Қоғам

Графен – болашақтың материалы

Графен – болашақтың материалы


Британдықтар Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне «болашақтың материалы» – графенді әкелмекші. Бұл туралы Британияның Ұлттық комиссары, профессор Чарльз Хендри мәлім етті.

Британия павильоны «Біз – энергиямыз» деген тақырыпқа арналған. Көрмеде ағылшындар адамның өзі энергия өндіруге қабілетті жаратылыс екенін жан-жақты дәлелдеуді көздеп отыр.

Астанада британдықтардың басты мақтанышы 2004 жылы Манчестер университетінде алынған графен материалы болмақ. Осы жаңалығы үшін британдық Адрей Гейм мен Константин Новоселов 2010 жылдың Нобель сыйлығын алған болатын. Ресейде бұл жаңалықтарын жарыққа шығарып, дәлелдеуге қаржы таппаған қос ғалым бүгінде Британияның игілігіне тер төгуде.

Графен таныстырылымы Астана көрмесіндегі ең бір қызықты да мазмұнды шаралар қатарына енуі тиіс. Өйткені, оған қазірдің өзінде «болашақ материалы» деген айдар тағылған. Келер дәуір «графен дәуірі» болады деген сәуегей болжамдар да айтылуда. Бұл материал қазірдің өзінде бес бірдей салада теңдессіз өнім ретінде танылып отыр.

Қарапайым тілмен айтқанда, графен – көміртегінің қос өлшемді, кристалданған қалыбы. Ол әзірше жер бетіндегі ең берік материал болып саналады. Сөйте тұра, оны қағаздай умаждап, кез келген қалыпқа келтіруге болады. Графеннің аса көп мөлшерде энергия жинақтау қасиеті тағы бар. Энергияны қазіргі күн батареяларына қолданылып жүрген кремнийден 100 есе жылдам өткізеді.

Испаниялық компаниялар бұл материалдан элктромобильдердің аккумуляторын жасап шығарған. Оның тиімділігі әйгілі Tesla өнімінен 2,5 есе жоғары. Графен аккумулятордың қуаты 1000 шақырымға жетеді. Ал оны толық қуаттауға сегіз минут жетіп жатыр.

Испандықтар GTA Spano деген суперкарды шанағынан шассиіне дейін графеннен құрастырған. Тіпті, салондағы былғарының құрамына да беріктік үшін графен қосылған екен.

Графен құрылысқа да пайдалы. Оның жылу өткізгіштігі де керемет. Сондықтан жылу сақтағыш қабырғалар мен жұмсақ жиһазға қажет поролонды да осы графеннен жасауға болады.

Ал Үнді елінің ғалымдары графен адам сүйегін қалпына келтіретінін дәлелдеп отыр. Сүйек талшықтарын құрайтын жасушалар графеннің көмегімен өте жылдам көбейетін көрінеді. Сондай-ақ, графен обыр түскен жерді емдеп, оның басқа бөліктерге

таралуын тоқтатады деген теория қалыптасуда. Осы теория дәлелденсе, обырмен күрес жаңа деңгейге шығатын болады.

Графен радиоактивті қалдықтарды да жақсы сіңіреді. Сіңіріп қана қоймай, оның әлдеқайда қауіпсіз құрамға енуіне әсер етеді. Мәскеулік ғалымдар оны ядролық қалдық қоймасына пайдалануды ұсынып отыр. Ал америкалықтар мұнай өндірісінен уланған жерасты суларын графеннің көмегімен тазартуды бастап кетті.

Инновациялық бәсекенің алдыңғы тобында жүрген Британия сияқты елдердің Астана төрінде аса ауқымды жобаларын ұсынуы біз үшін үлкен олжа.
Өйткені, мұндай сенсациялық туындылар отандық ғалымдардың ғылыми ізденісін арттырып, жастардың инновацияға қызығушылығын арттыратын болады.

Осы айдарда

Back to top button