Қоғам

Халықаралық конференцияға елуден астам шетелдік мейман келеді

Халықаралық конференцияға елуден астам шетелдік мейман келеді

Құрметті оқырман! «Дидар» газеті «Аймақтар ахуалы» атты жаңа жоба ашып отыр. Енді қалың «Дидардың» әр нөмірінен облыстың қалалары мен аудандарының бүгінгі тыныс-тіршілігі, жағымды жаңалықтар, қызықты оқиғалар, еңбек адамдары жайындағы материалдар топтамасын оқитын боласыздар. Жобаның алғашқы шығарылымын Семей қаласына арнап отырмыз.

Семей қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаеваға ағымдағы атқарылмақ жұмыстар жайында сұрақтар қойып едік. Ол шаһарда биыл маңызды шаралар өткізілетінін жеткізді.

– Биыл Семейде халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 25 жылдығы аталып өтпек. Мерекелік салтанатқа әзірлік барысы қандай?

– Мерекелік шаралар біздің қалада 29-тамызда өтеді. Нақты айтқанда, бұл күні «Бейбітшілік және ядролық энергетика – ХХІ ғасыр» атты халықаралық конференция өтеді деп жоспарланып отыр. Оған ғалымдар мен саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, әлемнің біраз елінен журналистер қатыспақ. Елуден аса шетелдік мейман келеді деп күтілуде. Мұнымен қатар, бұл шараға халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов бастаған бір топ өкілі шақырылды. Конференция қаладағы Абай атындағы театрда өткізілмек. Дәл осы күні аймақтық онкологиялық диспансерде ядролық медицина орталығын ашу да көзделуде.
Сонан кейін Түйемойнақ аралындағы ядролық сынақ алаңы құрбандарына арнап тұрғызылған «Өлімнен де күшті» мемориалына соңғы жылдары дәстүрге айналған гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Қонақтардың Курчатов қаласына сапары да жоспарда бар.
Мерекелік салтанат құрметіне облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен естелік медаль де шығарылмақ. «Ядролық отқа қарсы» атты кітапты да дәл осы күнге жарыққа шығарсақ деп отырмыз. Бұл – Семей қаласының әкімшілігі мен қаладағы облыстың қазіргі тарихын құжаттандыру орталығының бірлескен жобасы.
Бүгінгі күні мектептер мен оқу орындарында бұл тақырыпқа сынып сағаттары мен басқа да шаралар ұйымдастырылуда, сонымен қатар, өлкетану мұражайында Семейдің осы кезіңіне арналған жәдігерлер қатары толықтырылуда.

– Семей тұрғындарын бүгінгі таңда көпбейінді аурухананың жаңа ғимаратқа көшірілуі алаңдатып отыр. Емхана бұрынғы жерінде қала бере ме? Босаған корпус қандай мақсатқа пайдаланылады?

– Иә, аурухана ғимаратындағы босаған корпусты қалай тиімді пайдалану қажеттігі туралы көп әңгіме болды. Таяуда нақты шешім де қабылданды. Енді ол корпуста Қалматаев атындағы медицина колледжі орналасатын болады.
Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін өзінің жеке ғимараты болмаған салауатты өмір сүру орталығы, қан орталығы және медициналық статистика секілді мекемелерге де ол жерден орын табылады.

– Біздің еліміздің көптеген қалаларында Қазақстан халқы Ассамблеясының үлгісінде жастар ұйымдары құрылуда. Семей қаласында Қазақстан халқы жастарының Ассамблеясы құрыла ма?

– Бүгінгі таңда қалалық жастар мен балалар ұйымдарының қауымдастықтарымен ішкі саясат бөлімі бұл бағытта ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақстан халқы жастарының кіші Ассамблеясына біздің қалада қоныс тепкен әртүрлі ұлттардың өкілдері кіреді. Бұл біздің еліміздің басшылығының көреген шешімдерінің, алдыңғы толқын ағалардың өмірлік тәжірибесінің жастар саясатында көрініс табуы болып табылады.

Осы айдарда

Back to top button