Грант алып, кәсібін дөңгелеткендер көп

Өңірде “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті несиелендіруге 4,4 млрд. теңге қарастырылып, 961 шағын несие берілген. Бұдан бөлек, 2019 жылдың қаражатынан 0,3 млрд. теңге сомасына 27 кредит беріліп, барлығы 4,7 млрд. теңгеге 988 шағын несие рәсімделген. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мамандары мәлім етті.
Бағдарлама арқылы несиеге қол жеткізгендердің бірі – Глубокое ауданы Степное ауылының тұрғыны Виталий Алиев. Ол бала кезінен машина құрастыруды жақсы көретін. Бүгін оның бала күнгі хоббиі маңызды кәсіпке айналып отыр. Виталий мемлекеттің қолдауына ие болып, өзінің бизнесі – техникалық қызмет көрсету станциясын ашты.
Виталий алдымен 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында бизнес негіздеріне оқыту курсынан өтті. Одан соң 550 мың теңге грантқа форсункаларды жууға арналған стенд, отын жүйесін жууға арналған аппарат, қозғалтқыштарды басқару блогы секілді құрал-жабдықтарды, сонымен бірге, қате жүйелерді оқуға арналған бағдарлама, қысқа тұйықталу тестерін сатып алды.
– Бүгінгі таңда Виталийдің жасаған жұмысы көңілдерінен шыққан тұрақты тапсырыс берушілері бар. Олар көрсетілетін қызметтердің сапасы мен бағасына толықтай қанағаттанады. Жас кәсіпкерге өркендеу мен үлкен табыс тілейміз, – дейді Глубокое ауданының әкімі Тамара Рахымжанова.
Айта кету керек, Виталий Әлиев – гранттық қаражаттың арқасында өз ісін ашқан жалғыз адам емес. “Еңбек” бағдарламасының екінші бағыты бойынша “Бастау-бизнес” жобасы аясында екі мыңға жуық шығысқазақстандық бизнес негіздеріне оқытылды.
Аталған мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Бағдарлама шеңберінде жұмыссыздардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың және кәсіптік біліктілігі жоқ жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттарының халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына басым тәртіппен қатысуға құқығы бар.
Басқарма ұсынған деректерге сәйкес, “Еңбек” бағдарламасын іске асыруға 2020 жылы қаржыландырудың барлық көздерінен 10,3 млрд. теңге бөлінген. Оған 30 444 адам қатысқан. Оның ішінде 16,6 мыңы – жұмыссыз, 6,1 мың адам – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, 5,3 мың адам – жұмыс іздеп жүргендер және 2,5 мыңы өзге де азаматтар (олардың ішінде студенттер, зейнеткерлер және тағы басқалар). 18,5 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 11,5 мың шығысқазақстандық тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.
Дәурен Аллабергенұлы