Қоғам

«Халық жауының» Батыр баласы

«Халық жауының» Батыр баласы

Облыстық «Коммунизм туы» (бүгінгі «Дидар») газетінің редакциясында қызмет істеп жүрген кезім. Литваның Зарасай аудандық әскери комиссариатына хат жаздым. Аталас ағайым Ізғұтты Айтықовтың сол аудан жерінде қаза тапқанын естігенмін, енді нақты қалай болғанын, қай жерде жерленгенін білгім келді. Бір күні жауап хат алдым.

Алғашқы дерек

Зарасай ауданының әскери комиссары подполковник К.Скирта былай депті (орысша нұсқасынан аударма): «Құрметті жолдас! Жауапты кешіктіріп қайтарғаныма кешірім сұраймын. Сізге Литва ССР-нің Зарасай қаласындағы зиратқа қойылған жерлесіңіз, Совет Одағының Батыры Антықов Ізғұттының қабірі мен құлпытасының суретін жіберіп отырмын. Сондай-ақ, литва журналисі А. Матюкастың «Батырлардың ізімен» деген кітапшасынан бір тарауының аудармасын да жолдадым. Кейін сізге кітапшаның өзін де салып жіберемін. Өздеріңізде І.Антықов туралы материалдар болса, бәрін бізге жолдасаңыз екен. Материалдар әбден жинақталған соң бір жүйеге келтіріледі де, Өлкетану музейіне тапсырылып, онда арнаулы бөлім ашылады. 15. 09. 1965 ж.».
Қосымша конвертті асыға ашып қалдым: гүл көмкерген құлпытастың фотосы жарқ етті. Көзімнен жас та ыршып кетті. Құлпытас келісті екен, тек «…Антыков» деп, «й» орнына «н» қашалыпты.
А.Матюкастың «Рождение песни» деп аталған мақаласы төрт бет екен. Сол күні кеште қазақшалап, машинкалап жазып, «Жырдың тууы» деп атап, таңертең редакторымыз Мұқан Әбуғалиевке алып бардым. Мән-жайды айтып беріп едім, ол балаша қуанып, арқамнан қағып, жігіттерді шақыртып алып, мәре-сәре болдық та қалдық. «Сен енді мақала жаз, мына фотоны, аударманы кірістір, газеттің алдағы нөмірлерінің біріне берейік!» деді Мұқан.
Мен К.Скиртаға алғыс хат жазып, газеттің бір данасын жолдадым. Құлпытастағы қатені түзеттіруін өтіндім. А. Матюкасқа табыс етсеңіз екен деп, журналшыға жазған алғыс хатымды қоса жібердім.
А.Матюкаспен байланысымның нәтижесінде Зарасай аудандық әскери комиссариаттан Ізкен аға жайында көптеген құжаттардың көшірмесін алдым. Алайда, сырттай оқуымның сессиясы, емтиханы, 1966 жылдың көктемінде Алматыға көшуім, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына қызметке орналасуым – бәрі қабаттасып кетті де, бізді шақырған Литваға барып қайтуымның сәті түспеді. Бірақ ең қуанышты жәйт: Тарғын орта мектебінің мұғалімі Раздық Ибрагимов бастаған, құрамында: Ізғұтты ағаның анасы Күлән тәтем, қарындасы Ақшабике, інісі Тарғынбай және 12 шәкірт бар делегация 1967 жылғы маусымның 23-і күні пойызбен Литваға аттанды. Олар Зарасайда бір апта болып оралған соң Ақшабике апайым жергілікті жұрттың Батыр ағамыздың аруағын ардақтаудың, өздерін құрметтеудің ыстық ықыласты жағдайда болғанын айтып тауыса алмай жүрді.
Одан кейінде менің қолымнан келгені А.Матюкасқа хат жазып тұру, бір хатыма қоса «Алматы» атты альбом жіберу, қаламдасымды Алматыға шақыру болды. Ол 1968 жылғы қазан айының 17-сі күні жазған жауап хатымен бірге маған Вильнюс қаласын бейнелеген открыткалар жолдап, мені Литваға шақырды. Мен: «Әуелі сен Алматыға кел!» деп хат жібердім. Жауап болмады. Одан кейінгі хатыма да жауап ала алмадым. Не болғанын кім білсін. Ойда жоқта үлкен қуанышпен басталған байланысымыз солайша өкінішпен үзілді.
Қолымнан келген екінші іс: Үкіметке өзім де хат жазып, өзгелердің де хаттарын ұйымдастырып жүріп, Тарғын орта мектебі «Совет Одағының Батыры Ізғұтты Айтықов атындағы мектеп» деп аталуына қол жеткіздім.
1941 – 1945 жылдардағы соғыс, бүгінде кейбір «әсіребілгіштер» айтып жүргендей, қазаққа керегі жоқ қырғын болмады. Егер ол соғыста гитлершілдер жеңіп кетсе, онда Кеңес Одағын ғана емес, бүкіл дүние жүзін фашистер жаулап алатын еді, жауыздардың сол сұрқиялығын айғақтайтын құпия құжаттары табылып жатыр. Яғни, біз Қазақстан болудан қалып, қазақ тоз-тоз болып таусылар еді.

