СұхбатТОП

Гүлжан Әсет, биолог, жас ғалым: – ЖЕРІМІЗДЕГІ САН МЫҢДАҒАН ӨСІМДІКТІҢ ҚАСИЕТІН ЖЕТЕ БІЛМЕЙМІЗ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті биология мамандығының 1-курс магистранты, ТМД елдері арасында «Ең үздік жас ғалым-2021» атағының иегері, Президенттік шәкіртақының үш мәрте иегері атанған жас ғалым Гүлжан Әсетқызымен әңгіме өрбіткен едік. Жас ғалымның ойын ортаға салуды жөн көрдік.

– Биолог болу бала күнгі арманыңыз ба еді?

– Бала шақта адамда қызығушылық көп болады. Мен негізі қазақ тілі, биология, ағылшын тілі сияқты сабақтарды өте жақсы оқыдым. Осы пәндерден олимпиадаларға қатысып, өзімнің білімімді сынап көрдім. Ал биолог маман болуым бойымдағы табиғаттың тылсымына тамсанудан бастау алатын қасиеттен туған дүние деп ойлаймын. Мен бала күнімнен табиғаттың тамашасына, құпиясына, сырына қатты қызықтым. Соның ішінде аспан әлемінің, жануарлар әлемінің, өсімдіктер әлемінің сырын білуге қатты қызығатын едім. Осы балалық қызығушылығым биолог болуыма әсер еткен шығар.

– Табиғатқа тамсанып жүріп биолог болып кеттіңіз бе?

– Иә, солай да шығар. Негізі, мен әу баста мұғалім болуды армандайтын едім. Өзім өзгеден үйренгенді және өзгеге үйреткенді жақсы көремін. Бала күнімде мұғалім болып көп ойнаған балалардың бірімін ғой. Сол арманға жетіп, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне оқуға түстім. Төрт жыл бойы «Серпін» бағдарламасы негізінде білім алдым. Осылайша, оқу барысында баяғы қызығушылығымды тереңірек білуге, зерттеуге кірісіп, ғылымның әліппесін қолға алып, үйренуге тырыстым. Осылайша, арманымның орындалуына универсиет зертханасы мен ұстаздарымның пайдасы тиді.

– Сізді гүлтанушы Гүлжан деуге болатын сияқты. Гүлдердің сырын білуге құмар екенсіз.

– Жер бетіндегі әрбір табиғаттың өзіндік сыры, біз білмейтін құпия әлемі бар. Оның пайдасы мен зияны бар. Оны бәріміз де білгіміз келеді. Жоғарыда айтқанымдай, мені бала кезден гүлдердің құпясы қызықтырды. Сол қызығушылығым арманға ұласты дегендей. Жер бетіндегі әрбір өсімдіктің пайдасы зор екені бізге аян. Тіпті табан астында қажетсіз болып жатқан өсімдіктің де мына әлем үшін бір пайдасы бар. Оның пайдасын зерттеп, неге адамзат қажетіне жаратпасқа?! Тереңірек үңілсең, зиянды деген өсімдіктің өзінің табиғат тепе-теңдігі үшін бір қажеті бар екенін білесің. Осындай дүниелерді оқып, білгеннен кейін өсімдіктер әлеміне деген қызығушылығым тіптен арта түсті.

– Қай өсімдікті ғылыми жұмысыңызға негіз етіп зерттедіңіз?

– Тезірек табылатын, көзге көп түсе беретін теміртікен өсімдігін зерттеп көрдім. Теміртікен өсімдігі барлық жерде өседі, біз оны үнемі көрсек те, оған аса бір назар аудара бермейміз. Мені олардың шыдамдылығы қызықтырды. Теміртікен температураның күрт төмендеуі мен ыстық климаттық жағдайларға төзімді. Осыған байланысты олардың сабағы басқа өсімдіктерге қарағанда сәл қалың. Мен оларды екі жылға жуық зерттедім. Әрине, ғылымда өсімдіктердің бұл түрі бар екендігі белгілі, бірақ оған ешкім терең үңіле қойған жоқ. Осыған дейін студенттер бұл ғылыми жобаны қолға алмаған болатын. Осыны ескере отырып, ұстазымның кеңесімен «Жатаған теміртікеннің (TRIBULUS TERRESTRIS L. SP. PL.) биологиясы және маңызы» атты тақырыптағы жобаны қолға алдым. Зерттеу барысында біраз нәтижеге қол жеткіздім. Осы өсімдікке гербарий мен фиксация жасадым.

– Бұл өсімдіктің және ғылыми жобаның біз үшін қандай пайдасы бар екен?

– Бұл өсімдіктің емдік қасиеті өте көп екен. Қазіргі дәстүрлі медицинада теміртікен кеңінен қолданылады деп айта алмаймын, өйткені барлығы химиядан жасалған дәрі-дәрмектерге үйренген. Алайда бұл өсімдіктің түрлі ауруларға арналған көптеген емдік қасиеті бар екенін зерттеп білдім. Мысалы, ол құлақ, көз ауруларын, жүрек-тамыр жүйесін емдейді. Дерматологияда, сондай-ақ тестостерон деңгейінің төмендеуі мен жоғарылауында пайдалы. Болашақта отандық дәрі-дәрмекті теміртікен өсімдігінен шығарғым келеді. Ең алдымен мен оны өзіме сынап көрмекпін. Бала кезімде құлағым мазалап ауырған еді. Уақыт өте келе жазылды, бірақ тұмау мен суық кезінде ауру қайта пайда болады. Мен өз өндірісімнің тұнбасын жасап, оны өзіме сынап көргім келеді. Бұл маған суық тиген кезде құлағымның ауырсынуынан құтылуға көмектесетініне сенімдімін. Жалпы, ұсақталған теміртікеннің тұнбасы қуат пен өнімділікті арттырады. Бірақ қолданар алдында арнайы мамандармен кеңескен дұрыс. Бұл өсімдік өнеркәсіптік қалаларда улы болады, сондықтан оны таза табиғи аумақтардан теріп алуға кеңес берер едім.

