Қоғам

Халықаралық кеңеске Шығыс Қазақстан төрағалық ететін болады

Халықаралық кеңеске Шығыс Қазақстан төрағалық ететін болады

Кеше Өскемендегі «Алтай» технопаркінде «Алтай – біздің ортақ үйіміз» атты халықаралық үйлестіру кеңесінің 13 отырысы өтті. Отырыста облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Ресейдің Алтай өлкесінің губернаторы Александр КАРЛИННЕН кеңеске төрағалық ету құзыретін салтанатты түрде қабылдап алды.
Төрт бірдей мемлекеттің алты өңірін бауырына алып жатқан алып Алтайдың ынтымақтастық ұясы екенін тағы бір мәрте дәлелдеген айтулы шараға аталған басшылардан бөлек Монғолиядағы Баян-Өлгей аймағының губернаторы Хузкей Дәрмен, Қобда аймағы губернаторының орынбасары Морх Амарсана, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районының ғылым және техника басқармасының басшысы Ху Кэлинь қатысты.
Отырысқа төрағалық еткен Александр Карлин әуелгі сөз кезегін аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВҚА ұсынды. Өз кезегінде облыс басшысы үйлестіру кеңесінің бергені де, берері де көп екеніне тоқтала келіп, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын сөз етті.
-Көршілес өңірлердің өзара тығыз қарым-қатынаста болуының маңызы зор. Әсіресе, бүгінгідей әлемде дағдарыстың сын-қатерлері қайта-қайта қылаң беріп тұрған кезеңде санқырлы ықпалдастықтың берері мол болмақ, – деген өңір басшысы өткен жылы Ресейдің Белокуриха қаласында өткен кеңес отырысында қабылданған меморандумдардың пайдасы елеулі болғанын атап өтті. Облыс әкімі халықаралық үйлестіру кеңесінің аясында іске асқан шаралардың нәтижесінде Моңғолиямен тауар айналымының көлемі 400 мың АҚШ долларына жетіп, Қытаймен арадағы тауар айналымының көлемі тоғыз айдың ішінде 400 млн. долларды құрағанын тілге тиек етті. Аймақ басшысы кеңес аясындағы ғылыми-техникалық, мәдени-рухани, әлеуметтік және экономикалық, туристік байланыстарды кеңейте түсудің жаңа бағыттарын нұсқап, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Бірінші ұсыныс – көршілес аймақтарға ортақ сауда орталықтарын құру. Мұндай нысанның алғашқысын Алтай өлкесінде құру жөнінде келісімдер де бар. Өскемен және Барнаул қалаларында сауда үйлерін
ашу жөніндегі ұсынысымызды екі елдің басшылары мақұлдаған болатын. Ресейдің «АвтоВАЗ» компаниясы мен біздің «Азия Авто»
бірлесіп, Өскемен қаласында жылына 120 мың дана автомобиль шығаратын зауыт салып жатыр. Барлық көршілес өңір басшыларынан осы өнімдерді саудалау ісінде әріптестік танытуларыңызды сұраймын. Болашақта Моңғолия мен Қытай қалаларында орталықтар ашсақ деген жоспарымыз бар, – деген облыс әкімі аймақтар арасында азық-түлік және тамақ саудасын жетілдіре түсуді ұсынды. Бұл істе Алтай өлкесімен, ШҰАР-мен сауда-саттық жолға қойылғанымен, Ресейдің Алтай Республикасы бәсеңдік танытып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, аймақ басшысы кеңес мүшелерін келер жылдың маусым айында үшінші рет өтетін дәстүрлі «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық форумына шақырып, аталмыш шараны халықаралық үйлестіру кеңесінің іс-шаралар тізіміне енгізуді ұсынды.
Сөз соңында облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Шығыс Қазақстан аумағында бірлескен кәсіпорындар ашу жөнінде ұсыныстар болса, қолдауға дайын екенін, өңірде үш бірдей индустриялдық аймақ құрылып, онда барлық техникалық және коммуникациялық жағдай жасалғанын еске салды.
Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлин де сөз алып, Үлкен Алтай өңірлерімен байланыстың өлке экономикасындағы рөліне тоқталды. Соңғы он жылда Алтай өлкесінің ШҰАР-мен тауар айналымы – 11 есеге, Шығыс Қазақстанмен – 2,5 есеге, Моңғолиямен 2,3 есеге артқан. Соның нәтижесінде өлкедегі сыртқы тауар айналымының тең жартысы аталмыш үш тарапқа тиесілі болып отыр. Бұдан кейін ол Алтай өлкесінің біздің облыспен арадағы қарым-қатынасына арнайы тоқталды.
-Біздің Шығыс Қазақстан облысымен қарым-қатынасымыз барлық салада жақсы дамып отыр. Әсіресе, соңғы 4-5 жылдың төңірегінде әлеуметтік және экономикалық байланыстардан бөлек мәдени-рухани әріптестік нығая түсті. Біздің өлкеде өткен облыстың мәдени күндері соның дәлелі бола алады. Сол бір жарқын күндер Алтай өлкесі тұрғындарының есінде көпке дейін сақталатыны сөзсіз. Сол шараның арқасында біз қазақ мәдениетін терең танып, екі өңір тұрғындарының арасында достық аура қалыптасты. Мәселен, Семей мен Рубцовск қалалары арасында муниципалды білім беру бойынша байланыс орнап
отыр. Бұл жобаның да екі жаққа берері мол. Алтай өлкесінде көктем және жаз айларында орын алған табиғи апат кезінде шығысқазақстандықтардың алғашқылардың бірі болып қол созғанын ешқашан ұмытпақ емеспіз, – деген губернатор осы істердің ұйытқысы болған Бердібек САПАРБАЕВҚА алғысын білдіре келіп, төрағалық құзыретті тапсырды.

