Қоғам

Грузияның тәжірибесін қолданамыз

Грузияның тәжірибесін қолданамыз


Облыстық ана мен бала орталығы және Грузия Патриархы жанындағы Әулие Иоаким мен Анна атындағы орталығының басшылары стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Осы құжаттың шеңберінде екі елдің дәрігерлерінің біліктілік деңгейін көтеру бағдарламалары, өзара тәжірибе алмасу және ғылыми жобалар қолға алынбақ.

Мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында шығысқазақстандық емдеу мекемелері шетелдің озық клиникаларымен өзара тығыз байланыс орнатқан. Бұл жолы облыстық ана мен бала орталығында Грузия елінің акушер-гинекологтары екі күн қатарынан шеберлік-сыныптарын өткізді.

-Біз ТМД елдерінің барлығымен де ынтымақтастық қарым-қатынасқа қол жеткізгенбіз. Өткен жылы облыстың трансплантология саласының мамандары беларусьтік әріптестерінің тәжірибесімен танысып қайтқан еді. Себебі Кеңес Одағы кезінің өзінде орган алмастыру саласындағы ең үздік мектеп Белоруссияда болғанын білеміз.Ал ана мен бала өлімі көрсеткіштерін төмендетуге қатысты жүргізілген талдауларбұл бағытта Грузиякөш бастап тұрғанынкөрсетті, – деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.

Грузиялық дәрігерлер жергілікті мамандармен балаларда жиі кездесетін аурулардың диагностикасына, классификациясына қатысты жаңа нұсқаулықтарды талқылап, тыныс алу жолдарының жұқпалары, антибиотик препараттарын бей-берекет тағайындау сияқты мәселелерді қарастырды.

Кавказ халықаралық университетінің профессоры, Әулие Иоаким мен Анна атындағы орталықтың директоры Вепхвия Одишария біздің емдеу орталығының озық медициналық құралдармен жабдықталуына таңданысын жасырмады.

Біздің дәрігерлердің біліктілік деңгейін, тақырыпқа деген қызығушылықтарын олардың қойған сұрақтарынан аңғаруға болады. Грузиндік әріптестерімізді елімізде жас мамандардың көптігі де тәнті етті.

-Лекцияға қатысқандардың 80 пайызы жастар. Грузияда, өкінішке қарай, дәрігер мамандығы өзінің танымалдығынан айырылып барады. Біз бұрынғы Одақтың елдерін үнемі өзара салыстырып жүреміз. Сонда Қазақстанның көп ілгері кетіп қалғанын байқаймыз. Егер сіздер шетелдік мамандарды шақырып қана қоймай, өздеріңіздің медициналық қызметкерлеріңізді оқуға жіберіп отырсаңыздар, онда енді аз уақытта корейліктер сіздерге келіп, білімдерін жетілдіретін болады, – деген пікірін жеткізді Иашвили атындағы орталық балалар ауруханасының медициналық директоры, медицина ғылымдарының докторы Иване Чхаидзе.

Педиатрия профессоры сонымен қатар жас аналарға практикалық кеңестерін де берді.

-Егер сәбидің ыстығы 38,5 және одан жоғары көтерілсе, онда алдымен ыстығын түсіретін препараттар беру керек. Бірден антибиотиктер ішкізуге болмайды. Дәрігерді шақырту үшін оның жасы мен жағдайының ауырлығына қарау қажет. Жасқа толмаған сәбидің ыстығы көтерілсе, педиатрға мейілінше ертерек көрсеткен дұрыс, өйткені ол вирустық жұқпа немесе тұмаумен байланысты болуы мүмкін. Ал антивирустік дәрілерді алғашқы 48 сағатта берсе, тиімділігі жоғары. Жалпы, антибиотиктерді жөн-жосықсыз бере бермеу академиялық жағынан да, қаржылық тұрғыдан да тиімді. Менің кеңестерім – халықаралық стандартқа сай әрі дәлелденген медицина, – дейді Иване Чхаидзе.

Естеріңізге сала кетейік, облыстық ана мен бала орталығы алдағы уақытта медициналық қызметті көрсетудің төртінші деңгейіне көшеді. Емдеу мекемесінде нейрохирургия, кардиохирургия, офтальмология және оңалту қызметтері ашылады. Соңғы екі жылда 3,5 млрд.теңгенің құрал-жабдықтары сатып алынды. Орталықтың отыздан астам маманы Лондонда білімдерін жетілдіріп келді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button