берген жоқ. Жалпы есеп бойынша Барнаул қаласының хоккейшілерін өскемендіктер 10:6 есебімен ұтты.
Қазір мұз айдынында тағы бірнеше командалар жеңіс кубогы үшін барларын салып жатыр. Басқа да командалардың ойындары мен жеңімпаздар туралы мәліметтерді газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button