Голландиялықтар Алтайды велосипедпен аралады

Күн жылынып, айнала көк желекке орана салысымен, ауданымызға туристер легі де ағыла бастайды. Жақында жол бойында сондай қонақтардың алғашқыларын кездестіріп қалдық. Жөн сұраса келе, күншығысты бетке алған қос велосипедшінің алыстағы Голландиядан келе жатқанын білдік.
Ерлі-зайыпты Барт пен Марике дүниенің төрт бұрышына велосипедпен сапар шегуді сонау тоқсаныншы жылдардан бастапты. Сол уақыттан бері АҚШ, Канада, Франция, Германия, Балтық теңізі жағалауындағы Эстония, Литва, сондай-ақ Дания, Италия мен Грузия сияқты елдерде болыпты.
– Астымыздағы темір тұлпарларымызды тақымдап, саяхатқа шығу ең сүйікті ісіміз, – дейді Барт. – Бойымызда күш-қайрат барда әлі талай ел мен жерді көретінімізге сенімдімін. Балаларымыз кішірек кезінде үйден тым алысқа ұзай алмадық. Ал қазір олар есейіп, ержетті. Осы жолы жарым екеуіміз әлі болып көрмеген Орталық Азияға сапар жасауды ұйғардық. Велосипедпен саяхаттаудың бір жақсысы – денсаулыққа пайдалы, үнемі қозғалыста боласың. Ал екіншіден, барған жерлеріңде тоқтап, тынығып, фотосуретке де түсіре аласың. Шүкір, тізгіндеген велосипедтеріміз мықты, кез келген жолға төзімді деуге болады.
Қазақстанға сапарын Барт пен Марике сәуірдің соңында еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласына барудан бастапты. Артынша Өскеменге ұшып келген олар енді Катонқарағайды бетке алып, он күн ішінде Алтайдағы «Солдат құлаған» асуынан өтіп, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай мен Аягөзде болып қайтуды жоспарлауда. Көпті көрген туристер Төр Алтайдың тұмса табиғаты өзіне баурап алғанын айтады.
– Ғажап! Басқа айтарымыз жоқ. Неткен сұлу табиғат, мұндай жерде өмір сүріп жатқан сіздер бақыттысыздар, жол бойы таң-тамаша болудамыз, – дейді Марике.
Өскемен мен Аягөз арасындағы ұзындығы мың шақырымға таяу айналма жолмен жүріп өткен соң, Барт пен Марике Алматыға пойызбен жетіп, ол жақтан Шарын шатқалы арқылы Қырғызстанға, одан әрмен Өзбекстан, Түркіменстан, Иран мен Арменияға сапарламақ.
Тимур Смағұлов
Катонқарағай ауданы.