Қоғам

Халық «Хайрузовка нанына» неге құштар?

Халық «Хайрузовка нанына» неге құштар?

Атауының төркіні қайдан, қалай шыққанын кім білсін, Үлкен Нарынның іргесінде Хайрузовка деп аталатын шағын ауыл бар. «Әр елдің өз мақтанышы болады» демекші, бүгінде осы аядай ауылдың атағы шағын ғана наубайханамен-ақ дүркіреп тұр.

Байқары бар технологтың айтары да бар екен

Іргетасын 2000-ыншы жылы марқұм Қасымбай Мұхаметқайыров қалаған наубайхана бұл күнде арысы Катонның шалғай ауылдары мен берісі Зырян қаласындағы аралықтың елді мекендерін нанның екі түрімен қамтамасыз етіп отыр. Қамтамасыз етіп отыр дегеннен гөрі, аталған елді мекеннің халқы «Мұхаметқайыров» жеке кәсіпкерлігінің наубайханасынан шығатын нанға зәру деуге болады. Бізді қайран қалдырғаны, 35 мың халқы бар Зырян қаласының бір өзінде 6-7 наубайхана күні-түні жұмыс істеп тұрса да, қаладағы бірқатар дүкендер күнделікті нанға деген тапсырысты өздерінен 70 шақырым жердегі Хайрузовкаға беретін көрінеді. Жергілікті наубайшылардың нандары жетпегендіктен емес, халықтың «Хайрузовка нанына» деген жеңсіктігінен. Оны айтасыз, ауылдың іргесіндегі күре жолдан күнделікті ары-бері өтетіндер арнайы бұрылып кеп, осы наубайхананың нанын сатып алуды әдеттеріне айналдырып алыпты. Құдды бір балға үймелеген аралар секілді.
Әуелі естігенде «әсірелеп тұрған шығар» деп, наныңқырамаған едік. Наубайханаға біздің соңымыздан ілесе келген екі жеңіл көлік иелерінің әрқайсысы 15-20 бөлкеден пештен әлгінде ғана шыққан, иісі танауыңды қытықтайтын ыстық нанды көзімізше сатып әкеткенде барып, нанбасқа амалымыз қалмады.
– Мұның сыры неде? Шағын ғана наубайханаларыңыздың не құдіреті бар? – дейміз ғой қайран қалып ондағыларға.
– Оны айтуға болмайды, – дейді осы наубайханада 10 жылдан бері технолог болып жұмыс істеп келе жатқан Гүлбаршын Ихметжанова. – Бір қарағанға біздің өзге наубайханалардан ешқандай артықшылығымыз жоқ. Сол ұн, сол қалып, сол пеш дегендей. Жалпы, аудан көлемінде де, Зырянның өзінде де көлемі бізден әлдеқайда үлкен, заман талабына сай, жаңа қондырғылар орнатылған наубайханалар жетіп-артылады. Мәселе – нанның санында немесе жаңа қондырғылы цехтан шығуында емес. Ыстықтай жесең де, суықтай жесең де тіліңді үйірер дәмділігінде. Ал оның сыры қамырдың қалай әзірленуінен бастау алады. «Ашытқыға не қосу керек, ол қанша уақыт тұруы тиіс, бабына келді ме, келмеді ме, қамырға суық тиіп, болмаса шамадан тыс ыстықта тұрып қалған жоқ па, тұзы қалыпты ма?» – деген секілді және тағы да басқа өзіндік талаптар мен рецептерге сай болуында. Алайда, мұның бәрі құпия.
Күнделікті жеп жүрген нанымыздың мұншама толып жатқан жыры болады деп кім ойлаған.
– Осының бәрін қайдан біліп алғансыз, әлде, арнайы нан пісірушілер даярлайтын оқу оқып па едіңіз? – дейміз ғой біздің де қызығушылығымыз арта түсіп.
– Ешқандай да арнайы оқу-тоқуым жоқ. Мұның бәрін бала күнімізде әжелеріміз бен аналарымыз үйреткен. Бұл кәдімгі қазақ халқының нан басу, пісіру әдісі. Сол қыз күнімде көргенім көңілімде мәңгі тоқылып қалыпты. Бертін келе, Қасымбай Фазылұлы осы шағын кәсіпорынды ашқасын «бірлесіп жұмыс істейік» дегенде барып, санада көмескіленіп қалған дүниелерді саралап, еске түсіруге тура келді, – дейді наубайхананың бас технологы.
Қазақта «Жасында байқары жоқтың, жасы ұлғайғанда айтары жоқ» деген аталы сөз болушы еді. Ал технолог Гүлбаршынның сөзіне қарап, «Бұл мақалды өңін айналдырып айтса да болады екен-ау» деген ойға қалдық.

Тәулігіне 3 мың бөлке нан пісіріледі

Халық «Хайрузовка нанына» неге құштар?

