Гүлфарида Раисова, Ы.Алтынсарин атындағы белгі иегері, «Педагогикалық шеберлік орталығының» директоры: – ШӘКІРТТЕР ҰСТАЗДАРЫН ҰМЫТПАСА…
Алаштың арыс ұлдарының бірі Мағжан Жұмабаев:
«Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде төр – ұстаздікі» деген екен. Шынымен де, сауатсыздың сауатын ашқан, тәлімсізге тәрбие берген, өз уақытын аямаған, шәкіртінің бақытын аялаған адамға қандай құрмет көрсетсек те көптік ете ме? Жоқ, әрине.
Әрі-беріден соң, ең алғаш әліппені жаттатқызып, ең алғаш қолыңа қалам ұстатқан адамды құрметтемеу өзіңнің өткеніңді, бүгінгі жеткеніңді құрметтемеу боп саналмай ма? Сондықтан Мағжан ақын айтса айтқандай, қай жерде болмасын төр ұстаздікі болуы тиіс.
Алайда… шынайы өмірде солай ма? Бүгінгі таңда, әріге бармай-ақ қоялық, тәуелсіз ел атанған 30 жылдың мұғдарында ұстаздарға лайық құрмет көрсетіп жүрміз бе? Күнделікті білім алып жүрген оқушылардан бастап, ата-аналардың, қоғамдағы көпшіліктің, қала берді жергілікті биліктегілердің т.б. аз ғана уақыттың ішінде ұстаздарға деген құрметі мен көзқарасы, таным-түсініктері неге адам танымастай өзгеріп кетті? Неге біздің қоғамда сайлау болса, мұғалімдер қауымы сайлау бюллетеньдерін сапырыстырып сүйкімсіз атануы керек? Неге «жоғарғы жақтан бір министр келе жатыр» десе немесе сенбілік жасау керек болса, мұғалім біткен тайлы-таяғымен көше сыпырып, тоғайларды әктеп әбігерге түсуі керек? Неге мектептің мүлкін жаңартып, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мұғалімдер ата-аналардан ақша жинап жаманатты болуы керек? Неге?
Бұл – ащы да болса бүгінгі ұстаздар қауымының көргісі келмесе де көріп, көнгісі келмесе де көніп келген «құқайы» деуге болады. Осы және ұстаздардың құқығына қатысты, мектеп тәрбиесі мен ата-аналардың орынды-орынсыз талап-тілектеріне байланысты т.б. бірқатар сауалымызды бүгінгі газетіміздің қонағы, педагогика саласында 38 жыл қызмет етіп, осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан Өскемендегі «Педагогикалық шеберлік орталығының» директоры Раисова Гүлфарида ханымға жолдаған болатынбыз.
Мұғалімнің білімі мәртебеге лайық па?
– Жасырып-жабары жоқ, білім беру саласында ауылды жерлерде де, қалада да сіз айтып отырған келеңсіздіктер болды. Оны көзімізбен көрдік, бел ортасында жүрдік деп те айта аламын. «Сайлауда қажетті дауысты жинап беру, үй-үйді аралап үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, көше тазалап, көшет отырғызу, қит еткенге ата-аналардан ақша жинау» дейсіз бе, міне, бір кездері осылардың барлығы ұстаздардың «кәсіби» міндеттеріне айналған болатын. Бұл келеңсіздік өз кезегінде ұстаздардың абыройына зор нұқсан келтірді.
Шынтуайтында, мұғалімнің міндеті өзіне берілген 45 минутта алдындағы оқушыларына сапалы білім беру. Кеше қандай тақырыпта сабақ өтті, үйге қандай тапсырма берілді, ол қаншалықты орындалды? дегендей. Ал мұғалім бір сыныпқа сабақ өткізіп үйіне қайтып кетпейді ғой. Оның басқа сыныптарда да дәл сондай сабағы бар. Ол күніне бес-алты сыныпқа сабақ жүргізуі керек. Сабақты сапалы жүргізу үшін күн сайын ізденіс, тыңғылықты дайындық қажет. Ол үй-үйді аралап дауыс жинап, көше сыпырып, көшет отырғызып жүрсе қайдағы дайындық, қайдағы сапалы білім?
