Қоғам

«Халық қаһарманын» \”Халық қорғаушысына\” айналдырған кім?

«Халық қаһарманын» "Халық қорғаушысына" айналдырған кім?

Ұлы Отан соғысының ардагері, партизан-жазушы, Қазақстанның «Халық қаһарманы» Қасым Қайсеновке 2010 жылы Өскемен қаласында ескерткіш орнатылғанын жұртшылық біледі.
Ал енді осы ескерткіштің орысша жазуына назар аударып көрген адамдар бар ма? «Герой Великой Отечественной войны, командир партизанского движения, кавалер ордена «Народный защитник» деп тасқа қашалып жазылған. Мұны қалай түсінуге болады? Қазақстанда «Народный защитник» деген орден қашаннан бар еді? Бұл, біздің түсінгенімізше, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен 1993 жылы бекітілген «Халық қаһарманы» атағының шала-жансар аудармасы. «Халық қаһарманы» атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелік бeлгici — Алтын жұлдыз және Отан ордені тапсырылады.

«Халық қаһарманын» "Халық қорғаушысына" айналдырған кім?

Батыр жерлесіміз Қасым Қайсенов тәуелсіз мемлекетіміздің ең құрметті атағын алғашқылардың бірі болып, Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында иемденген еді. Сонда осы ескерткіштің жазуын жазған адамдардың соншалықты сауатсыз болғандары ма? Халық қорғаушысы мен Қазақстанның «Халық қаһарманының» арасы жер мен көктей емес пе?! Жалпы атақтардың, орден-медальдардың, марапаттардың атаулары аударылмайтыны белгілі емес пе! Адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ең жойқын соғыста жауға етегінен шалдыртпай, жағасынан алдыртпай өткен еңіреген ерге берілген асқақ атағын осылайша сүмірейткенімізге жол болсын?! Біз тиісті органдар мен жауапты азаматтар бұл өрескел қатені таяу арада түзетеді деп сенеміз.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button