ҚоғамТОП

Грант ұтып ал да, кәсіп аш!

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтінім қабылдау басталады. Гранттардың бірінші ағымына өтінім Business.enbek.kz порталында 8 сәуірден бастап қабылданады.

Биыл Шығыс Қазақстан бойынша әлеуметтік осал топтар санатындағы 216 адамға 319 млн теңгенің грантын беру жоспарланып отыр.

Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Нысаналы мақсаты – жаңа бизнесті бастау және дамыту. Көлемі – 1 476 800 теңге (400 АЕК). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Бұл қаражат ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін:

– порталда тіркелу;

– грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

– бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

– өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою керек.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыру үшін грант алуға тіркелген жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады. Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болуға тиіс:

– мүгедектігі бар адамдар;

– қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар;

– өңіраралық қоныс аударушылар;

– аз қамтылған отбасы мүшелері;

– көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);

-мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);

– асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы үш жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болу керек.

 

Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылған. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.

Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алу, сондай-ақ орын-жайларды жалға алу ақысын төлеу үшін алуға болады. Тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.

Осы айдарда

Back to top button