Қоғам

Халықаралық талапқа сай терминал ашылды

Халықаралық талапқа сай терминал ашылды


Тәуелсіздік күні қарсаңында Өскемен әуежайының ұшып келу терминалы қолданысқа берілді. Ұлық мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шараға облыс әкмі Даниал Ахметов қатысты.

Өскемен халықаралық әуежайы – рейстердің жиілігі бойынша екінші класты айлақ. Ресей, Қытай, Монғолия сияқты елдер үшін Қазақстанның Шығыстағы әуе қақпасы саналады. Қазір мұнда тәулігіне бес рейс жүзеге асады. Аймақ басшысы жаңа терминалдың ашылуы мұндағы әуе қатынасының қазіргіден екі есеге артуына мүмкіндік туғызатынын айтты.

-Қарағандыдан басқа облыс орталықтарының барлығында мұндай терминал жоқ. Енді мұнда қол жүгін тексеру шаралары оңтайланады. Өйткені, барлығы автоматтандырылған. Сағатына 200 жолаушы қабылдауға қауқарлы. Терминалдың ашылуы Өскемен арқылы өтетін әуе рейстерінің санын екі есеге ұлғайтады деген үміт бар. Өз ішімізде Зайсан мен Үржарға ұшатын рейстер жиілеуі мүмкін. Бәрі де халықтың сәтімен жүріп-тұруы үшін жасалуда. Келер жылы Өскемен мен Семейден Алакөлге теміржол қатынасын ұйымдастырамыз. Бұл да көлік қатынасындағы елеулі өзгеріс болмақ, – деді облыс әкімі.

Жобаның жалпы құны – 554,5 млн. теңге. Бұрын ұшақтан түскен жолаушылар жүгін әуежайдың сол қапталындағы темір қақпадан алатын. Сол қақпаның орнына заманауи келбеттегі еңселі терминал бой көтеріпті. Жаңа терминалға кірген бойда жолаушылар шекаралық бақылаудан өтіп, жүктерін алуға беттейді. Бұл кезде жүктер автоматтандырылған конвейер арқылы рентгендік сүзгіден өтіп жатады. Ұшып келу залында мүгедектерге арналған жеке санитарлық торап қарастырылыпты. Сондай-ақ, ана мен балаға арналған бөлме де бар. Ал жүгі тексеруден өткенше аялдап қалған жолаушылардың кафеден сусындап шығуына мүмкіндік жасалған. Шығар бетте жолаушылар металл анықтағыш есіктен де өтеді. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіздік шаралары жолаушыларға барынша қолайлы әрі кедергісіз етіп жасалған. Облыс басшысы терминалдың әр бұрышын жіті қарап, ғимараттың іші-сыртының безендірілуіне де оң баға берді.

-Осыдан бес жыл бұрын Өскеменге ұшып келгенім есімде. Сол кезде өткізген жүгімді таба алмай, жарты сағаттай бөгелген болатынмын. Қазір жолаушының орнына бәрін конвейер істейді. Жылдам әрі оңтайлы. Халықаралық әуежай аталғандықтан, ондағы қызметтің бәрі талапқа сай болуы керек. Терминал салудағы басты мақсат осы еді. Нысанды қысқа мерзімнің ішінде сапалы етіп қолданысқа берген «Промтехмонтаж» ЖШС-не алғыс айтамын. Бұл облыс тұрғындары үшін Тәуелсіздік күніндегі ерекше сый болады деп ойлаймын, – деді Даниал Ахметов.

Өскемен әуежайы арқылы Boeing, Airbus, Ту, Як, Ил маркалы ұшақтар тасымал жасайды. Тұрақты рейстер ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Семей, Үржар, Зайсан, Күршім, Новосібір, Мәскеу, Санкт-Петербург, Анталия бағыттары бар. Сонымен қатар әлемнің кез келген нүктесіне чартерлік рейстер орындауға болады.

Соңғы бір жылдың ішінде Өскемен әуежайы арқылы 144 мың адам ұшып кетсе, 146 мың адам ұшып келген екен. Ал әуе арқылы жасалған жүк тасымалының көлемі – 534 мың тонна.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button