Қоғам

Халықаралық стандарттарға сай боламыз

Денсаулық сақтау, білім, құрылыс және тұрғын үйлерді пайдалануға беру, мәдениет, спорт – адамдардың өмір сапасы тікелей нақ осы салаларға байланысты. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің Нұр-Сұлтанқаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерімен осы тақырыптар әңгіме болды.

Облыстың әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесін сипаттайтын цифрлар Шығыс Қазақстанның өңірлері арасында ұзақ жылдар бойы көшбасшылардың бірі болғанын айғақтайды. Ал денсаулық сақтау саласында Шығыс Қазақстан облысы жаңа әрі озық технологияларды енгізу жөнінен үздік болып табылады. Айталық, шығысқазақстандықтар елімізде алғашқы болып аудан орталықтарында – Алтай мен Аягөз қалаларында инсульттық орталықтар ашты.

–Адамдар медицинаның науқастар үшін барынша жақын бола түскенін нақты сезініп отыр. Алдағы уақытта аталмыш елдімекендерде кардиологиялық орталықтар ашылмақ. Бейнелеп айтсақ, шунттау бойынша оталар ауылдарда жасалатын болады. Міне, өмір сапасын арттыру бағытында жасалған нақты қадам деп осыны айтуға болады, – деді Даниал Ахметов.

Ең заманауи құрал-жабдықтарды сатып алу және дәрігерлерді оқыту туралы айтқан аймақ басшысы жергілікті денсаулық сақтау саласын дамытудағы тағы бір қажетті қадам Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында орналасқан жетекші мамандандырылған клиникалардың филиалдарын ашу болатынын атап көрсетті.Өскеменде Ұлттық ғылыми кардиологиялық хирургиялық орталықтың бөлімшесі ашылады, бұл бағытта әйгілі кардиохирург Юрий Пя белсенді қолдау көрсетіп келеді. Ал Семейде травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының, сонымен қатар ұлттық нейрохирургия орталығының филиалдары құрылмақ.

–Филиалдардағы құрал-жабдықтар еш кем болмайды, ал кей жағдайда тіпті орталықтардың өздерінде тұрған құрылғылардан да анағұрлым заманауи болады. Біздің адамдар ота жасату үшін елордаға немесе шет елдерге қатынауды қояды, – деді облыс әкімі.

Кезінде Семейдегі салынып жатқан радиология орталығына да осындай үміт артылған болатын, алайда жауапсыз мердігерлердің кесірінен нысан сақалды құрылысқа айналып шыға келген-ді.

Алайда, облыстық әкімдік жақында ғана сот арқылы бұрынғы мердігерді жеңіп шықты, жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Ол құжатта медициналық мекемені салу барысында жіберілген кемшіліктер түзетілетін болады. Даниал Ахметов құрылысы ұзаққа созылған орталық 2021 жылы іске қосылатынын атап өтті.

– Біздің халықаралық стандарттарға жету жолындағы мақсатымыз айқын, сондықтан медициналық мекемелеріміздің JCI  талаптарына сәйкес болуы біз үшін маңызды. Бірінші кезекте тек Шығыста ғана емес, республика бойынша да Семейдегі жедел жәрдем ауруханасы бірінші болып аталмыш тіркелуден өтуде, – деп атап өтті облыс әкімі.

Брифингте журналистер тарапынан облыс орталығындағы ірі алпауыт компаниялардың қоршаған ортаға тигізіп жатқан экологиялық зияны да айтылмай қалмады.

– Мұның бәрі өткен ғасырдан қалған ескі технологиялардың кесірінен болып отыр. Соның зардабын біз тартып келеміз. Бірақ өмір бір орнында тұрмайды. Экология министрлігінде өндірістік алпауыттардың бірі әзірлеген дайын бағдарлама қаралуда жатыр. Қалай дайын болады, Сіздерге ол туралы толығырақ айтатіын боламыз, – деді Даниал Ахметов.

Тілшілер қауымын радиологиялық орталықпен қатар құрылысы созылып кеткен  Өскемендегі Ертіс үстіндегі көпір мен кадрларды қайта даярлау  орталығының жайы да бейжай қалдырмады. Анығында көпірді қолданысқа бергенімен, кейбір ұсақ-түйек кемшіліктері алдағы жылы жөнделмек. Қазіргі уақытта құрылыс компаниясы қаржылық қиындықтарға тап болғандықтан, қазір ісі сотта қаралуда.

– Аталған көпірдің құрылысы барлық тиісті тексерулерден өтті және қолданысқа дайын деп толық айта аламын, – деді облыс басшысы.

Ал қайта даярлау орталығының құрылысына келсек, қазір ол облыстың теңгеріміне берілген. Алдағы таяу уақытта бұл құрылыстың екінші тынысы ашылып, жаңа деңгейге көтерілмек.  Бұл жерде заманауи, физика-математика бағытындағы және гуманитарлық оқу орталығы ашылмақ. Қазірдің өзінде ғимарат қасында орталықтың оқытушыларына арналған 100 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда.

Даниал Ахметов брифинг барысында сонымен қатар  облыстың ағымдағы жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші, өңірдің болашағытуралы да айтып өтті.

Бұл туралы толық ақпарат «Дидардың» арнайы шығарылымында /№133, 21 қараша, 2019 жыл/ жарияланған.

Әзірлеген – Ержан Әбіш,

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button