Халыққа алтын қазуға рұқсат берілді

Облыс әкімдігінің Контакт орталығында өткен кезекті тікелей байланыста облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шурманов тұрғындар сұрақтарына жауап берді.
-Келер жылдан бастап Қазақстанда жеке тұлғалар да алтын өндірумен айналыспақ. Осы кәсіпті рәсімдеу қалай жүргізілмек? Қазіргі күні басқармаға түсіп жатқан өтінімдер бар ма? Өз бетімен алтын іздеуші старательдерге біздің облыста қанша участок қарастырылған? Бұл кәсіптің экономикалық тиімділігі қандай болмақ?
-Биылғы жылы шілдеде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексіне өзгерістер енгізілді. Соның бірі – жеке тұлғаларға алтын қазуға рұқсат берілгендігі. Алтын қазуға рұқсат беруге жергілікті атқарушы билікке, яғни, біздің басқармаға өкілеттік беріліп отыр. Басқарма біздің облыс аумағында өз бетімен алтын іздеушілерге сусымалы, шашыранды алтынды қазуға, сүзуге лицензия беруге өкілетті. Алтын кеніші орындарының тізімі бар. Бекітілген тізім бізге Инвестиция және даму министрлігімен жолданған. Онда 140-тан астам участок бар. Әр участок 5 гектарды құрайды. Заңда көрсетілгендей, бір кәсіпкер өз участогынан жылына 50 келіге дейін алтын өндіре алады. Лицензия алу үшін кодексте көрсетілген заңға сәйкес белгілі бір құжаттар жиынтығын өткізу керек. Құжаттарды біздің басқарманың жер қойнауын пайдалану бөлімі қабылдайды. Қазіргі уақытта біз өтінімдерді қабылдауға дайынбыз. Әзірге ешқандай өтінім түскен жоқ. Әрине, алтын қазумен айналысатын кәсіпкерлердің жаңа қызметінен салық түсімі артады. Ол облыстың, қазба орындары орналасқан аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға өз септігін тигізбек.
– Қазіргі күні тұрақтандыру қорының өнімдері сатылып жатыр ма?
-Қордың өнімдері 5 қарашадан бері сатылып жатыр. Өнімдер Өскемен мен Семейде келер жылдың мамырына дейін сатылады. Биыл қорға 7,5 мың тонна көкөніс өнімдері сатылып алынған: 4 мың тонна картоп, 750 тонна қырыққабат, 1,5 мың тонна сәбіз және 1мың 150 тонна пияз.
-Облыста тұрғындарды, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерді кәсіпкерлік негіздеріне оқытып жатқаны туралы естіп жүрміз. Оны қалай оқуға болады?
-Бұл бағдарлама кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жүргізіледі. Бағдарламалар «Бизнес мектебі» және «Бастау бизнес» деп аталады. Бұл бағдарламаларды жүргізуші, үйлестіруші – «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасы. Олардың кәсіпкерлікке, кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын бизнес тренерлері бар. Биыл сонымен қатар біздің ШҚМУ университетімен осы оқу орынындағы студенттерге кәсіпкерлік негіздерін оқытуға келісім жасалды.
-Тұрақтандыру қоры көкөністерінің сақталуы, сапасы қандай? Егер өнім сапасыз болса кімге шағымдану керек?
-Қор өнімдерінің сапасын бақылау арнайы құрылған комиссия міндетінде. Биыл комиссия өнімдердің сапасы мен көлемін тексере отырып қабылдап алды. Қазір екі қаладан да көкөніс өнімдерінің сапасына байланысты ешқандай шағымдар түскен жоқ. Егер өнімдер бұзылып, сапасы төмендеген жағдайлар болса комиссия әкімдікпен бірлесе отырып, тексерулер жүргізіп, анықтайды. Көкөністердің бұзылып кетуіне байланысты жергілікті әкімдікке жазбаша түрде шағымдануыңызға болады. Мұндай жағдайлар болды, тексеріліп, шара қолданылды.
