Қоғам

Үгіт-насихатты күшейткен жөн

Үгіт-насихатты күшейткен жөн

Өңірде мүлікті жария ету науқаны қызғанымен, аудан, қалалар бұл шараны жергілікті БАҚ арқылы насихаттауға тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аталған мәселеге байланысты өткен селекторлық мәжілісте осылай деді.
Мүлік пен қаржыны заңдастыру шараларын Ұлт жоспарының 41-қадамына сәйкес оңайлату тетіктері жөнінде қарапайым халық хабардар болуы үшін баспасөз беттері мен көгілдір экранда, интернет кеңістікте және көшедегі көрнекі ақпараттарда тың дүниелер жарияланып тұруы қажет. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бұл шаруа үнемі бақылап отыруды талап ететінін ескертті. Аталған істе жергілікті ақпарат құралдарының әлеуетін барлық аудан, қалалар ұтымды пайдалана алмай отырғанын мемлекеттік кіріс департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Бауыржан Қамбаров та атады. Осының салдарынан мүлікті заңдастыруды ақпараттық жетелеу көрсеткіші бойынша облысымыз жалпыреспубликалық рейтингте төменгі орындардың біріне тұрақтаған. Әсіресе, ғаламтор мен көрнекі ақпараттың мүмкіндіктері өте әлсіз игерілуде. Семей қаласы мен Аягөз ауданы сынды ақпарат құралдары молынан шоғырланған өлкелер газет бетінде аталған тақырыпты насихаттау бойынша мардымсыз жұмыс істеп отырғаны да айтылды. Акция басталған жарты жылдың ішінде Семей қаласында осы мәселені қаузаған жеті мақала ғана жарық көрсе, Аягөз ауданында бір ғана материал жарияланған. Ал Абай ауданы мен Риддер қаласы бұл тақырыпты интернет көздерінде мүлде насихаттамаған. Сондай-ақ, радио толқынына шығу мүмкіндігіне ие аудандар мен қалалар да өз мүмкіндіктерін акцияны насихаттауда тиімді қолданбай отыр. Осы кемшіліктер аудандар мен қалалардың бәріне тән құбылысқа айналған.
Б.Қамбаров қоғамдық көліктерге мүлікті жария етудегі жеңілдіктер туралы жадынамалар орналастыру, лэд-экрандар арқылы жарнамалау, дөңгелек үстелдер мен семинарлар ұйымдастыру шаралары да құлықсыз қолға алынып отырғанын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар кемшілікке жол берген әкімдік өкілдерін тыңдап, әрқайсына жеке тапсырмалар жүктеді.
– Қай ауданның қай тұста кемшілік жіберіп отырғанын өздеріңіз білесіздер. Халықты акция жөнінде құлақтандыру ісін белсендірмей болмайды. Істелген жұмыстар БАҚ-та тиісті деңгейде жарияланбай жатса, ол жергілікті әкімдік пен ақпарат құралдары арасында өзара байланыс жоқ деген сөз, – деген облыс әкімінің орынбасары бұл істе өңірлік медиажоспарды басшылыққа алып жұмыс істеу керектігін ескертті. Облыстық ішкі саясат басқармасына барлық аудан, қалалардың акцияны насихаттау жөніндегі медиажоспарларын зерделеу тапсырылды. Басқарма басшысы Ержан Сембинов жарияланған материалдардың санымен қоса, сапасына да мән беру керектігін атады. Әсіресе, өз мүлкін еш қиындықсыз жария еткен адамдардың мысалдары келтірілген материалдар жоқтың қасы.
Жақсылық Омар атқарылған шаруалардың барысынан да халықты құлағдар етіп отырудың маңыздылығына тоқталды.
– Жергілікті әкімдер осы мәселе бойынша брифингтер өткізіп, сұхбаттар беруі қажет. Халық мүлікті жария ету науқанының қалай жүзеге асып жатқанын, қанша өтініш түсіп, қандай көлемде қаржы заңдастырылғанын білуі керек. Бұл істі тізгінсіз қоя беруге болмайды. Өйткені, мүлікті заңдастыру науқаны – дағдарыс жағдайындағы экономиканы сауықтырудың басым бағыттарының бірі, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жалпы, облыс бойынша науқан басталғаннан бері жеке азаматтардан мүлікті заңдастыру бойынша екі мыңнан астам өтініш түскен. Жария етуге ұсынылған мүліктердің жалпы құны тоғыз млрд. теңгеден асады. Ұсынылған мүліктің басым бөлігін тұрғын үй нысандары құрайды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button