Қоғам

Ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған

Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі»  деген ғибратты сөзі бар. Олай болса, оқу мен тәрбие бір-бірінен ажыратып қарауға болмайтын күрделі процесс. Жаңа заманның жаңашыл ұстазы осы екі үрдісті тең алып жүруі тиіс. Бұл ұстаздың шеберлігі мен іскерлігінің айқын айғағы. Осы орайда табиғаты таза, жаны жайсаң жақсы ұстаз жайлы әңгіме өрбіткім келеді. Ғұмыры ғибратқа толы, тағылымы мол жан туралы сыр шерту адамға қуаныш сыйлайды.

Райя Төкенбайқызы 1983 жылы Семей қаласындағы Н.Крупская атындағы педагогикалық институтты бітіріп, еңбек жолын өзінің туып-өскен жері, білім алған ордасы Шыңғожа ауылындағы мектептен бастаған болатын. Ауылда, кейіннен Аягөз қаласындағы №1 мектепте ұстаздық ете жүріп жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беріп, ата-аналардың ерекше ықыласына бөленген жан ғұмырының отыз жылын педагогика саласына арнапты.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында еліміздегі ең өткір мәселелердің бірі  мемлекеттік тіл  болатын. Райя Төкенбайқызы «Мемлекеттік тіл – мемлекет құрушы ұлттың тілі, қазақ тілі барлық қазақстандықты біріктіреді, жақындастырады» деген ұстанымды үнемі назарда ұстады және осы жолда аянбай жұмыс жүргізуді жан-тәнімен қалады.

Бірнеше жыл мемлекеттік қызметте, аудандық тілдерді дамыту бөлімінде жүріп аса жоғары белсенділік танытып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, өзге ұлт өкілдеріне өзінің ана тіліне, жер-су атауларына деген құрметін ізденгіштігімен, іскерлігімен дәлелдей білді.

Ұзақ жылдардан кейін ауданда республикалық «Балапан» бағдарламасы аясында 200 орындық балабақша салынды. Міне, Райя Төкенбайқызы осы балабақшада 2013 жылдан меңгеруші болып қызмет атқарып келеді. Аягөз қалалық №6 бөбекжай-балабақшасының әр жетістігі Райя Байжұманованың есімімен тығыз байланысты.

«Ескіден қол үзбей, жаңаға қол жеткізгендер ғана педагог бола алады» деп Конфуций айтқандай, балабақшада ұйымдастырылған оқу-тәрбие жұмыстары халық педагогикасымен қатар алдыңғы қатарлы елдердің әдіс-тәсілдерін, жаңа технологияларын біртіндеп енгізу арқылы жүргізіледі.

Бұл балабақшаның да ашылғанына биыл тоғыз жылдың жүзі болыпты. Тәрбиешілер мен педагогтардың, мамандардың жан-жақты жұмыстарының нәтижесі көңіл қуантады

2016 жылы Райя Төкенбайқызының «Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптасртыру әдістемесінің ғылыми негіздері» атты баяндамасы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағында жарияланды. Сондай-ақ ол 2017 жылы республикалық «Ең үздік білім ордасы» атты шығармашылық медиа жоба байқауындағы жетістігі үшін бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. 2016 жылы тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Ең үздік мектепке дейінгі ұйым» республикалық байқауына қатысып, Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен марапатталды. 2017 жылы бала тәрбиесіндегі абыройлы қызметі үшін аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталды. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Шығыс жұлдызшалары» атты ғылыми жоба байқауында даярлық тобының талапкерлері өз жобаларын қорғап, жүлделі ІІ, ІІІ орындарды иеленді. 2020 жылы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал 2021 жылы Білім және ғылым министрлігінің еліміздің білім беру жүйесін дамытуға және өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі қол жеткізген табыстары үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Осы аталмыш мекемеге тоғыз жылдай басшы болған  Райя Төкенбайқызының ұстанған ұстанымы ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөліп, әдепті, көрсем-білсем деген қызығушылығы артқан балаларды мектепке даярлап беру, оларды ғаламдық өзгерістерге дайын етіп өсіру болатын.

Кәсіби шеберлігі шыңдалған, ұрпақ тәрбиесі жолында тынымсыз ізденісте жүріп іскер басшы бола білген Райя Төкенбайқызы таяуда зейнетке шықпақ. Сіздің әрбір ісіңіз, еңбегіңіз әр жас маманға, педагогқа үлгі деп білеміз. Сіз басқарған ұжым әрмен қарай жұмысы табысты болып, биік шыңдардан көріне беруіне тілектеспіз.

Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің де қоғам алдындағы борышымыз деп білетін ұжым қызметкерлеріне жаңа оқу жылына сәттілік тілей отырып, зейнетке шығып жатқан Райя Төкенбайқызына зор денсаулық, отбасына бақыт тілеймін.  Еңбегіңіздің зейнетін көріңіз демекпіз.

Ляззат Бахтиярқызы, Аягөз қаласы.

Осы айдарда

Back to top button