Грант бөлудің талаптары бұзылған
Кәсіпкерлерге гранттар бөлу кезінде шартты уақытында жасамау, грант сомасын азайту, конкурсқа өтінім қабылдамау сияқты заңбұзушылықтар анықталған. Бұл туралы облыс прокуроры Алмат Байшолақовтың төрағалығымен өткен сараптамалық кеңес отырысында айтылды.
Кәсіпкерлер және сот орындаушылары палаталарының, кәсіпкерлік басқармасының, еңбек инспекциясының, бизнес-қауымдастықтың өкілдері қатысқан жиында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін бюджеттік гранттар ұсыну кезінде туындайтын кәсіпкерлер мәселесі қаралды. Атап айтқанда, уәкілетті орган жұмысында 2020-2021 жылдары гранттар бөлу кезінде шарттарды уақтылы жасамау, грант сомасының азаюы, конкурсқа өтінім қабылдамау сияқты заң бұзулар анықталды.
Сондай-ақ кәсіпкерлердің жұмыскерлерге экологиялық төлемдерді төлеу, кредиттік серіктестіктердің «Ертіс» корпорациясы алдындағы берешегін өтеу мәселелері қаралды.
Тараптар жағдайды түзеу үшін бірқатар ұсынымдар айтып, оларды министрліктер мен бас прокуратураға жөнелту жөнінде келісті. Жалпы, жыл басынан облыс прокуратурасы 30-дан астам бизнесті заңсыз тексеруді тоқтатып, 5 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғаған.
Отырыс соңында облыс прокуроры жұмыс тобы мүшелеріне бірқатар міндеттер жүктеді.
Ержан Кеңесұлы