Қоғам

Халық жердің игілігін көруі тиіс

Халық жердің игілігін көруі тиіс

Шығыс Қазақстан аймақтық коммуникациялар қызметінде Парламент Мәжілісінің депутаттары Жанат Жарасов, Василий Олейник және Евгений Козлов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.
Басқосу халыққа Жер кодексін жан-жақты түсіндіруге арналды. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Жер кодексінің бірқатар нормаларына мораторий жариялаған болатын.
-Парламенттің алдында тұрған міндеттер ауқымды. Қазақстанның өркендеуіне ықпал ететін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, бес институционалды реформаны жүзеге асыру мақсатында 59 заң қабылданды. Ауыл шаруашылығын дамытуды көздейтін Жер кодексіне енгізілген өзгерістер түсіндіру жұмыстарының ойдағыдай жүргізілмеуінің кесірінен тұрғындар арасында наразылық тудырды. Ендігі міндетіміз – осы нормаларды қалың бұқараға кеңінен жеткізу. Жаңа нормаларда қазақстандықтардың жер телімдерін жекеменшікке алуларына, ұзақ мерзімге жалдауына оңтайлы жеңілдіктер беріліп отыр. Ал шетелдіктердің жерімізді сатып алуына рұқсат болған жоқ, оған жол бермеудің тетіктері қарастырылған, – деді Жанат Жарасов.
Депутат Василий Олейник өз сөзінде шетелдіктердің Қазақстанда жерді тек жалға ғана алатынына тоқталды. Бұл әлемде кеңінен қолданылып отырған тәжірибе екен. Көрші Ресей жер алқаптарын 49 жылға жалға берсе, Францияда ең ұзақ мерзім – 99 жылға жалға беруге рұқсат етілген. Қазақстанның жерін шетелдіктерге жалға берудегі негізгі мақсат – ауылшаруашылық саласына қомақты инвестициялар тарту. Депутат «жер пайдаланылмай жатпауға тиіс, халық міндетті түрде оның игілігін көру керек» деген пікірде.
Евгений Козлов халықты Жер кодексіне енгізілген өзгерістер емес, олардың қаншалықты орындалатыны алаңдататынын жеткізді. Заң нормалаларына мораторий өзгертулердің нашарлығынан емес, түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен жарияланып отырғанын баса айтты. Осыған орай Елбасының тапсырмасымен Үкімет жанынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды. Депутат заңдылықтардың орындалуын қадағалауға бүгінде құрылып жатқан Қоғамдық кеңестердің де құзырлы екенін ескертті. Елімізде «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң жұмыс істейді. Демек, қарапайым халық осы кеңестер арқылы өз пікірлерін жеткізіп, заңсыздықтардың орын алмауына өз үлестерін қоса алады.
Евгений Козлов сонымен қатар жерді жалға алған шаруалардың телімді сатып алуы міндетті емес екенін түсіндірді. Жалға алу мерзімі аяқталғанда шаруа оны қайта ұзартуға құқылы. Өйткені жерді уақытша пайдалану құқын әлі ешкім тоқтатпапты.
Кездесуде депутаттар тек ауыл шарушылығы жерлері ғана сатылатынын, жалға берілетінін ерекше атап айтты.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button