Қоғам

Халықаралық бильярд бәйгесі басталды

Халықаралық бильярд бәйгесі басталды

Кеше Өскемендегі Жекпе-жек сарайында «Еркін пирамида» бойынша ерлер арасындағы ашық Азия чемпионаты басталды. 21-26 шілде арасында өтетін халықаралық жарыста Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Молдова, Белоруссия, Тәжікстан, Ресей мемлекеттерінен келген бильярд шеберлері бақ сынап жатыр.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бастаған бір топ мәртебелі меймандар қатысты. Олардың арасында еліміздегі бильярд спорты федерациясының президенті Аңсары Қаранеев, осы федерацияның вице-президенті Мақсат Дауылбаев сынды ардагерлер бар.

Халықаралық бильярд бәйгесі басталды

-Құрметті спортшылар, еліміздің шығысындағы Өскемендей әсем қалаға қош келдіңіздер. Қолдарына кии ұстаған бүгінгі чемпионаттың барлық қатысушыларына тек қана сәттілік тілеймін. Бильярд ептілік пен есепті, қырағылықты қажет ететін ойын. Спорт – бейбітшіліктің кілті, ұлттың саулығы. Сондықтан да еліміздегі салауатты өмір салтын әспеттейтін осындай іс-шаралар жалғасын таба беруі керек.

Халықаралық бильярд бәйгесі басталды

Чемпионаттың ашылу салтанатындағы алғашқы шарды аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ соғып, төрт күнге созылатын бәсекені символикалық түрде бастап берді. Бұл бәйгеге бильярд спортының конфедерациясы, Мәдениет және спорт министрлігі, еліміздегі бильярд спортының федерациясы және облыс әкімдігі қолдау көрсетіп отырғанын естеріңізге сала кетейік. Облыстық Ақпарат орталығы келтірген мәліметке сүйенсек, тоғыз елдің командасы қатысатын ойында барлығы 74 спортшы өнер көрсетеді екен. Жүлде қоры – 5 580 000 теңге. Бірінші орынға тігілген жүлде – 1 674 000 теңге болса, екінші және үшінші орындар 930 000 және 558 000 теңге көлемінде.
Өңшең Әлем және Азия чемпиондарынан құралған 8 спортшысы бар Қазақстан құрамасы өз-өздеріне сенімді. Бильярдтан бірнеше дүркін Әлем чемпионы әйгілі Әлихан Қаранеев, 2010 жылғы Әлем чемпионы Ернар Шымбаев, Дурен Орынбаев сияқты мықтылардан жасақталған біздің құрама қазір ешкімге есе жіберейін деп тұрған жоқ.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button