Міне, мұғалімдер қауымы осы бір келеңсіздіктен 2019 жылы, яғни, билік басына Қасым-Жомарт Кемелұлы келгеннен кейін ғана құтылды. Ол кісі келген бойда білім беру саласындағы осындай келеңсіздіктердің көзін жою үшін 2019 жылы 30 желтоқсан күні «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған теңдессіз заң. Теңдессіз дейтін себебім, осы заңның арқасында ендігі жерде ұстаздар қауымы еш нәрсеге араласпай, ештеңеге алаңдамай, тек оқушыларына сапалы білім беруге толық мүмкіндік алып отыр.
– Сапалы білім деп қалдыңыз ғой. Жалпы, біздің елдегі білім сапасының дәрежесі қай деңгейде? Ұстаздарымыз халықаралық талаптарға сай білім беріп жатыр ма?
– Не нәрсенің болмасын, екінші жағы бар. Жаңа айтып, қуанып жатырмыз, «Мемлекетіміз ұстаздардың мәртебесін көтеретін заң қабылдады» деп. Осы жерде «Ұстаздарымыз сол көтеріліп жатқан мәртебеге, жасалып жатқан әлеуметтік қолдауға лайық еңбек етіп жатыр ма?» деген сауал туындайды. Егер кез келген педагог, мейлі ол физик, биолог, әдебиетші болсын, өз пәнінің құзыретін арттырып, жан-жақты ізденіп, уақыт өткен сайын өзі беріп жүрген білім сапасын арттыра түссе, мемлекеттің ұстаздарға артқан сенімі ақталар еді. Осыған байланысты бір мысал келтірейін. Еліміз 2007 жылдан бері әр төрт жыл сайын (TIMSS, PISA, PIRLS) бастауыш және негізгі мектептің білім сапасын бағалайтын халықаралық зерттеулерге қатысуда. Бұл зерттеуге шамамен дүниежүзінің 160 мемлекеті қатысатын болса, осылардың арасынан Қазақстанның білім сапасы, өкінішке қарай ең соңынан санағандағы тізімнің көшін бастап тұр.
– Мұның себебі не деп ойлайсыз? Оқырманға түсінікті болу үшін осы халықаралық зерттеу жайын тарқатып айта кетсеңіз?
– Айталық, кез келген мемлекеттің төртінші сынып оқушысына, кез келген пәннен барлығына бірдей тапсырма беріледі. Ол математика, ол физика, химия, шығарма жазу т.с.с. Арада төрт жыл өтіп, балалар 15 жасқа толған кезде, дәл осы зерттеуге қатысқан оқушыларға тағы да тапсырма беріліп, баланың осы аралықтағы төрт жылда ойлау қабілетінің қаншалықты дамығандығы, білімінің деңгейі қаншалықты өскендігі анықталады. Зерттеу қорытындысына қарап отырсаңыз тізімді Сингапур, Қытай, АҚШ бастап тұр. Ал себебіне тоқталатын болсақ, осы уақытқа дейінгі: «Мұғалімдер қауымына жан-жақты қолдаудың болмауынан, жоғарыда айтылған мәртебенің тәуелсіздігімізді ала сала дер кезінде берілмеуінен» деген тұжырым жасауға болады.
Мектептерді алалауға болмайды
– Апыр-ай, ә! Сонда біздің еліміздің білім беру сапасы айтуға ауыз барматындай деңгейде екен-ау?! Енді бұл кемшіліктің орнын қалай толтыруға болады?
– Әлгінде айттым ғой. Мемлекет осы уақытқа дейін мұғалімдердің мойнына заңсыз артылып келген міндеттердің бәрін алып тастады. Жалақыларын көбейтті. Алаңсыз, сапалы білім берумен айналысуға жағдай туғызып жатыр. Ендігі жерде мұғалімдер қауымы да ойланып, намысқа тырысып, білімдерін көтеріп, ақылы болса да білім көтеру курстарына барып, ел болашағының жолында аянбай, талмай қызмет етуі керек. Қазақстандық оқушылардың білім деңгейі мүлдем нөл деуге болмайды. Тағы бір мысал. Қазақстандағы НЗМ-дердің (Назарбаев зияткерлік мектептері) оқушыларының білім деңгейі мен айтқан Сингапур балаларынікімен бірдей.
– Қалайша?
– Оның да өз себебі бар. Еліміздегі зияткерлік мектептерге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінетіндігі сол, білікті мұғалімдердің барлығы сол жерде. Мектеп бастан-аяқ заманауи технологиямен (қажетті құрал-жабдық, компьютер, интернет т.б.с.с.) қамтамасыз етілген. Қысқасы ол мектептердің материалдық-техникалық базасы толығымен қамтылған.
