Қоғам

Халыққа жайлы коттедждер салынып, жеңілдікпен сатылады

Халыққа жайлы  коттедждер салынып, жеңілдікпен сатылады


Халықты қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Шығыс, Ново -Явленка ауылдары маңындағы 28-ші ықшам ауданда салынғалы отырған жер үйлер (газеттің 12 сәуір күнгі санындағы ақпаратта жазылған) қаланың бас жоспарында көрсетілгендей, Өскеменнің көркін де келтіре түспек. Бұл жерде заманауи біркелкі сәулетті үйлер бой көтереді.

Әзірленген типтік жобаға сай жаңадан салынатын жер үйлердің жылу жүйесі пешпен және электр энергиясымен жұмыс істемек. 80-100-130 шаршы метрлік жер үйлер бағасының әр шаршы метрі 120 мың теңгеден болғанда, баспаналардың бағасы шамамен сәйкесінше 9-11-12 млн. теңге көлемінде болмақ. Шотқа салып есептеп көрсек (банктік емес, несиелік калькулятор бойынша), бағасы 9 млн. теңге тұратын аумағы 80 шаршы метрлік үйді Қазақстан тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі (ҚТҚЖБ) арқылы несиеге алу үшін үй құнының 20 пайызын – 1 млн.800 мың (7-20-25 бағдарламасындағыдай ҚТҚЖБ-ның бастапқы жарнасы да 30-дан 20 пайызға төмендемек) теңгені алдын-ала төлеп, қалған 7 млн. теңгені 10 жылға 5 пайыздық мөлшерлемемен несиеге алса, біздің есебімізше үй сатып алушы ай сайын банкке шамамен 75 мың теңге төлеуі керек екен. 5 жылға алса, ай сайын 130 мың теңгенің үстінде несие төлейді. 5 жылдағы артық төлем 1 млн. теңгедей. 7-20-25 бағдарламасына сай несиені 25 жылға да алуға болады. Онда ай сайын 40 мың теңге төлеп, 25 жылда шамамен 5 млн. 280 мың теңге артық төлем төлемек. Қазіргі күні баспанасы жоқ жас отбасылардың қаладағы жалға алып отырған пәтерлеріне ай сайын орта есеппен 40-60 мың теңге төлеп отырғанын ескерсек, енді олар сол ақшаны біреуге бермей, өзінің басыбайлы баспанасына, үйіне төлейді.

«Нұрлы жер» бағдарламасымен салынатын жер үйді тұрғын үй құрылысына қажетті жер участогы кезегінде тұрған азаматтармен қоса басқалар да ала алады. Жер үйді сатып алушының атында үй болмауы керек деген шарт жоқ. Жер кезегінде тұрған үміткерге жер Үкіметтен тегін беріледі, бірақ сол жерге салынған үйді сатып алады. Сонымен бірге ҚТҚЖБ салымшыларының да жаңадан салынатын жер үйлерді сатып алуына болады. Жерді тұрғындар өз қаражатына да, ҚТҚЖБ арқылы да алуына болады. Ал жер кезегінде тұрғандар үйді несиеге алатын болса, ҚТҚЖБ банкінің салымшысы болуы қажет. Ол үшін банктен депозит ашып, үй құнының 20 пайызын алдын ала аудару арқылы бірден осы бағдарламаға қатыса алады.

Бүгінгі күні облыс орталығы Өскеменде 3430 адам баспана салуға арналған жер участоктарын алу кезегінде тұр.

Өскеменнің бас жоспарына сәйкес қалада жекеменшік тұрғын үй салуға 8 ықшам аудан белгіленіп отыр. Шаһарда салынатын жер үйлер болашақта 20,21,22,25,27,28-ші ықшам аудандарда және Ахмер мен Самсоновка ауылдарының маңында бой көтереді. Олардың бәрінің нақтылы белгіленген жерге орналастыру жобалары бар. Бірақ ең керекті жағдайы – су, жылу, жарық жеткізетін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдары әлі салынған жоқ. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында оларды салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді.

Асхат Өтебаев, Өскемен қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Барлық 8 ықшам ауданда жеке тұрғын үй салатын 6 478 жер участоктары бар. Олардың 2382-сі тұрғындарға бұрын беріліп қойған жер участоктары. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл 54 жер үйдің құрылысы басталғалы отырған 28-ші ықшам ауданнан жер алуға осы уақытқа дейін 870 адам кезекке тұрған. Бұл участокта кезекте тұрғандар бағдарлама аясында Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі жүйесімен салынып біткен жаңа үйлер туралы алдын ала хабарландырылып отырады. ҚТҚЖБ-не осы 28-ші (Шығыс және Ново-Явленка ауылдары маңы) және 21,25,27-ші (Самсоновака ауылы маңы) ықшам аудандардан жер алуға кезекте тұрғандардың тізімі жіберілді. Кезекке тұрған участоктан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ҚТҚЖБ арқылы жаңа үйлерді сатып алу үшін. Қазіргі күні өздері жер алу кезегінде тұрған осы участоктардан «Нұрлы жер» бойынша үй сатып алуға бес адам ғана өтініш беріп отыр.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, жерге кезекте тұрғандардың дайын үйді сатып алуға енжар болып отырғандығының түрлі себептері бар. Кейбіреулер жаңа үйлер қымбат десе, кейбірінің банк талабын орындайтындай тиісті мөлшердегі табысы жоқ көрінеді, бастапқы жарна – 20 пайыздың өзін табу да оңай тимейтін отбасылар бар. Оның үстіне жұрттың бұл жердегі жаңа үйлерден тартыншақтауына ықшам ауданға жарық, су, жылудың әлі тартылмағандығы да себепші болып тұр. Осылайша, жердің кезегінде тұрған тұрғындар дайын үйді сатып алуға құлықсыздық танытып отыр әзірге.
БАСПАНА ҚҰНЫНЫҢ 20 ПАЙЫЗЫН ЖИНАСА ЖЕТКІЛІКТІ

