Қоғам

Халыққа қамқор болудың үлгісін көрсетті

Халыққа қамқор болудың үлгісін көрсетті


Саналы қартаю. Ол да бір ғанибет. Саналы қартаюдың бүгінгі үлгісі бүкіл Шығысқа есімі белгілі Фрунзе Жақсылықов шығар. Ол 85-ке толып отыр.
Катонқарағай ауданының Өрнек ауылында ашаршылықтың екінші толқынымен таласа туған Фрунзе ақсақалдың жаялықтан галстук таққанға дейінгі өмірі әрбір кеңестік атқамінердің ғұмырнамасындай таныс.
1942 жылы әкесі әскер қатарына алынып, 11 жастағы Фрунзе Майемер ауылының тұсындағы Тойбазар ашасынан алтын қазуға араласады. 1938 жылдан бастап Алтайдың қойны-қонышында мұндай жабайы кеніштер қаптап кеткен болатын. Өрімдей баланы ауыр жұмысқа салғысы келмеді ме, жоқ әлде, жадау елді торыған қарақшылар балаға тиісе қоймас деді ме, Фрунзені курьер болуға көндіреді. Кеніштен 35 шақырым жердегі Теректі ауылына айына үш рет алтын құймалары теңделген атпен қатынау шынымен қауіпті жұмыс еді. Оның үстіне қайтар жолда ауылдағылардың айлығы мен зейнетақысын ала келетін.

-Жазда із тастап амалдасам, қыста жалғыз сүрлеумен қатынадым. Қарақшы мен қашқан-пысқандардың торуылынан құдай сақтаған шығар, – деп еске алады ақсақал.

1946 жылы әкесі Олғазы еңбек армиясынан келгесін білімін жалғастыруға мүмкіндік алды. Онжылдық бітіріп Алматыға оқуға келгенімен, көп өтпей туған өлкеге қайта оралады. Сол кездегі Большенарым, Солдатово ауылдарында математика пәнінен сабақ беріп жүрген жерінен 1954 жылы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Осыдан бастап елгезек Фрунзе қызметте сатылап өсе берді.

1959-62 жылдары партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы ретінде қызмет атқарса, кейін Бошай Кітапбаев оны Ленин атындағы ұжымшарға өз орынбасары ретінде аттай қалап алады. Білікті басшының жанында жүрген алты жарым жыл қалған өміріне үлкен тәрбие болғанын тамсана еске алады бүгін.

-Қарамағыңдағы халыққа қамқор болуды сол кісіден үйрендік. Жай кезде талабы қатал болғанымен, жұмысынан кінәрат табылып, жауапқа алынған талай азаматқа араша түскенін көрдім. Өзіне қарасты мәселенің бәрін партия ережесін ысыра тұрып, қазақи жолмен шешетін. Ал жоғарыдан жазалауға келгендерге «Оған тиіспеңдер! Жауап алғыш болсаңдар менен алыңдар. Қадағаламаған менің кемшілігім», – дейтін. Келген комиссия Бошекеңді жазалауға тісі батпай, шарасыз қайтатын, – деп еске алады.

Бұл тұста Б.Кітапбаевтың шекпенінен шыққан кадрлар жан-жаққа жіберіле бастаған. Кейіпкеріміз де бір жыл өтпей жатып Самар ауданындағы Жамбыл атындағы ұжымшарға төрағалыққа жөнелтіледі. Алты жыл ішінде сондағы қарапайым жұмысшылардың тіршілігін түзеу мақсатында асхана, жатақхана, автогараж салғызып, Рахман арасанына кезекпен апарып жүрді.

-1973-1978 жылдар аралығында Самар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінде жүргенімде, облыс бойынша өзіме қарасты көрсеткіштердің барлығы алдыңғы орында болды, – дейді ақсақал.

Тәжірибесі әбден толысқан шақта облыс басшылығы Ф.Жақсылықовқа Күршім ауданының тізгінін сеніп тапсырады. Ол хатшылық жасаған жеті жылдың ішінде аудан орталығындағы саман кірпіштен салынған ескі аурухананың орнына 150 орындық жаңа ғимарат бой көтерді. Күршім ауылында бұдан бөлек 620 орындық мектеп, аумағы 1200 шаршы метр әмбебап сауда орны, музей, 410 орындық машина стансасы ашылды, телемұнара бой көтерді. Ал Құйған ауылында 100 орындық балабақша ашылып, Қойтас және Теректібұлақ ауылдарындағы мектептер аудан бюджетінің есебінен екі есеге кеңейтілді. Жеті бірдей жайлауда ақ моншалар салынып, Сарыөлең ауылының Төретоғам деген жерінде балалардың жазғы лагері қолданысқа берілді. 1982-1984 жылғы құрғақшылықтың қыспағынан таяқ та жеді. Аудан көлемінде 13 мың гектар жерге суармалы жүйе тартылды. Күршім ауданындағы жемісті жұмыс 1985 жылға дейін жалғасты. Сол жылдан бастап 1991 жылы зейнетке шыққанша облыстық халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Фрунзе ақсақал зейнетке шықса да, аттан түспей келеді. Облыстық ақсақалдар кеңесін басқарғаны кеше ғана.

-Мен азды-көпті қызметте жүрген кезімде де тәкаппарлыққа ұрынбадым. Қарапайым болдым. Жоқ-жітік, жетім-жесір, кем-кетікті іздеп жүріп көмектестім, – дейді Фрунзе ақсақал.

Ғазез Досанов есімді зағип музыканттың үйлену тойына астындағы қызметтік «Волгасын» түсіп бергені, тойға келетін туыстарын Зырян мен Үлкен Нарыннан алдыру үшін автобус жібергені күршімдіктердің есінде. Ауылдастары «Жарымес» атап кеткен Аңсаған атты майдангердің тағдырына алғаш түсіністікпен қараған да осы Ф.Жақсылықов екен. Соғыстан алған контузиясына қоса әйелінің суға кетіп, қызының өртеніп өлгені азаматқа ес жыйдырмас соққы болса керек. Мән-жайды сұрастырып білгеннен кейін майдангерді бұдан әрі қорлатпас үшін ауданның бас дәрігеріне, «Автобаз» бен тұтынушылар одағының басшыларына Аңсағанның бүкіл мұқтаждығын түгендеп отыру жөнінде тапсырма береді. Фрунзе Жақсылықовтың бүгінге дейін жүріп өткен өмір соқпағында қалған ізі осындай.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button