Қоғам

Халық қалаулылары халықпен етене болуы тиіс

Халық қалаулылары халықпен етене болуы тиіс

Кеше аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті ХХІ сессиясы болып өтті. Жиында негізінен денсаулық сақтау мен жылу маусымына дайындық мәселелері қаралып, бірқатар қосымша мәселелер талқыға салынды.

Йодталған ас тұзын
өндіруді қолға алу керек

Сессияда бірінші болып баяндама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников аймағымызда ана мен бала өлімін азайтуға байланысты атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып, нақты деректер келтірді. Оның айтуынша, соңғы жылдары облыстағы демографиялық жағдай оңалып келеді. Атап айтқанда, туу көрсеткіші алдыңғы жылдардағымен салыстырғанда төрт пайызға артып, өлім көрсеткіші жеті пайызға кеміген көрінеді. Мұның бәрі облыс халқы табиғи өсімінің 6,5 пайызға ұлғаюына негіз болған. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, былтырғы жылғы көрсеткіш 4,8 пайызды құрапты. Аймағымызда 18 жасқа дейінгі балалардың саны 377 мыңнан асып жығылады екен.
– Бүгінде облыс бойынша денсаулық сақтау саласына қатысты бірнеше көкейтесті мәселе бар. Оның ең негізгісі –педиатр, акушер-гинеколог сияқты дәрігер мамандардың жетіспеушілігі. Облысымызда аналар өлімінің азаюы байқалады. Біздегі көрсеткіш дүниеге келген жүз мың сәбиге шаққанда 6,4 пайызды құрауда. Бұл жағынан республикалық деңгейден де (10,5 пайыз) жоғары нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Соңғы үш жылда аймағымызда аналар өлімі 41 пайызға кеміп, осыған қатысты рейтингте Шығыс Қазақстан 14-ші орыннан 6 орынға дейін көтерілді. Сол сияқты сәбилер өлімі де айтарлықтай азайған. 2011 жылдан бері жүргізген бақылаудың нәтижелеріне көз жүгіртсек, облысымызда бала өлімі 27 пайызға кеміген. Үстіміздегі жылдың сегіз айында ғана бұл көрсеткіш 21 пайызды құрады, – деген В.Овсянников сәбилердің өліміне көбінесе туа біткен ақаулар, тыныс алу жүйесінің аурулары және түрлі инфекциялар себеп болатынын атап өтті.
Басқарма басшысы өз баяндамасында сәбилер өлімі жағынан облысымыздың Көкпекті, Глубокое, Ұлан және Катонқарағай аудандары көш бастап тұрғанын ерекше назарға алды. Қазір аталмыш аудандарда балалар өлімін азайту мақсатында арнайы жол картасы жасалып, кешенді жұмыстар қолға алынып отырған көрінеді.
– Бүгінде бірқатар шетелдік әріптестерімізбен байланыс орнатып, жұмыс жасаудамыз. Өздеріңіз білесіздер, осыдан үш жыл бұрын Израильдің маңдайалды медициналық орталықтарымен меморандум жасасқан болатынбыз. Осы меморандум шеңберінде Өскемен, Семей және Павлодар қалаларының жүзден астам дәрігер маманы израильдік клиникаларда болып, балалар хирургиясы, балалар анестезиологиясы, гинекология, нейрохирургия сияқты салалар бойынша тәжірибе жинақтап қайтты. Жалпы, израильдік дәрігерлермен бірлескен 120-дан астам ота жасалды. Жақында жоғарыда айтылған меморандум мерзімі тағы үш жылға ұзартылды. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяның «Каннам Северанс» клиникасымен де меморандум жасалып, осы келісімшарт аясында шығысқазақстандық екі балаға тегін ота жасалды. Алдағы уақытта кореялықтармен де әріптестігімізді нығайта беретін боламыз, – деген басқарма басшысы облыста сондай-ақ, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) антенаталды және перинаталды көмек пен күтімге қатысты бірқатар халықаралық бағдарламаларының да жүзеге асырылып келе жатқанын тілге тиек етті.
Өз баяндамасында басқарма басшысы облысымызда медицина саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыру және науқастарды тиісті жерге жедел жеткізу үшін бір Ан-2 ұшағы қажет екенін алға тартты. Сондай-ақ, аймақта сараптамалық санаттағы әмбебап ультрадыбыстық жүйелердің санын арттыруға да көңіл бөлу керектігін айтты.
Сессияда мектеп оқушыларының ас мәзіріне йодталған тұзды енгізу жайы да сөз болды. Қазір елімізде йодталған ас тұзын шығаратын кәсіпорындар өте аз. Соның әсерінен, көптеген елді мекенде бұл өнімнің тапшылығы байқалады. Ал мамандардың пікірінше, тек екіқабат әйелдер ғана емес, әр адам күніне орта есеппен 6 грамм мөлшерінде йодталған ас тұзын тұтынуы қажет екен.
Мәслихат сессиясында қаралған келесі бір мәселе – облыстың қысқы маусымға дайындығына арналды. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айтқазы Шерубаев баяндама жасады. Ол өз сөзінде облыста жылу маусымына әзірлік ойдағыдай жүргізіліп келе жатқанын айтып, бүгінде білім, денсаулық және әлеуметтік сала нысандары қысқа жүз пайыз дайын екенін жеткізді. Қазір Өскемен мен Семейде, сондай-ақ, бірқатар аудан-қалаларда тұрғын үйлер мен мектеп-ауруханаларға жылу беріле бастаған көрінеді.
– Жалпы, облысымызда қысқы маусымға дайындық жұмыстарына 22 млрд. теңге бөлінді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 12 пайызға жоғары екенін атап өткім келеді. Қазір облысымыздағы қазандықтардың 81 пайызы жөнделіп, қызмет көрсетуге әзір тұр. Резервтік қазандықтар да жуық арада жөнделіп бітеді, – деген басқарма басшысы аймақтағы электр жүйелерін жаңартуға көңіл бөлу керек екенін айтты. Сондай-ақ, көмірмен қамту, жылуға қатысты берешектерді өндіру сияқты мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.
Басқарма басшысының сөзінен белгілі болғандай, биыл облысымызға 10,5 мың тонна «әлеуметтік» мазут жеткізіледі екен.