Халықаралық кеңеске Шығыс Қазақстан төрағалық ететін болады

Моңғол елінің атынан сөз алған Баян-Өлгей аймағының губернаторы Хузкей Дәрмен үйлестіру кеңесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына алғыс айтып, өз ұсыныстарын ортаға салды. «Дзамын-ууд» кеден өткелегінің төрт ел үшін экономикалық дәліз бола алатынын ескерткен губернатор осы жоба аясында жаңа бір туристік маршрут ұйымдастыруға болатынын жеткізді. Шығыс Қазақстан мен Баян-Өлгей арасындағы әуе қатынасының қалпына келгеніне ризашылығын білдірген Моңғолия өкілі төрт мың жылдық тарихы бар қазақтың бүркітшілік өнерін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұрасы ретінде тіркеткендерін айтып, сүйінші сұрады. Осынау киелі өнерді жаңа туристік бренд ретінде дамыту көршілес өңірлердің бәріне ортақ шаруа екенін де қадап айтты. Сөзінің соңында Х.Дәрмен кеңес мүшелерінен Бесбоғда табиғи қорығын ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұрасы ретінде тіркеуіне ықпал етуді, аймақтың шөлейттену процесімен күресіне көмек көрсетуді өтінді.
Қытайдың ШҰАР-ының ғылым және техника басқармасының басшысы Ху Кэлинь мен Моңғолияның Қобда аймағы губернаторының орынбасары Морх Амарсана, Алтай Республикасының Эл Құрылтай мемлекеттік Жиналысының табиғатты пайдалану және экология, аграрлық саясат жөніндегі комитет төрағасы Василий Манышев қалыптасқан байланысты әрі қарай дамытуға құлықты екендерін айтып, өз ұсыныстарын білдірді. Әсіресе, М. Амарсананың Қобда аймағы тарапынан ағаш импортына сұраныс білдіруі, тері және жүн жуу ісіне инвестиция құюға шақыруы кеңес мүшелерінің қызығушылығын туғызды.
«Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесінің Борис Ларин 2012-2013 жылдары атқарылған шаруаларға қорытынды жасады.
Отырыс соңында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА кеңестің төрағалық құзыретін білдіретін символикалық белгі табысталды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button