Қоғам

Голливудтық фильмдерден кем емес

Голливудтық фильмдерден кем емес


Жақында ғана ән әлемінің жарық жұлдызы Әміре Қашаубаев туралы фильм жарық көрген болатын. Өткен аптада «Қазцинк» компаниясы киносүйер қауымды Голливуд мамандарының қатысуымен түсірілген «Әміре Парижде» атты туындыны тамашалауға шақырды. Шақырылған қонақтардың дені – Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің шәкірттері мен ұстаздары, этномәдени бірлестіктер өкілдері.

– Голливудтық шедеврлармен бәсекеге түсуге дайын жаңа әрі сапалы қазақ киносының жарық көргеніне шын қуандық. Оның үстіне бұл туынды біздің әйгілі жерлесіміз жайында. Тұнып тұрған тарих. Бас кейіпкердің өнерге деген ынта-жігері мен ықыласы біз шақырған өнер ордасының шәкірттеріне оң ықпал ететін болар, – дейді «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Залға лық толған студент жастар мен ұстаздар фильмді ерекше ынтамен тамашалады.

– Күні кеше қазақ атын әлемге әйгілеген тарихи тұлғаның тағылымды жолы біздің өнерге құштар шәкірттерімізге шабыт сыйлап қана қоймай, болашақтарының темірқазығына айналды деп ойлаймын. Әміре әндерін осы күні әуелете шырқап жүрген жастар да бар өнер мектебімізде. Олардың талабын таудай еткені анық бұл туындының, – деді өнер училищесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жамиля Абдина.

– Бүгін залда отырған мен секілді жүздеген бала әнге құмар өнерпаздар. Барлығымыз үлкен сахна төрінен көрінгіміз келеді. Әміре атамыз туралы кино арманымызға қанат бітірді. Сабақта атын естіп, бірлі-жарым әнін орындап жүрген Әміре Қашаубаев біз үшін тарих қойнауындағы тұлға ретінде ғана елестейтін. Бүгін ол көз көрген жақынымыз сияқты сезіліп кетті. Әншіні күні кеше қазақ сахнасынан көріп жүргендей болып тұрмын өз басым. Өткенмізді жаңғыртатын осындай фильмдер көптеп көрсетілсе, – дейді аталған білім ордасының 3-курс студенті Арлан Қабдолланов.

– Менің анам өнер училищесінде мұғалім. Фильм тамашалаймыз деп мені ертіп келген. Анама алғыс айтқым келеді. Кино ерекше түсірілген екен. Әмірені ұрып-соға бастағанда қатты қорықтым. Ол өте батыл әрі қайсар екен. Мен байқауда бірінші орын алады деп ойлағам. Бірақ анамның айтуынша, алғаш үлкен сахнаға көтерілген әнші үшін күміс медеальдің өзі үлкен жетістік болған көрінеді, – дейді осы кештегі ең кішкентай көрермен Алина Садықова.
Фильмді тамашалап болған көрермендер «Қазцинк» компаниясына алғыстарын жаудырды.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button