-Риддер қаласында тұрамыз. Бұл қала моноқала болып саналады, моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға байланысты мүмкіндіктер жасалған екен. Біз «Қасымұлы Құсайын» ЖК мал өнімдерін шығаратын ферма ашсақ дегенбіз? Несие ала алмай жүрміз. Несие алуға қандай мүмкіндіктерді пайдалана аламыз?
-Моноқалалар мен қалалар бойынша біздің басқарма өнімді еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несие беруге қатысады. Бұл бағдарлама бойынша несиелендіру көлемі 15,5 млн. теңгеден аспау керек. Сонымен қатар басқарманың үйлестіруімен мемлекеттік «Ақ ниет» бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр. Бірақ бұл бағдарламалар бойынша берілетін несиелердің бәрі де банктер арқылы бөлінеді. Мәселенің бәрі сонда болып отыр. Әр банктің өз несиелік саясаты бар. Кәсіпкерлерді қаржыландыру өте күрделі, қойылатын талаптар көп. Бірақ сіздер «Бизнестің жол картасы» бойынша қайтарымсыз грант алу жағын қарастырып көрулеріңізге болады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы жүзеге асырылып жатқан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы да қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастырып көріңіздер. Сіздер өздеріңіздің бизнес жобаларыңызды Риддер қалалық әкімдігіне тапсырыңыздар, олар бізге жолдасын. Қаржыландыру жолдарын қарастырайық.
-«Еңбек» бағдарламасының мақсат-міндеті туралы білсем деп едім?
-Бұл бағдарлама Семей мен Өскемен қаласында және төрт моноқалаларда: Зырян, Риддер, Курчатов,Серебрянка қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама бойынша алынатын несие көлемі 15,5 млн. теңгеден аспау керек. Пайдалану мақсатына байланысты несиені беру мерзімі де әртүрлі болып келеді, егер құрал -жабдық сатып алуға алсаңыз бес жылға, егер айналым қорын толтыруға арнап алсаңыз үш жылға беріледі. Мысалы, егер сізде печенье шығаратын цех болса, сіз оған пеш немесе нан илеу жабдығын сатып алғыңыз келсе несие бес жылға, ал өнім қоспаларын сатып алуға алсаңыз үш жылға беріледі.
– Өңірдің экономикасын дамыту бағытында қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
-Өңір экономикасын, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету екі бағытта жүргізіліп жатыр. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының бірнеше бағыттары және түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында. Олардың бәрі де аймақтағы «Кәсіпкерлікті қолдау картасын» жүзеге асыруға бағытталған. «Кәсіпкерлікті қолдау картасына» облыста 70 ірі жоба енгізілген. Жаңа жобалар салық түсімін арттыруға, жұмыс орындарын ашуға, барлық әлеуметтік- экономикалық жағдайдың жақсаруына ықпал етуде. Биыл Бақыршық алтын өндірісі зауыты ашылды. Жоба құны 135 млрд. теңгеден жоғары. Жуықта алтын концентратының алғашқы тоннасы алынды. Биылғы жылға тоғыз жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Екі өндіріс нысанын іске қостық. Іске қосылған нысанның екіншісі -Көкпекті ауданындағы «Кузьмич» ЖШС-нің бекіре балықтарын өсіру, бекіре икрасын өндіру шаруашылығы.

– «Бизнесті дамытудың жол картасы» бойынша бөлінетін гранттар кімдерге беріледі?
