Қоғам

Халық Ертістің ханбалығын сатып алып жатыр

Халық Ертістің ханбалығын сатып алып жатыр


Өскеменнің өзінің ханбалығы (форель) пайда болды. Қалада Өскемен су қоймасында шарбақтық өсіру тәсілімен қолдан өсіріліп жатқан ханбалықтар саудаға шығарылып, сатылып жатыр. Шығыс Қазақстанның өзен-көлдерінде кездеспейтін ханбалық мұндай тәсілмен алғаш рет өсіріліп отыр. Ел ішінде бақтақ деп те аталатын аса дәмді балықтың бұл түрі бізге осы уақытқа дейін Алматы, Ресей жақтан әкелініп келді.

Үш жыл бұрын Өскемен су қоймасында алғаш рет шарбақтық тәсілмен балық өсіру шаруашылығын құру қолға алынған болатын. Су қоймасын балық өсіруге пайдаланудың құжаттары әзірленіп, конкурс өткізіліп, қорытындысында су қоймасының екі учаскесін «Гранд фиш», «Восток универсал» ЖШС ханбалық өсіру мақсатында пайдалануға алды.

Екі шаруашылықтың Зырян ауданындағы Ермаковка ауылы маңында және Ұлан ауданының Новотроицкое ауылы тұсында ханбалық өсіретін участоктары бар.

– «Гранд Фиш» ЖШС ханбалықтары қазір Өскеменде аквариумдегі тірідей күйінде де сатылып жатыр. Бағасы өзге жақтан әкелінетін ханбалықтан төмен. Шаруашылықтың участогына бұл ханбалықтардың 60 000-дай құртшабағы былтыр Алматы жақтан әкелініп, жіберілген болатын. «Гранд Фиш» тауарлы балық сатып жатса, «Шығыс Универсал» ЖШС ханбалықтың құртшабақтарын көбейтіп өсіріп, сатып жатыр. Жергілікті нарықты өзіміздің балық өнімдеріне толтыру үшін, балық шаруашылығын дамыту үшін енді осындай шаруашылықтарға мемлекеттен субсидия беру жағын қарастырып жатырмыз,-дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев.

Алдағы уақытта Бұқтырма су қоймасының таулы жерлері маңындағы жекелеген участоктарында да осындай шарбақтық тәсілмен қолдан балық өсіру шаруашылықтары құрылмақ. Ол участоктарда пелядь, рипус сияқты ақсақа балықтарының түрі өсіріледі. Суы салқын Бұқтырма су қоймасының жоғары жағы осындай балық түрлерінің өсіп-өнуіне аса қолайлы.

Ханбалықты шарбақтық тәсілмен өсірудің жобасына үш жыл бойы ғылыми жетекшілік жасаған Өскемендегі Алтай балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты филиалының бас ғылыми қызметкері Людмила Кушникова ханбалықты өсіруге Өскемен су қоймасы қолайлы болып отырғанын, қолдан тамақтандырылып отырған балықтар бұл араға жерсініп, жақсы өсіп, көбейіп жатқандығын айтады.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button