Сталинге үш рет хат жазыпты

Ізғұтты аға дүниеге 1922 жылы қаңтардың 2-сі күні Ұлан ауданының Ұранхай ауылында келіпті. Әкесі Құрманбай ұста, шешесі үй шаруасында болған. Отбасындағы жеті баланың тұңғышы Ізғұтты екен. Құрекең заман ағынына ілесіп, молдадан хат танырлық қана дәріс алғанына қарамай, Кеңес өкіметіне қызмет етуге кірісіп, біраз жыл айтыс-тартысқа қатысқан. Алайда, саясатта жолы болмай, ұсталығына біржола бұрылған. Сөйтіп жүргенінде бірде ел жата біреу терезесін қаққылап: «Ата! Апа!» деп еңірейді. Құрекең шапанын жамыла сала жүгіріп шықса, көрші үйдің кішкентай қызы екен. «Аталап» құшақтай алып: «Біреу тәтемді ұрып жатыр» дейді. Құрекең тұра ұмтылады. Үйге кіріп барса, айдың жарығынан алакөлеңке болып тұрған төрде екеу арпалысып жатыр! Құрекең бейтаныс жігітті бүркітше бүріп, далаға алып шығады да, домалата тепкілеп, қуып тастайды. Содан екі күннен соң аудан орталығынан екі милиционер жетіп келіп, Құрекеңді алып кетеді.
Кейін белгілі болғанындай, біздің В.Молотов атындағы ұжымшарға (колхозға) аудан партия комитетінен егін науқаны жұмыстарын бақылауға өкіл келеді. Мейманхана жоқ. Өкілдер ұжымшардың не бастығының, не партия ұйымы хатшысының, не кәсіподақ ұйымы төрағасының, не бас бухгалтерінің бірінің үйінде жатады екен. Ал әлгі өкіл бас бухгалтердің үйінде жатады да, үшінші күні іңірде масайып сыртқа шығып, «барлауына іліккен» жесір келіншектің үйіне барып, есігін сындырып кіріп, албастыша бассалады. Келіншек қызын терезеден шығарып үлгіріп: «Ұста атаңа бар, айт!» дейді.
Сонымен, «Халық жауы Айтықов Құрманбай коммунистік партияның қызметкерін аңдып жүріп соққыға жықты, партияны масқаралады» деген айыппен сотталып, он жылға Сібірге айдалды, сүйегі Магадан жерінде қалды.
«Халық жауы» Құрекеңнің шәкірт балалары мектептен, ересектері жұмыстан қуылды. Ыза буған Ізғұтты жасы 18-ге толысымен аудандық, одан соң облыстық әскери комиссариаттарға барып, майданға сұранғанда: «Біз «халық жауының баласын әскерге алмаймыз!» деген ызғарлы жауап естиді. Шарасы қалмаған Ізғұтты іргелес орыс селосының поштасына барады да: «Мәскеу. Кремль. И. Сталинге» деп, бір айда үш хат жазады. Хатында не дегенін сол кезде сырласы болған, поштаға бірге барған қыз – Бибі апайдан кейін естідім. Әкесінің «халық жауы» деген жалған айыппен сотталып кеткенін айтып, өзін майданға алдыруды сұрап: «Әкемнің адал адам болғанын қаныммен дәлелдеуге мүмкіндік беріңіз!» деп жазыпты. Үшінші хатынан соң 1942 жылы мамыр туа аудандық әскери комиссариат шақырып, майданға аттандырыпты.
Ізғұтты майдан жолын Сталинградтан бастап, Литва жерінде 1944 жылы шілде айында аяқтады. Батыс Двина өзенінен сұрапыл шайқаспен өткенде ауыр жараланып, госпитальге жөнелтілген. Бұрын бірнеше орден-медальмен, оның ішінде 2-нші және 3-нші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған старшина, полк комсомол комитетінің хатшысы Ізғұтты Құрманбайұлы Айтықов өзіне Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенін естіп және, қатты қиналып жатса да, «Комсомольская правда» газетінің тілшісімен сөйлесіп үлгірді. Тілші Л.Плескачевский «Здесь сражался комсорг» деген мақаласында Ізғұттының қолма-қол ұрыста жаудың 51 солдат-офицерін жойғанын, түнгі барлауға сұранып барып, 22 «тіл» әкелген ерлігін мақтанышпен жазыпты.
Ізғұтты аға (біздің ұлы аталарымыз бір әке, бір шешеден) үйленіп үлгіре алмады, артында тұяқ қалмады. Бүгінгі біздегі белгісі –мендегі майдандық үш бұрышты екі хаты ғана. Соларды ұсынайын. Біріншісі:

АМАНДЫҚ ХАТ
Ардақты, құрметті, аса қадірлі туған Анама! Іні-қарындастарыма, Әжеме, Астайдың, Жанаттың үй-ішіне, Төленнің үй-ішіне, барлық сұраған жанның бәріне көптен-көп сәлем! Сәлем соңында: қалай, аман-есен жүріп жатырсыңдар ма?
Ал менен хал-хабар сұрағандарға: аман-есен, тамақ тоқ, көйлек көк, жалғыз ғана сіздерді ойлаймын. Қазақстаннан келген адамдардың алдынан шығып, фашистермен қалай төбелескенімізді айттым. Жақсы кеш болды, подаркалар берді.
Ана-жан, мені ойлап ешуақытта жылаушы болма. Өзімше етім өлі емес қой деп ойлаймын. Отанды босатып, фашистерді құртып, үлкен табыспен үйге қайтамын!
Ал енді амандықта жолғасқанша хош-сау болыңыздар!
Жазған – Ізкендерің. 20.Ш – 43 ж.

Екінші, ақырғы хаты:

«МАЙДАННАН СӘЛЕМ!
Ардақты, құрметті туған-туысқан, ағайын! Сағынған Ізкендеріңнен сансыз сәлем! Сіздер үшін бір-екі ауыз тақпақ:

Аттанарда майданға
Қаптаса да өлім-өрт!
Айтқан едің, ата-ана:
Отанды сүйген жүрекпен
«Балам, балам! Барыңдар,
Жанған шоқтай жайнадық.
Қолға қару алыңдар!
Қызған сайын зор майдан
Ел шетіне жау тиді,
Найзаға ту байладық!
Соған ойран салыңдар!
Қынадай қырып фашисті,
Жау қолында зарлаған
Жеңіс күнге жетеміз!
Босатып елді алыңдар!»
Жеңіс Туын қолға алып,
Адал туған ұлдарың
Желпиміз көкке, арыға!
Сіздерге едік берген серт:
Жауды жеңіп, тез қайтып,
Алған беттен қайтпауға
Шырқаймыз Отан бағында!
Мағауым! Бұл хатты саған жазып отырмын. Үйдегі кәрілерге оқып бер. Хат жазғанда толық, адам не таңғаларлық, не күлерлік сөздер жазу керек (Мағау – нағашы інісі Мағауия, – Ғаббас).
Біз елден шыққалы көп уақыт болды. Кімдер қайда, жастар қайда, қарындастар қайда, не істеп жүр? Барлық жаңалықты жеткізетін кім? Әрине, қарындастарым мен бауырларым. Біздің үйге де барып, тәтем не жазам десе, сол сөзін жазып жіберіп тұрарсың.
Біздің мақсат – фашисті құрту! Жауды тез жойып, елге оралу!
Ізғұтты АЙТЫҚОВ. 25 апрель, 1944 жыл».
Зарасайда, Өскеменде, Алматыда Кеңес Одағының Батыры ІзғұттыАйтықовтың атындағы көше, Ұлан ауданында ауыл бар. Беларуссияның Полоцк қаласында және өз атындағы Тарғын орта мектебінде кеуде мүсін-ескерткіш қойылған (мектептегі ескерткішті жерлес інісі, мүсінші Талаптан Иманбаев сыйлаған).
Жақында, мамыр айының бірінші аптасында, Жеңіс күні алдында, Өскемендегі көшесінің басталар тұсына кеуде мүсіні қойылғанын газеттен оқып, бейнесін көріп, шексіз қуанышқа бөлендім! Мүсінді жасаған шеберге (өкінішке қарай, аты-жөні аталмапты), оған қаржылай көмек көрсеткен азаматтарға, мүсінді орнатуды ұйымдастырған Әшімов Жаңабай ініме, Ұлан ауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рашидбек Мұхамеджан мырзаға, құптап-қолдаған қала басшыларына мың да бір рахмет! Мүсіннің ашылу салтанатында Батыр аға рухын сыйлап, арнап өлең оқыған Тілеужанұлы Нұртай-жанға ақындық-азаматтық бақытты ұзақ ғұмыр тілеймін!
Ізғұттыға арналған очерк, әңгіме, өлең, естелік, хикаят баршылық. Жазушы інісі Мүсілім Құмарбеков Батырдың балалық шағы туралы кітап жазып шығарды. Сол рухани мұра арасынан орыстың көрнекті ақыны болған Алексей Сурковтың өлеңінің қазақша нұсқасын оқылық:

ІЗҒҰТТЫ БАТЫР

Оқ боран түтеп, от ұйтқып,
Бұлар – бесеу, жау – нөпір,
Жайпап тұр сыздақ даланы.
Айқасты ерлер жасқанбай.
Толқынды жарып Айтықов
Құдірет бітіп зәуде бір,
Аржаққа жүзіп барады.
Кеудеде қайрат тасқандай.
Жаға жақын қалды ма:
Мыңмен бесеу жұлқысса,
Жанары соны кезеді.
Мұратты шағы бір келді.
Аңдыған дұшпан алдына
Гвардия полкы бұл тұста
Ап шықты Двина өзені.
Өзеннен өтіп үлгірді.
Гүрс те гүрс маңай,
Тал, терек, қайың ішімен
Снаряд ұшып,
Жасады жойқын шабуыл.
Топырақ отқа еріді.
Полктың батыр бесеумен
Бұл жатыр жерге жабысып,
Қауышқан сәтті шағы бұл.
Қасында төрт-ақ серігі.
Алда еді жарқын күн ғажап –
Көк аспан быт-шыт жыртылды.
Жеңіске жеттік біз нақты!
Бұлт та қанды қызғылт-ты…
Себепкер оған бір Қазақ –
Бір сәтте алға ұмтылды
Құрманбайұлы Ізғұтты!
Құрманбайұлы Ізғұтты.
Қадірлі жерлестер! Қанқұйлы жауға қарсы аттанып, ата-бабасының жеңіс жолын жалғаған Қаћарман Ізғұтты Құрманбайұлы Айтықовтың аруағын әрқашан сыйлап жүрейік.

Ғаббас Қабышұлы

Осы айдарда

Back to top button