-Гранттар айналым қорын толтыруға немесе өзінің жаңашыл бизнес бастамасын, стартап идеяларын жүзеге асыруға беріледі. Стартап идеялар жастардың, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлердің арасында кең таралып, танымал болып келеді. Үш млн. теңге көлеміндегі қаржы қайтарымсыз беріледі. Басты шарты :кәсіпкерлікке үйрету оқуынан, курсынан өтіп, салық органдарына кәсіпкер ретінде тіркелу керек. Грантты алу үшін конкурсқа қатысушы өзінің жобасымен арнайы құрылған комиссия қарауынан өтеді. Конкурстан өтсе «Даму» қоры арқылы грантқа қол жеткізеді. Бағдарламаның кәсіпкерлерге субсидия беру бағыты да өз нәтижесін беріп жатыр. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері 993 жоба субсидияланды. Биылдың өзінде 150 жобаны қаржыландыруға субсидия берілді. Бұл бағытта біздің облыс республика бойынша бірінші орында тұр. Бағдарламаның кепілдендіру бағыты бойынша аймақта 351 жоба кепілдендіріліп отыр, Бұл бағытта екінші орындамыз.
-Кәсіпкерлікке байланысты туындаған сауалдар бойынша басқармаға қалай хабарласуға болады?
-71-31-21 қабылдау бөлмесінің; 71-31-20 менің телефоным. Кез-келген уақытта хабарласып, сұрақтарыңызды қоюға болады.
-Өскеменде құрылған индустриялық аймақтар неге жұмыс істемей тұр?
-Өскемендегі «Өркен», «Өндіріс» индустриялық аймақтары тиісті инфрақұрылымдарының жоқтығынан жұмыс істеп тұрған жоқ. КШТ-дағы индустриялық аймақта жер болғанымен, инфрақұрылымы жоқ. Қазір ТҮКШ басқармасы олардың жобасын жасады, ол сараптаудан өтіп жатыр. Келесі жылы қаржыландыру болса жол, жарық, су тартылады. Ал «Арматурный» ықшам ауданындағы аймаққа жарық тартылған. Қала әкімдігімен ол жерге төрт жобаны енгізу жоспарланып отыр. Семейдегі индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр, онда жеті өндіріс орналастырылған. Ол аймаққа «Агропортал» ЖШС-нің ет комбинаты жобасын да енгізіп отырмыз. Индустриялық аймақтарға орналасқан кәсіпкерлерге жер салығы, тағы да біраз мәселелерге қатысты жеңілдіктер де беріледі.
-Азық-түлік бағасы өсіп бара жатыр. Оны тұрақтандыруға байланысты іс-шаралар атқарылып жатыр ма?
-Біздің облыста баға мәселесін реттеуге, бақылауға орай комиссия құрылған. Комиссия біздің басқарманың, ауыл шаруашылығы басқармасының, қала, аудан әкімдерінің қатысуымен аптасына екі рет отырыс өткізіп келеді. Қазір 19 әлеуметтік маңыздағы азық түліктің сегізінің бағасы көтеріліп барады. Оның ішінде қант, тауық еті, сүт өнімдері, күнбағыс майы, күріш, қарақұмық бар. Біз өткен аптада күнбағыс майын шығаратын екі жергілікті өндірушімен: Шемонайхадағы «Востоксельхозпродукт» және Өскемендегі «Маслозавод №1» кәсіпорындарымен бағаны көтермеуге байланысты келісім жасасып, меморандумға отырдық. Ал қант бойынша өткен жолы арнайы комиссия құрылған болатын, отырысын өткізіп, хаттамасын шығардық. Көкөністердің тұрақтандыру қоры сияқты енді қанттың да қорын жасаймыз, Талдықорғандағы Ақсу қант зауытына тапсырыс беріліп отыр,10-15 вагон әкелінбек, ақша бөлінді. Қазір қант дүкендерде 250-270 теңге тұрса, тұрақтандыру қорының қанты 240 теңге мөлшерінде болады. Тауық етіне байланысты айтарым, Өскемен құс фабрикасымен де өткен аптада меморандумға қол қойдық, құс етінің бағасы түсетін болады. Қазір осы мәселелермен ауыл шаруашылығы басқармасы да айналысып жатыр.
Әзірлеген – Жанаргүл Мұқатай