ТОПТұлға

Халқына қамқор болған қайраткер

Егемендік пен елдіктің тұтқасына айналған тұлғалардың ерлігі мен еңбегін елі ұмытпасы анық. Бұл байырғы баба ғұрыптан болмысымыз бен дәстүрімізде бар үрдіс. Ал енді ғана еңсесін тіктеген елдің Тәуелсіздігінің тұғырлы, болашағының ғұмырлы болуына біркісідей еңбек еткен елеулі тұлғалардың қатары көп. Солардың бірі – саясаттың сардары Бердібек Сапарбаев биыл 70 жасқа толып отыр.

Алты Алаштың аманатын арқалап, халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айнала білу үшін де білім мен білік керек. Тұлғалық болмысың болмаса, елдікке тұтқа бола алмасың ақиқат. Осының барлығы ойынан да, бойынан да табыла білген Бердібек Мәшбекұлы билік жүйесінің бірқатар саласында еңбек етіп, тұлғалық тұғырға шықты. Билік құрылымының әр саласында қызмет қылып, жүйелі де жемісті жұмыс атқарды. Бірнеше облысты басқарып, өңірлердің экономикалық һәм рухани тамырына қан жүгіртті. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып қызмет атқарған шақта өңірдегі көптеген өзекті мәселелердің түйінін шешкен болатын. Біз бүгін мерейлі 70 жастың белесін бағындырған Бердібек Сапарбаевтың Шығыс Қазақстанда  атқарған жұмыстарына шолу жасап шығуды жөн көрдік. Бұл қалам ұшындағы «жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген ізгі ниет деп біліңіз.

Қазақылықтың тамырына қан жүгіртті

 

Тәуелсіздіктен кейін көптеген өңірлерде ұлттық құндылықтың ұпайы түгенделіп, қазақылықтың тамырына қан жүгірген болатын-ды. Бұл тұрғыдан Шығыс Қазақстан облысында олқылық көп еді. Сол бір олқылықтың орнын толтыруға Бердібек Мәшбекұлы біркісідей атсалысты деп айтуға болады. Алдымен орталық алаңдағы тұғырға 2009 жылы Абайдың алып мүсінін қондырды. Абаймен бірге Алтайдың сілеміндегі кеңестік идеологиялық негіздегі тас мүсіндердің сеңі бұзылып,  қалаға Алаштың рухы келгендей болды. Сол бір алып мүсін қазақтың қара өлеңінің айбыны іспетті алаңда күні бүгін қасқайып тұр. Осылайша идеология иесін тауып, өзгелер именіп қарайтын күн туған болатын-ды. Руханият саласындағы бастама бұнымен тоқтаған жоқ. Осы қатарда «Шығыс шынары» атты халықаралық ақындар мүшәйрасы дәстүрлі түрде жалғасын тауып, бірнеше жыр жинақ жарық көрді. Өскеменнің өрнекті табиғаты өлеңге арқау болып, жыл сайын жұрт жырмен сусындады. Қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің талайы Абайдың алып мүсінінің алдында қасқайып тұрып жыр оқып, Оралхан мүсінінің алдында ой толғады. Осы орайда айта кетерлігі Оралхан Бөкейдің де кеуде мүсіні Бердібек Мәшбекұлының қолдауымен «КШТ»  шағын ауданында тұғырға қонған еді. Осылайша Шығыстағы қазақылықтың тамырына қан жүгіріп, өткен ғасырлардың өрнегі зерттеле бастады. Соның бір дәлелі – «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық конференция болатын. Терең тарихы аңызбен астасып жатқан Алтайды әр қырынан зерттеуге мүмкіндік туған еді. Сол тұста өңір тізгінін қолға алған Бердібек Сапарбаев: «Өскемен қаласында өтіп отырған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форумның мақсаты – түбі бір түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және қайта жаңғырту, Алтайдың археологиялық және мәдени ескерткіштерін қалпына келтіру, кең мұрасын сақтау, Алтай өңірінің экологиялық және тарихи-мәдени әлеуетін тереңдете зерттеу жөніндегі мемлекетаралық жобалар құру және оларды іске асыру болып табылады», – депті.

Міне, бұл – тұғырлы тұлғаның тереңнен ойлайтын сарабдал саясаткер екендігінің бір көрінісі. Бұл өз кезегінде түркі әлемінің түп тамыры Алтайда екендігін алты құрлыққа таныту жолындағы ұтымды бастама бола білді және күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

Сонымен қатар идеологиялық бағыттағы жұмысты жіті бақылаған әкім қазақтың қас батыры Қабанбайды қала шетіндегі тұғырлы тұлпарға қондырып, желкеден қарағандарға жер иесі кім екендігін көрсетті. Осындай рухани шаралардың нәтижесінде Шығыстың шырайлы жері иесін тауып, шұрайлы тілі киесін тапты. Еңбектің еселі жемісі деген осындай болса керек-ті.

