Қоғам

Глубокоенің әлеуетін тиімді пайдаланған жөн

Глубокоенің   әлеуетін тиімді пайдаланған жөн

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Глубокое ауданында жұмыс сапарымен болып, аудан әкімінің халық алдындағы есептік кездесуіне қатысты.

Оқушылар көлік құрастырады

Облыс басшысы алдымен балалар шығармашылық үйі дайындаған көрме жұмысымен танысты. Глубокое оқушылары квадроциклге қарағанда қауіпсіз «Багги» және «Картинг» атты машина құрастырған екен. Көктем шыға арнайы автодромда сынақтан өткізбек. Бір машина құны шамамен 3 мың долларға бағаланып отыр. Сондай-ақ, оқушылардан құралған оркестр халық күйі «Тепеңкөкті» нақышына келтіріп ойнады. Ауданда бір мың оқушы музыка мектебінде білім алады. Глубокое кентінің «Жас техниктер стансасы» ұйымына мүше оқушылар жасаған танк еркін қозғалып, зеңбірегін әрлі-берлі бұрады. Кеме, жүк көлігі, автобус ойыншықтары мен қолөнер бұйымдары да шебер қолдан шыққаны көрініп тұр.
Аймақ басшысы аудан әкімінің есептік кездесуіне қатысып, глубокоеліктер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Аудан әкімі Нұрлыбек Шерубаевтың айтуынша, Глубокоеде өндіріс көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға жоғарылап, 31 млрд. 014 млн. теңгені құрапты. Ауыл шаруашылығында ЖІӨ көлемі 21 млрд. 318 млн. теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға жоғары.
Дәнді дақылдың орташа шығымдылығы гектарынан – 19,7 центнер, күнбағыс – 15 центнерді құрады. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге көп көмек көрсетілуде. Мәселен, ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасы мен түсімін арттыруға, тұқым шаруашылығын қолдауға, жанар-жағармай және басқа да материалдық қажеттіліктердің бағасын арзандатуға республикалық бюджеттен 416 млн. теңге субсидия бөлінді. «Азық-түлік корпорациясы ҰК» АҚ арқылы үш шаруашылыққа көктемгі егіс және жиын-терін жұмыстарына арналған 25 млн. 400 мың теңге несие берілді.
Ауданда «Глубокое-Агрокредит» несие серіктестігі жұмыс істейді. Аталған серіктестік 149 млн. теңге көлемінде 16 несие қаражатын бөлген.
Президент биылғы Жолдауында фермерлерге табиғаттың қолайлы маусымына емес, жаңа технологияға сүйенген өндіріс құру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Жаңа технология бойынша Бобровка ауылында сүт өндіру бағытында ферма ашылды. Фермада 4 оператор ғана қызмет етеді.
Мал шаруашылығын қолдау бағытында аудан шаруашылықтарына мемлекет тарапынан 294 млн. теңге көлемінде субсидия бөлінген.