Сайлаушылармен бір де бір рет кездеспеген депутаттар да бар

«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға сәйкес бір жыл көлемінде халық қалаулыларымен атқарылған жұмыстар туралы облыстық мәслихаттың хатшысы Григорий Пинчук ақпарат берді. Оның айтуынша, депутаттардың сайлауалды бағдарламаларына жүргізілген талдаулар мен сараптамалардың нәтижесінде көбінесе әлеуметтік бағыттағы мәселелердің өзектілігі байқалған. Атап айтқанда, әлеуметтік қамту, білім беру, денсаулық сақтау салалары, оның ішінде медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, экологиялық ахуалды жақсарту және тағы басқалар.
– Есепті кезеңде барлығы 10 облыстық мәслихаттың сессиясы өтсе, оның төртеуі кезектен тыс жағдайда өтті. Бұл сессияларда 144 шешім қабылданып, 23 шешім әділет органдарында тіркелген. Біздің құзыретімізге сәйкес аталған сессияларда ауылдық округтерді, тірек елді мекендері мен аудан орталықтарын дамытудың кешенді жоспары бекітіліп, елді мекендерді көгалдандыру, көріктендіру, сондай-ақ, үй жануарларын қолға ұстау ережелері қабылданып, тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, – деп атап өткен Григорий Пинчук депутаттар өздерінің қызметтерін ақпарат құралдары арқылы ұдайы жариялап отырғандығын жеткізді.
Нақты дерекке сүйенсек, есепті кезеңде сайлаушылармен жиыны 875 кездесу өткізіліп, 2684 адам жеке қабылдауда болған. 1623 өтініш қаралған. Бұқаралық ақпарат құралдарында депутаттардың қызметін көрсететін 15 материал жарияланыпты. Оның ішінде облыстық газеттерде 6 сұхбат басылған.
Халық қалаулылары қайырымдылық шараларынан да тыс қалмай келеді. Олардың демеушілігімен бүгінгі күні 60 млн теңгенің көмек-қолдауы көрсетілген екен.
Алайда облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ атқарылып жатқан бұл жұмыстардың әлі де жеткіліксіз екеніне тоқталды.
– Кейбір депутаттардың белсенділігі төмен. Өздерінің сайлауалды бағдарламаларында көрсетілген мәселелер бойынша нашар жұмыс істейді. Сайлаушылардың алдында берген уәделері орындалмай қалып жатады. Мәселен, бесінші шақырылым өкілдері қызмет атқарған 32 айдың ішінде барлығы 3 мың 455 кездесу өтіпті. Мұны облыстағы 321 депутатқа бөлсек, шамамен 12 кездесуден келеді екен. Бұл көп пе, аз ба? Әрине, аз. Тіпті, 32 айда өзінің сайлаушыларымен бір рет жүздеспеген депутаттарымыз да бар, – деп сынға алған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ кездескісі келмейтін халық қалаулыларын атап көрсетті.
Олардың арасында Абай, Зайсан, Зырян аудандары мәслихаттарының өкілдері бар екен.