– Бұл әлгі «Бай баласы мен жарлы баласы» деген секілді бір елдің оқушыларын алалау емес пе?
– Кім білсін, алалау болса, алалау шығар. Мүмкін мектептердің барлығына бір мезгілде жағдай жасауға түрлі кедергілер мүмкіндік бермей жатқан шығар?!
Егер дәл осындай қамқорлық еліміздегі барлық деңгейдегі мектептерге жасалатын болса, қазақстандық оқушылардың да білім деңгейінің жоғары көрсеткішке жететіндігіне сенімдімін. Оған біздің ұстаздар қауымының білімі де, тәжірибесі де артығымен жетеді. Тек, алға үлкен-үлкен мақсат-мүдделер қойып, сол үшін аянбай тер төгіп, еңбек ету керек.
Жас аналар – кеш қалып жүрмеңіздер
– Қайсыбір ата-аналар «Оқушының тәрбиесіне мектеп жауапты» деп бар жауапкершілікті ұстаздарға артып қойғысы келетін секілді. Сонда мұғалім оқушыларға білім бере ме, болмаса әр баланың тәрбиесімен айналыса ма? Осыған не айтар едіңіз?
– Біздің халық баланы дүниеге келе салысымен тәрбиелеген. Бір ғана бесік жырының әуені мен сөзінде қандай тәлім, қаншалықты тағылым бар. М.Әуезовтің «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген қанатты сөзінде терең мағына жатыр. Бөбекжайлардағы тәрбиешілер ана қолынан баланы қабылдап алған күннен бастап баланы ойнай білуге, ойын ережесін сақтауға, ойната отырып, ойлануға бағыттайды, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамытады. Міне, осындай тәрбие баспалдағынан өткен бала мектеп үшін үлкен бір олжамен, жеңіспен тең. Себебі, мектеп табалдырығын аттаған кезде ұстаздар оның тәрбиесімен айналысып жатпай, бірден білім беруге кіріседі. Сондықтан бөбегіне балабақшаға дейін тәлім-тәрбие бермеген ата-ана, «баламды мектеп тәрбиелейді» деп ойласа, оңбай қателеседі. Өйткені олар алты жыл уақытын бос өткізіп, кеш қалған адамдар болып саналады. Бұл әсіресе қазіргі жас аналарға сабақ болса, ұлтымыздың айнымас бір үрдісіне айналған болар еді.
– Қалай ойлайсыз, мектеп директорын жоғарғы жақ тағайындағаны дұрыс па, әлде мектеп ұжымының өзі таңдағаны жөн бе?
– Бұл мәселе соңғы жылдары жер-жерлерде қолға алына бастады. Өз басым «Бұл да бір жариялылықтың белгісі ме?!» деп ойлаймын. Егер жоғарыдан тағайындалған адамды мектеп ұжымы бұрыннан білетін болса, ол кісі ұжымға беделді, өз мамандығының майталманы, ұйымдастырушылық жұмыстардың шебері, көпшілікпен тіл табыса білетін жан болса, әрине, ондай адамның мектеп директоры болуына ешкім қарсы бола қоймас еді. Мәселе, сол тағайындалатын адамның ешкім, ешнәрсесін білмейтін, бұрын-соңды көрмеген-білмеген жұмбақтығында ғой.
– Алдымыздағы ұстаздар күнінде әріптестеріңізге, «Didar» газетіне қандай тілегіңіз бар?
– Әуелі «Didar» газетінің ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Газеттің әр санын қалт жібермей оқу, оқып қана қоймай, ондағы жазылған дүниелерді талқылап, талдап отыру біздің отбасымызда әдетке айналған. Жылдан-жылға оқырмандарыңыз көбейе берсін.
Барша ұстаздар қауымын және осы салада ұзақ жыл еңбек етіп, қазіргі күні зейнет демалысындағы аға-әпкелерімізді алдағы ұстаздар мерекесімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, еңбектеріне жеміс тілеймін.
Түлектеріміз ақылды, мейірімді, өжет болсын.
«Зейнет демалысындағы ұстаздарына бір кездегі оқушылары бірігіп, жыл сайын «Didar» газетін жаздырып беріп тұрса, сөйтіп бұл жалғасын табар дәстүрге айналса!» деген тілегім бар.
– Рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!
Әңгімелескен – Серік ҚҰСАНБАЕВ.