 

Күрмеуі қиын мәселелердің шешімін тапты

Қай өңірде болмасын түйткілді мәселе мен шешімін таппаған шаруаның болуы заңдылық. Түйткілдің түйінін тарқатуда да Бердібек Мәшбекұлы ешқашан тосылып қалған емес-ті. Кез келген істің шешімін тауып, кесімін айтты. Тіпті, табиғаттың тосын мінезіне де табандылық көрсетті. Қайбір жылдары Тарбағатай ауданына қарасты Жәнтікей және Көкжыра ауылдары қарғын судың астында қалған болатын. Ел басына күн туған сәтте «етігімен су кешіп», халқына қамқор бола білді. Апаттан аман қалған жұртқа үкіметтік бюджет есебінен баспана салып беріп, табиғи апат салдарынан болған шығынды өтеуге көппен бірге көмек көрсетті. Жұртпен бірге жұмыла жұмыс істеді. Нәтижесінда ауыл іргесіндегі жазық далада жаңа ауыл бой көтеріп, ауылдағы ағайынның түтіні қайта түзу ұшты.

Өскемен қаласының іргесінде бой көтерген «Нұрлыкөш» ауылы, яғни қазіргі 28-ші шағын аудан да Бердібек Сапарбаевтың тұсында салынған еді. Үкіметтің арнайы бағдарламасымен тұрғызылған жаңа үйлер шеттен келген қандастарға үлестірілді. Осылайша облыс орталығындағы қазақтың демографиялық деңгейі көтеріліп, діңгегі бекіген болатын. Бұл бағдарламаның жүйелі түрде жүзеге асуына облыс басшысы Бердібек Сапарбаев айтарлықтай үлес қосқанын жаңа ауылға қоныстанған жұрттың ұмыта қоймағаны анық.

Жалпы Шығысты Бердібек Сапарбаев басқарған бес жылда өңірдегі әр сала бойынша бірқатар шаруа шешімін тапты. Сол тұстағы баспасөз мәліметтеріне сүйенер болсақ, бір жылдары облыстың инвестициялық портфель құны 658,2 млрд теңгелік индустрияландыру картасының 61 жобасының 37 жобасын жүзеге асырыпты. Нәтижесінде 8 мың адам жұмыспен қамтылған. Апаттық жағдайдағы мектептердің орнына 10 мектеп, 830 орындық төрт балабақша салыныпты. Сонымен қатар 17 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген… Осылай дәлелді һәм дәйекті цифрларды жалғастыра беруге болады. Бұл белгілі бір мерзімде ғана атқарылған жұмыстардың мысалы ғана. Ал Бердібек Сапарбаевтың тұсындағы бастамалар мен нәтижелі істерді санамалайтын болсақ, оқырман көңілінің  толарына күмән жоқ. Елдің экономикалық жағдайының жақсарып, жұмыссыздықтың азаюына айтарлықтай үлес қосты. Игілікті іс атқарып, Шығыс жұртына ізеттілік танытып кетті.

 

Әлеуметтік нысандар көптеп бой көтерді

 

Басты байлық – бала мен денсаулық. Басты құндылық – білім мен иман.  Бұлай деуіміздің де өзіндік себебі барын оқырманның іші сезіп отырған болар. Бердібек Сапарбаев облыс басшысы болып тұрған шақта Өскемен қаласында көптеген спорттық сарайлар салынып, жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына  көңіл бөлінді. Бес жыл ішінде облыста 100-ге жуық саябақ, балалар алаңы, 230 ескерткіш, мемориалдар мен стелалар, 21 әлеуметтік және 150 спорттық кешендер пайдалануға беріліпті. Бұл нысандардың қала тұрғындары үшін ауадай қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Тіпті, талапқа сай салынған спорттық нысандарда халықаралық деңгейдегі  шаралар өтіп, қала тұрғындары шадыман күйге бөленді. Өңірден шыққан спортшылар шыңдалып, биік-биік белестерді бағындыруға мүмкіндік туды. Осылайша қолда бардың қадірі артып, халықтың қажетіне жарап келеді. Сонымен қатар аудан орталықтары мен ауылдарда да стандартқа сай талай-талай спорттық кешендер ашылып, көпшілікті қуантқан еді. Мысалы, Үржар ауданының Ақжар ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Шапағат» сауықтыру орталығы ашылды. Аягөз қаласында бокс және күрес залдары, Жарма ауданының Қалбатау ауылында құны 300 миллион теңге тұратын заманауи спорт кешені салынды. Тағысын тағы айта беруге болады. Барлығын бірдей тізбелей берудің  қажеті шамалы. Ең бастысы еселі еңбек жемісін беріп, барлығы да халықтың игілігіне жұмыс жасап жатыр.

Өскемендегі өзгеше салынған Халифа Алтай мешіті десе, бірден Бердібек Сапарбаевтың еске түсері анық. Өйткені өңірдегі ең үлкен мешіттің жұмысының дер кезінде аяқталуына айтарлықтай үлес қосты. Бүгінде бұл мешітке қарай ағылатын иманды жұрттың қатары көп. Күре жол мен көпірдің иініндегі мешіт ары-бері өткен көпшілікті иманға шақырып тұрғандай көрінеді. Бұны мақсатты істің орындалған деп білген жөн.

Біз Бердібек Сапарбаев дегенде санаға оралғандарын ғана қалам ұшына іліктірдік. Бұдан да көп істердің атқарылғанына күмәніміз жоқ. Бұл жетпістің желкенін қолға алған тұлғаның еселі еңбегінің есте қалған бір бөлшегі ғана. Тұғырлы Тәуелсіздік жолында төккен тері мен еткен еңбегінің бағасы әлі беріле жатар. Баянды ғұмыры, өнегелі өмірі ұрпаққа үлгі бола бергей.

 

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button