Тұлға

Халық қаһарманының медаліне ие болды

Еліміздің құқық қорғау және әділет органдарында көп жыл абыройлы қызмет атқарған қос жерлесіміз Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы медальға ие болды.

Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі республикалық орталық штабының  облыстық филиалында өткен салтанатты іс-шараны «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырғанын айту керек. Бұл жолы айрықша марапатқа ұзақ жыл еліміздің құқық қорғау органдарында қажырлы еңбек еткен милиция генерал-майоры Майдан Аманжолов пен облысымыздың бұрынғы прокуроры,  әділет генерал-майоры Михаил Керцман ие болды. Халық қаһарманының медалін «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «КӘАҚҚ РОШ» Шығыс Қазақстан филиалының директоры Вячеслав Вавилин тапсырды.

– Біздің шақыртуымызды қабыл алып, бүгінгі іс-шарамыздың құрметті қонақтары болғандарыңызға өзімнің және әріптестерімнің атынан зор алғыс айтамын. Біз Сіздердей аға буынның бар екенін мақтан тұтамыз. Сіздерге қарап бой түзейміз. Өздеріңіз білесіздер, биыл еліміздегі құтқару қызметінің 25 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Осыған байланысты, құтқарушылардың төл мерекесі қарсаңында «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйғарымымен бірқатар ардагерге Сағадат Нұрмағамбетов атындағы медальдар табыс етілуі тиіс. Марапатқа ие болатындардың арасында өздеріңіздер де барсыздар. Ұжымымыздың атынан Сіздерді осы бір  марапаттарыңызбен құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер, – деді салтанатты іс-шара барысында сөз алған В.Вавилин.

Бұдан кейін сөз алған ардагерлер іс-шараның басы-қасында жүрген азаматтарға  алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ өздерінің еңбек жолынан қызықты деректер келтіріп, ағалық ақылын айтты. Мәселен, милиция генерал-майоры Майдан Аманжолов құқық қорғау органдарында 57 жыл табан аудармай қызмет еткен екен. Әр жылдары республикалық және облыстық деңгейдегі лауазымды қызметтерді атқарған Майдан Молдақашұлы бүгінде құрметті зейнеткер. Ал Михаил Керцман  Шығыс Қазақстанмен қатар, республикамыздың өзге өңірлерінде де еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанның әділет саласының дамуына бір адамдай үлес қосыпты.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button