Сайлауалды міндеттер бойынша Семейде – 43, Зайсан ауданында – 20, Катонқарағай ауданында 13 мәселе орындалмай, назардан тыс қалып қойған. Бұл түйткілді қаперге алған аймақ басшысы депутаттарды сайланғанша емес, сайланғаннан кейін де белсенді қызмет жүргізіп, берген уәделері мен қойған міндеттерін орындауға, сондай-ақ, Парламенттегі әріптестерімен және жергілікті атқарушы билікпен тығыз қарым-қатынаста қызмет істеуге шақырды. Сол сияқты облыс әкімі жергілікті жерде қандай да бір шешімін таппаған мәселе туындаса бірден Үкіметке хат жазуға асықпай түйткілдің күрмеуін ең алдымен осындағы билік өкілдерімен, облыс басшылығымен шешуге әрекет ету қажеттігін еске салды. Кейбір депутаттарымыз шынымен де қит етсе жоғарғы жаққа хат жазып, шуылдай жөнелетіні бар. Онымен әрине мәселе шешілмейді.
Өңір басшысы сессияда көтерілген бірқатар мәселелерге қатысты өз ойын білдірді. Айталық, балалардың денсаулығын нығайту үшін йодталған тұздарды пайдалану, Семей қаласында инсульт орталығын ашу, перзентхана салу, көлік апатынан мерт болатын адамдар санын азайту үшін жүргізушілерге куәлік бергенде алғашқы медициналық көмек көрсетуді қоса оқытуды талап ету, медицина қызметкерлеріне жатақхана салу, радиациялық ахуалды бақылауда ұстау, балық қорын сақтауды қолға алу сияқты мәселелерді облыс басшысы қолдайтынын және оларды жүзеге асыруға ықпал ететінін жеткізді.
– Бүгінгі күні өңірдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік жағдай тұрақты. Мемлекет басшысының берген тапсырмалары ретімен жүзеге асырылуда. Күзгі жиын-терін жұмыстары да кестеге сәйкес жүргізілуде. Жұмыспен қамтуда да ешқандай мәселе жоқ. Біздің алдағы басты мақсатымыз – облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін былтырғы және орташа республикалық деңгейден төмендетпеу. Оған мүмкіндігіміз жетеді. Қыркүйек айының ортасынан бастап ірі кәсіпорындарымыздың жұмысы бір қалыпқа түсті. Бұл, әрине, олар шығаратын өнімдер бағасының өсуі мен оларға деген сұраныстың артуынан, – деп нақтылады облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Аймақ басшысы қазіргі уақытта құрылысы жүргізіліп жатқан білім, денсаулық сақтау салаларының нысандары жыл соңына дейін толық қолданысқа берілетінін айтты.
Сонымен қатар жиында агроөнеркәсіптік кешен, экология, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Ержан Нұрбаев өңірдегі балық және орман шаруашылықтарын қорғау бойынша ақпарат берді.
Облыстық мәслихаттың XXI кезекті сессиясының соңында өңірімізден Парламент Сенатының депутаттығына сайланған Сергей Плотниковты жаңа мандатымен құттықтап, еңбегіне табыс тіледі.
Өз кезегінде сенатор Плотников сын сағатта қолдау білдіріп, сенім артқан шығысқазақстандық әріптестеріне, облыс басшылығына ризашылығын жеткізді.

Нұржан Кенжеұлы, Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button