Қоғам

Халықаралық эстафета алауы Шығысқа жетті

 

Төрткүл дүниені түгелге жуық аралаған «Бейбітшілік жүгірісі» халықаралық алау эстафетасы Шығыс Қазақстанға да келді.

1987 жылы басталған эстафетаға осы күнге дейін он миллионнан астам адам қатысыпты. Акцияның биылғы маусымы шілде айының соңында Ресейден бастау алып, еліміздің Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасын тапты.

Біздің облыста эстафетаға қатысушылар шамамен бір жарым мың шақырым қашықтықты басып өтуі тиіс-тін. Жол бойында бейбітшілік алауы бірнеше аудан мен қалада аялдамақ. Мәселен, Зайсан ауданының жұртшылығы көршілес Павлодар облысынан келген қонақтарды Баймұрат батыр ескерткішінің жанынан қарсы алды. Артынша Зайсан қаласындағы орталық алаңда халықаралық эстафетаның келуіне байланысты салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, оған аудан әкімінің орынбасары Қамбар Чилибаев қатысты.

Зайсандағы тілшіміз хабарлағандай, бұл күні қонақтар құрметіне ауқымды концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. «Айнакөл» ансамблі шырқаған ән мен әжелердің шашуы алыстан келген меймандардың да, қала тұрғындарының да көңіліні бір серпілткені сөзсіз.

Эстафетаның Қиыр Шығыс пен Сібірдегі координаторы, омбылық Александр Арнст қонақжайлығы мен ыстық ықыласы үшін зайсандықтарға рақмет айтып, аудан басшылығына алғыс хат табыс етті.

Сол сияқты Тарбағатай ауданында да халықаралық эстафетаны қарсы алу іс-шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алыстан келген қонақтарды Ақсуаттың кіреберісінде жергілікті спортшылар қарсы алып, Ырғызбай Досқанаұлы атындағы стадионға жеткізді. Бұл жерде тарбағатайлықтар меймандар құрметіне концерт қойып, жылы лебіздерін жаудырды.

Бұдан кейін Күршім ауданына ат басын тіреген спортшыларды жергілікті халық зор қошеметпен күтіп алды. Күршім ауылының орталық алаңында ұйымдастырылған үлкен жиын Қ.Тұрар атындағы мәдениет үйінде өткен концертке ұласты. Айта кетейік, Сарыөлең мен Күршім ауылдарының арасындағы жолды қонақтармен бірге жергілікті спортшылар да жүгіріп өтті.

Енді тоғыз адамнан құралған халықаралық эстафета командасы Ресейдің Новосібір қаласына жол тартпақ. Осы ретте салауатты өмір салтын, сондай-ақ ұлтаралық татулықты насихаттайтын биылғы эстафетаның жалпы ұзындығы 3 200 шақырымнан асатынын айта кеткен орынды.

Тағы бір атап өтер жайт, «Бейбітшілік жүгірісі-2019» халықаралық эстафетасына қатысушылар арасында Қазақстан, Беларусь, Латвия мен Ресей спортшылары бар-тын.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button