– Естуімізше, қолға алған тағы бір ғылыми жобаңыз бар екен.

– Иә, ол жоба «Қазақстанның эфемерлері мен эфемероидтарының түрлік құрамы және ерте көктемде гүлдейтін ашық құндызшөптің құрылысы» деп аталады. Эфемерлер жылына екі апта ғана өседі. Эфемероидтар көпжылдық, бірақ сонымен бірге қысқа өсу маусымын ескеруіміз керек. Қолайлы жағдайлар туындаған кезде олардың өмірі қайта басталады. Бұл –ұзақ уақыт пен төзімділікті қажет ететін күрделі жоба. Қазіргі таңда эфемерлер мен эфемероидтарды әлі де зерттеу үстіндемін. Әзірге бастамасы жаман емес.

– Қазіргі таңда қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?

– Ең алдымен, ақпараттық тұрғыдан зерттеп алуға тура келді. Көптеген дереккөздердің негізінде Қазақстан аумағында эфемерлер мен эфемероидтарға жататын өсімдіктердің қосжарнақтылар класынан 10 тұқымдастың 49 түрі 29 туысы, ал даражарнақтылардан төрт тұқымдастың 22 түрі 10 туысы барын білдім. Соның ішінде Шығыс Қазақстан аумағында астық (Poaceae Bornhart), сарғалдақтар (Ranunculaceae Juss.), лалагүлділер (Liliaceae Juss.) және құртқашаштар (Iridaceae Juss.) тұқымдастарының эфемерлер мен эфемероидтар түрлері басым екен. Шығыс Қазақстанда ерте көктемде гүлдейтін 11 түрлі гүлді өсімдіктің даму ерекшелігін зерттедім. Олардың ішінде тіршілік ету мерзімі өте қысқа алтай күнгелдісі мен солтүстік тасшыгүлі  (5-7 күн), ұзақ тіршілік ететін ашық құндызшөп (23-28 күн) екендігін анықтадым.

– Бізге бұл жобаның қандай қажеттілігі бар еді?

– Бізде ғылыми зерттеудің нәтижесі өнім беру керек дейтін түсінік бар сияқты. Міндетті түрде өнім алу керек деген ұғым бар. Әрине, өзінің өндірісі дамымаған елде мұндай түсініктің қалыптасуы заңды. Кез келген ғылыми зерттеу бірден нәтиже бермейді. Ол он жылдан кейін, тіпті жүз жылдан кейін біздің ұрпақ үшін пайдаға жарауы мүмкін. Менің бұл жобамның педагогикалық бағыты басымырақ болып тұр. Қазіргі таңда гүлді өсімдіктердің өмір сүру мерзімін қойып, аттарын білмейтін ұрпақ өсіп келеміз. Жеріміз кең, еліміз бай деп айта бергеннен ештеңе өнбейді. Адамзаттың алтын бесігі болған Алтайда қандай өсімдіктер бар, олардың пайдасы қандай дегенді біз ұрпаққа үйретуіміз керек. Міне, менің ғылыми жобамның нәтижесі осыған бағытталған. Сондықтан да мен жоғарыда гүлдердің ағылшына атауын қоса айтып отырмын. Осыған байланысты оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында мектеп бағдарламасына қосымша сыныптан тыс биология пәніне ынтасы бар оқушыларға «Қазақстанның эфемерлері мен эфемероидты өсімдіктері» атты қолданбалы курс енгіздім.

– Түсінкті. Өсімдіктер әлемін зерттеу барысында қандай қиыншылық болды?

– Менің де айтпағым осы еді ғой. Жалпы, бізде өсімдіктер әлемі туралы қазақша ақпарат аз екен. Бұл өзі мәлім де беймәлім әлем. Біз құлпырып тұрған табиғатқа қараймыз да, бәрін білетін сияқты сезінеміз. Шындығында, білетініміз өте аз. Оған мен осы жұмысты зерттеу барысында куә болдым. Нақты бір жинақталған дереккөз аз. Менің мақсатым – өсімдіктер әлемі туралы жинақталған ғылыми дереккөз қалыптастыру, кітап шығару. Ол оқушылар үшін де, жас ғалымдар үшін де ауадай қажет дүние деп ойлаймын.

– Қазақ ғылымын қайтсек дамыта аламыз?

– Қазіргі таңда аз да болса да ғылымға қолдау бар. Енді бізге ынта, талпыныс керек. Тіпті, бір жас ғалым бір гүлден алып зерттесе де артық болмас еді. Тамшыдан теңіз дегендей, аз-аздан, кішігірім тақырыптар төңірегінде зерттеле берсе, үлкен нәтижеге қол жетері анық. Содан кейін ұжымдасып жұмыс істесек, ұтарымыз анық. Біздің елде ғылым дамыса, зерттелер дүние көп деп ойлаймын.

– Сұхбат бергініңіз үшін рақмет! Ғылыми жұмысыңыз жемісті болсын.

Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button