Кәсіпорынның алғашқы қожайыны Қасымбай Фазылұлының дүниеден өткеніне екі жыл болыпты. Содан бергі уақытта әкеден қалған аманатты арқалап, шаруашылыққа иелік етіп отырған ұлы Марат екен. Шағын болса да, кәсіпорынның бастаған ісін орта жолда қалдырмауды өзіне мақсат етіп қойған Марат жұмыс барысындағы қажетті дүниелер мен жұмысшылардың мәселесі, тағы да басқа бітіп бермейтін проблемаларды шешуде анасы Сәуленің ақылына да сүйенетін көрінеді.
Бүгінгі күні наубайхана жұмысын дөңгелентіп отырған 26 жұмысшы үш ауысымда үзіліссіз жұмыс істеп, тәулігіне 3 мың бөлке нан пісіреді. Оның тең жартысы бірінші сұрыпты болса, қалған жартысы екінші сұрыпты нан. Әзірге жергілікті әкімдіктің келісімі мен мемлекеттің баға саясатына орай, бірінші сұрыпты нан бағасы 53 теңге болса, екіншісі 51 теңгеден саудаланып жатыр. Сондай-ақ, қазір қай жерде болмасын әлеуметтік дүкендер бар. Ол дүкендерге мұндағылар пісірген нандар 46-48 теңгеден өткізілетін көрінеді.
– Өнімдеріңізді әлеуметтік дүкендерге төмен бағамен беретіндеріңіз құптарлық екен. Алайда, қазір бидайдың да, одан өндірілетін ұнның да бағасы өсіп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда шығындарыңыздың орнын қалай жаппақсыздар? – деген сауалымызға:
– Бағаны өздігімізден белгілеуге рұқсат жоқ. Тек, Үкіметтің белгілеп берген бағасымен ғана сатамыз. Былтыр ұнның келісін 40-45 теңгеден алған едік. Соңғы ұнның әр келісін 50 теңгеден алдық. Ал нан бағасының өзі осы төңіректе екенін әлгінде естідіңіз. Бағаның көтерілуіне байланысты Үкімет «жақында 20 тонна ұнды әлеуметтік бағамен береміз» деп отыр. Оны бізге ешкім әкеліп бермейді. Өскемендегі «Защита» вокзалынан өз көлігімізбен барып алармыз. Есептей беріңіз, біз ай сайын 450 квт. электр энергиясын пайдаланамыз. Одан бөлек құрал-жабдықтар мен басқа да техникалар сынбай тұрмайды. Ең алғашқы тапсырыс орындаушы автокөлік таңғы сағат бесте Зырянға нан әкетеді. Араға бір сағат салып, екіншісі Катонға, сосын жетіде Үлкен Нарынға үшінші көлік кетеді.
Бұлардың барып-қайтар жанармайы, жұмысшылардың жалақысы, күнделікті пайдаланатын электр энергиясы, су шығыны, бәрі-бәрі біздің күнделікті күн тәртібімізден түспейтін мәселелер. Бұл айтқандарымды шағым деп ұғып қалмаңыз. Сөздің реті келгесін айтып жатқаным ғой, – деп жауап берді Қасымбайдың ағайындас туысы, кәсіпорын директорының орынбасары Асылбек Қақанұлы.
Біз барғанда Марат Қасымбайұлы қалаға жол жүріп кеткен екен. Сол жердегілердің сөзінен ұққанымыз, жас та болса еті тірі, нарықтың қыр-сыры мен ұңғыл-шұңғылына көз жүгіртіп қана қоймай, бір адамдай игеріп те алған жас директор әзірге әке аманатын абыроймен арқалап келе жатқан сынды. Құрамында түрлі ұлт өкілдері еңбек етіп жатқан шағын ұжым басшыларының іскерлігіне дән риза.
– Алғашқы кездері түрлі кедергілер де, қиындықтар да болды. Қожайындарымыз өте қарапайым, жақсы адамдар. Қай кезде болмасын қол астындағы жұмысшылардың жағдайымен санасып, жеке мәселелеріне түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше көмек қолын созып тұрады. Қиындықтар қазір де бар, бірақ, оның барлығы уақытша. Әсіресе, жаз айларында демалуға келетіндер біздің нанымыздың дәмін алып алған. Ары өтсе де, бері өтсе де жолдан арнайы бұрылып келіп, нанымызды алып кетеді. Біз оған әрине, қуанамыз. Өйткені, қазір наубайханалар қай жерде болмасын көп қой. Соған қарамастан біздің өндіріп жатқан өнімдерімізге деген халықтың сұранысы көбеймесе, азайған жоқ. Жұмысшыларымыз жалақыларын мерзімінде алып тұрады. Өйткені, тапсырыс берушілер алған тауарлары үшін қолма-қол есеп айырысады, – дейді осы кәсіпорында он жылдан астам уақыт есепші болып қызмет ететін Галина Станиславовна.
Біз шағын кәсіпорынның бидай мен ұн сақтайтын қоймаларынан бастап, диірменін, нан пісіретін цехтары мен дайын өнімдеріне дейін танысып шықтық. Іші-сырты тап-тұйнақтай, бәрі де көңілге қонымды. Көзімізге шашылып, төгіліп жатқан артық-ауыс ештеңе іліне қоймады.
Өз істерін бес саусақтай меңгеріп, шаруаларын дөңгелентіп отырған ұжымға табыс тілеп, қайтуға ыңғайланғанымызда қазақы дәстүрмен «Қуыс үйден құр шықпаңыздар» деген технолог Гүлбаршын пакетке салынған төрт-бес бөлке нан ұсынды.
Әлгінде ғана қызара бөртіп пештен шыққан бөлкелердің хош иісі мұрынды жарып бара жатты. Тамам ел тамсанатын «Хайрузовка наны» мақтаса, мақтағандай-ақ екен…

Серік Құсанбаев

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button