Биыл Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің облыстағы 1000-нан астам салымшысы қолжетімді баспана иесі атанады. Тағы бір жаңалық, бұрын Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің салымшылары «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысып, баспана сатып алу үшін үй құнының 30 пайызын алдын-ала жинау керек болса, енді сол жарнаның 20 пайызын жинаса жеткілікті.

«7-20-25» бағдарламасына орай ҚТҚЖБ-ның шарты да өзгермек. Алдын-ала займдар бойынша жылдық 5 пайыздық мөлшерлеме сол қалпында өзгеріссіз сақталып қалмақ. Несие жаңа «7-20-25» бағдарламасындағыдай енді 25 жылға дейінгі мерзімге ресімделеді. Бұл туралы Өскеменде өткен брифинг барысында Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Айнұр Мейірбаева айтты.

– Біз бастапқы жарнаны төмендетуге қатысты өзгерістер «Нұрлы жер» бағдарламасына бір айдың ішінде енгізіліп, күшіне енеді деп күтіп отырмыз. 1 бөлмелі пәтердің бағасы біздің аймақта орта есеппен 5,4 млн. теңге деп алғанда, 4000-дай салымшымыз 20% көлеміндегі бастапқы жарнаға ие екенін көруге болады. Олардың бәрі алдағы уақытта «Баспана кz» порталында ұнатқан пәтерлерін таңдап, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш бере алады, – деп түсіндірді Айнұр Мейірбаева.

Биыл сондай-ақ, Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің аймақтағы тағы да 344 салымшысы банктің «Өз үйім» атты жеке бағдарламасына қатысу арқылы баспана ала алады. Бұл бағдарлама бойынша Өскемен қаласында Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Сәтбаев даңғылы бойында (драма театры маңында) 5 тұрғын үй салынып жатыр. 1 шаршы метрінің бағасы – 165 мың теңге.

«7- 20 -25»-КЕ ҚАТЫСУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Осыдан бір апта бұрын Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жаңа \”7-20-25\” ипотекалық бағдарламасы бойынша баспана алу үшін не істеу қажеттігін айтқан болатын.

«Біріншіден, азамат сатып алатын баспанасын таңдау керек. Бұл орайда бағдарламада үйдің шекті құны бекітілетінін ескеру қажет. Мысалы, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында баспананың ең жоғары бағасы 25 миллион теңге, ал басқа өңірлерде 15 миллион теңге болады. Бастапқы кезеңде бағдарлама аясында жаңа үйлерге ғана ипотека беріледі. Екіншіден, азамат бағдарламаға қатысатын банкке келіп, өтініш пен қажетті құжаттарды тапсыру қажет. Біз таяуда қаржылық көрсеткіштері жоғары, филиалдық жүйесі мен азаматтарға қызмет көрсету сапасы жақсы дамыған банктерді анықтаймыз. Үшіншіден, кредит алу үшін азаматтың табысы болуы керек. Төртіншіден, оның меншігінде баспанасы болмауы тиіс, бұл талапты біз қазір қарастырып жатырмыз, – деді Данияр Ақышев. Ақышевтың айтуынша, бастапқыда арзан ипотека тек жаңа үйлерге ғана берілуі мүмкін. Уақыт өте келе, қайталама, екінші нарықтағы үйлерді де сатып алатындай етіліп бағдарлама мүмкіндіктері кеңейтілмек.

Бағдарлама 2018 жылдың екінші жартысынан бастап іске қосылады.

Сарапшылар тиімді деген бұл бағдарламаның өзіне де төлем қабілеті барлардың ғана қатыса алатынын алдыға тартып, бағдарламаның бар әлеуметтік топты қамти алатынын айтуда. Сонымен бірге, жаппай салына бастайтын тұрғын үйлердің санына ғана емес, сапасына да мән берілуін қадағалау керек деуде. Сапасыз болса, жұрттың жаны шыға тірнектеп жинаған миллиондаған қаражатына алған үйі кейін баспана емес, бас қайғы болып, әуреге салып, сата алмай қалуы да мүмкін. Кімге, қалай берілсе де, ел көптен күткен жаңа бағдарламаның игілігін, жаңа баспанасының қызығын көре алса болғаны.

ОСЫ БЕТТІҢ ОСПАҒЫ:

-Сенің кәсіби мерекең қашан?
– 8 тамыз офтальмологтар, яғни, окулистер күні, 13 тамыз құрылысшылар күні.
– Сонда қалай?
– Пәтерлердің есігіне көз (глазок) салумен айналысамын.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button