Қоғам

Халықаралық энциклопедияға енген кәсіпкер әйел

Халықаралық энциклопедияға енген кәсіпкер әйел


Аудан басшылығының ұсынысы бойынша мемлекетаралық кеңестің шешімімен облысымыздан шыққан кәсіпкер «Үздік адамдар» үлкен халықаралық энциклопедиясына еніп отыр.

ХХ ғасырдың саяси қайраткері Маргарет Тэтчер темірдей қатты мінезі және мемлекет басқарудағыіскерлігі үшін «Темір ханым» лақап атына ие болған-ды. Ол – Ұлыбританияның Премьер-Министрі болып сайланған алғашқы әйел. Тарихта ел басқару, саяси күрес жүргізу, реформалау, бизнес құру сияқты ілкімді істерді шебер атқара білетін нәзік жандар аз болған емес. Кейде осы айтқандарымызға мысалдар келтіру үшін оқулықтарға үңілудің қажеті шамалы, айналамызға зер сала қарасақ та жеткілікті.

Мирбану Төленғұтова – осындай үлгі тұтар жандардың бірі. Ол Жарма ауданы, Қалбатау ауылындағы «Рахат» мейрамханасы, сауда үйі және қонақ үй кешені енетін ауқымы кең табысты бизнестің негізін қалады.

Басшы әйелдің өмірлік ұраны қарапайым – «Айттың ба, істе!». Білімі бойынша ағылшын тілінің мұғалімі болып табылатын ол өзінің кәсіпкерлік жолын 1992 жылы бастапты. Сол кезде Мирбану Николайқызы шаруашылық тауарлар мен тұрмыстық техниканы сату жөніндегі кәсіпорын құрылтайшыларының бірі болған.

Өз бизнесін өркендетуге қажет қаржыны іздеп-табуға мүдделі әрбір кәсіпкер алғашқы кезекте тәуекелдерді нақты бағалай білуі және соларды мүмкіндігінше азайтуға күш салуы тиіс. Сондықтан Мирбану бастапқыдан-ақ тұтынушылар сұранысын дұрыс анықтап, тәуекелдерге абайлап баруға тырысты.

–Жергілікті атқарушы биліктің мені осы энциклопедияға қосуды ұсынғанын білген де емеспін. Менің кандидатурам мақұлданған соң барып хабарлады. Еңбегімнің бағаланып, аталып жатқанына ризамын, – дейді кәсіпкер келіншек.

«Рахат» қырыққа жуық адамға жұмыс беріп отыр

2003 жылы үш жүз адамға арналған «Рахат» мейрамханасы ашылды, сондай-ақ оның шығыс тағамдары ұсынылатын күндізгі түстену залы да бар. Білікті басшы ұжымды әлеуметтік қолдау қызметіне де бағыттай білді, салтанатты той-томалақтардан, кіші-гірім отбасылық отырыстардан бөлек, мұнда балалар байқауларына қатысушылар, ұлттық бірыңғай тест тапсырушы түлектер, соғыс ардагерлері үшін де дастарқандар жайылып тұрады.

Он алты жыл ішінде ілтипатты қызметі мен дәмді әрі сапалы тағамдары арқасында мейрамхана халықтың зор сеніміне ие болды.

–Осы ретте мейрамханамыздың бас аспазына, әкімшілеріне, жалпы барша қызметкерлеріне өзімнің шексіз алғысымды білдіргім келеді, – дейді сөз арасында Мирбану Төленғұтова.

Тәжірибелі жетекші ретінде ол кез келген істің табысты болуы – бүкіл ұжымның арқасы екенін жақсы түсінеді.

2007 жылы «Рахат» сауда үйі бой көтерді, ол жерде шаруашылық тауарлары мен автобөлшектер сатылады. Бір жылдан соң 800 шаршы метр аумақты алып жатқан қонақ үй кешені іске кірісті. Келушілерге түстену залы, бильярд залы, сауна қызмет көрсетеді. Кешен құрамында техникалық қызмет көрсету бекеті, автомобиль жуу, дөңгелек жөндеу, техникалық байқаудан өткізу, көлік сақтандыру орындары бар. Қызмет түрлерінің көбеюі, бизнестің дамуы Мирбану Николайқызының әлеуметтік жауапкершілігін еш кеміткен емес. Айталық, қонақ үй ақысы спортшылар, түрлі іс-шараларға қатысушылар, еңбек ұжымдары үшін арзандатылған.

Мұнда қырыққа жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылып отыр. Мирбану Төленғұтованың кәсібі аудандық қазынаға жыл сайын шамамен 1 миллион теңгенің салығын түсіреді.

Елі үшін еңбек еткендерге берілетін марапат

2002 жылдан 2012 жылға дейін аталған энциклопедияны ресейлік «Спец-Адрес» баспасы шығарыпты. 2007 жылдан олар «Қазақстанның үздік адамдары», «Украинаның үздік адамдары» энциклопедиялары редакцияларымен және беларустық «Спец-адрес Еуропа» басылымымен бірлесе жұмыс істеген. Бұл – өз халқы мен елінің мүддесі үшін көптеген жетістіктерге жеткен және әрмен қарай өсуге, жаңа белестерді бағындыруға талпынған адамдар мен ұйымдар туралы коммерциялық емес жоба. Ақпараттар тек ұсыныс бойынша орналастырылады. Басылымда қатысушы елдер азаматтары мен кәсіпорындарының жетістіктері және оларға жетудегі амал-тәсілдері туралы мәліметтер беріледі. Энциклопедияға енген тұлғалар қоғамдық награда болып табылатын «Үздік адамдар» энциклопедиясына қатысушы деген медаль алады.

Рестораторларды лайықты түрде жасампаз мамандық иелері деп санайды. Расында да, басқа қай салада адам қолымен жасалған тағам туындылары шынайы шаттық сезімін сыйлайды? Оның үстіне олардың дәмін көру үшін қалаға барудың қажеті жоқ.

Мирбану Төленғұтова тұрақты түрде аудандағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығына қайырымдылық көмек көрсетуде. Әрдайым мүгедек балаларға спорт, мектеп формасын, аяқ киім, сабаққа керек құрал-жабдықтар, портфельдер таратып, Қалбатау, Қаратөбе, Жаңаөзен, Ортабұлақ, Қаражал, Салқынтөбе, Қапанбұлақ ауылдарының ұл-қыздарына мерекелік сыйлықтар әперіп тұрады.

–Ауданымызда осындай табысты кәсіпорындардың жұмыс істеп тұрғаны біз үшін өте маңызды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Мирбану Төленғұтова туризм саласындағы үздік кәсіпкер атанып отыр, – дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Нұрғалиев.

Бүгінде «Рахат» ұжымы жаңа технологияларды қолдана отырып және өз қызметтерін жетілдіре отырып, кәсіби деңгейін жедел арттырып келеді.
Мирбану Николайқызы жұмыста ең бастысы сапа, ыңғайлылық және қауіпсіздік деп санайды, яғни сатып алушылар мен келушілердің көңілінен шыға білу керек.

Іскер басшы отбасында – аяулы жар және ардақты ана. Жолдасымен бірге екі ұл тәрбиелеп отыр. Оларды алға жетелейтін күш те, ынталандыратын себеп те – осы балалары.

Ержан Әбіш

Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button