Бал өнімін мың тоннаға жеткізуді жүктеді

Аудан басшысы Глубокое – омарташылықтың отаны екенін, оны одан әрі дамыту үшін «Шығыс Қазақстан омартасы» қанатқақты жобасын енгізгенін жеткізді. Аудан омарташылары Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында өткен 6 жәрмеңкеге қатысып, 85 млн. теңгенің өнімін, яғни 91 тонна бал мен бал өнімдерін саудалаған екен. Сондай-ақ, жылына 600 тонна бал өндіретін аудан омарташылары былтыр Тарханкада ашылған балды ыдысқа құю цехына артық өнімдерін өткізе алады.
Облыс басшысы кеңес өкіметі кезінде Глубокое ауданында кем дегенде жылына мың тонна бал өндірілгенін, соңғы кезде омарташыларды жан-жақты қолдау жүзеге асырылып жатқандықтан, бал өндіруді ұлғайту керектігін атап өтті.
Н.Шерубаев Тарханкадағы цех 2013 жылы омарташылардан 90 тонна бал сатып алғанын, биыл бұл көрсеткішті 150 тоннаға жеткізуді межелеп отырғанын жеткізді.
Облыс Әкімі ауданда бір жыл ішінде ірі қара қаншалықты ұлғайғанын сұрады. Аудан әкімінің айтуынша, 2012 жылмен салыстырғанда 3 пайызға көбейген. Биыл көрсеткішті 5 пайызға арттыру жоспарланып отыр.
Ауданда инвестиция көлемі төмендеп, 8 млрд. теңгені құрады. Мұның негізгі себебі – «Қазақмыс» корпорациясының өндіріс көлемін 2 есеге дейін төмендетуі. Десе де, жұмыссыздықтың алдын алу үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, оның ішінде Глубокое арматура зауыты, «Айтас-групп» құс етін өндіру фермасы сынды ірі жобалар, Сугатовка және «Анисимов ключ» кен орындарында жұмыстар қолға алынып жатыр.
Облыс Әкімі жақында Сугатовка кен орнындағы «Секисовка» кәсіпорнының жаңа басшыларымен кездесетінін, осы салаға жауапты орынбасары мен аудан басшылығына кәсіпорынмен екі жыл бұрын жасалған меморандумға сараптама жасап, жаңа меморандумға қажетті толықтырулар енгізу керектігін тапсырды.
Аудан әкімінің айтуынша, облыс басшылығына Опытное поле ауылындағы бұрынғы балабақша ғимаратын кәсіпкерден қайтарып алу туралы ұсыныс жолданған. Аталған ауыл тұрғындары қазақ мектебін ашу жөнінде өтініш білдірген екен, бүгінде 108 бала қазақ тілінде білім алады, орта мектепте сабақ екі ауысым бойынша оқытылады. Егер жаңа ғимарат берілсе, қазақ тілінде шағын орталық ашуға да септігін тигізбек.
– Бұл ғимарат мемлекет қаржысына салынған. Кәсіпкер оны қанша қаражатқа сатып алды және пайдаланған мерзімде жөндеуге қанша қаржы жұмсады? Міне, осы сомадан ғимараттың отыру шығынын алып тастап, нақты бағасын белгілеу керек. Ал кәсіпкерлер ауадан ақша жасағысы келеді. Тегін беруге де болады ғой. Бұл ғимаратта сол ауылдың балалары оқиды, білім алады. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға субсидия, түрлі жеңілдіктер бөлінеді. Кәсіпкерлер де мемлекетке қол ұшын созуы керек, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Быструха ауылының тұрғыны Тарбиз Фараджев жер телімін жалға берушілердің көбейіп кеткенін, оның зияны да аз емес екенін жеткізді.
Облыс басшысы салық төлемейтін, жиын-терін көрсеткіші төмен пайдаланушылардан жер телімдері қайтарылып алынатынын айтты.
Қытайдан қоныс аударған оралман отбасы бес балалы, үй алуға әлеуметтік жағдайы төмен екендігі туралы мәселе көтерді.
Глубокое кентінің әкімі Роза Мамырбаева аталған отбасының жағдайымен таныс екендігін, тұрып жатқан үйінің апатты жағдайда тұрғандығына байланысты үй кезегіне қойылғанын, «Рахат» жатақханасынан бір бөлме беру туралы ұсыныс жасағанымен, 5 баламен сыймайтындығын, сондықтан коммуналдық тұрғын үй құрылысының кезегіне тұрғандығын атап өтті.

Бобровканы үлгілі ауыл жасау қажет

Айта кетелік, аудан әкімі осыған дейін Уварово ауылында есептік кездесу өткізген екен. Тұрғындар мазалаған сауалдарына алғашқы есептік кездесуде жауап алғандықтан, сұрақ қоюшылар қатары көп бола қойған жоқ.
«Астана-Бизнес» ЖШС директоры Фарид Абитаев шаруашылығының толығымен жаңа технологиямен жарақтандырылғанын, дәнді дақылдардың түсімі мен сүт өнімін өндіру бағытында шетелдік озық тәжірибе мен технологияға, білікті мамандарға сүйеніп, табысқа кенеліп отырғанын атап өтті.
Мәселен, оның «PETKUS» астық тазалау зауыты германдық технологиямен жабдықталған. 2013 жылы құрылған зауыттың ТМД-да баламасы жоқ. Бір тәулікте 80 тонна тұқым тазалай алады.
– Жаңа технология, жоғары сұрып, егін түсімінің артуы, сүт өнімінің көбеюі – барлығы жақсы. Бір мысал келтірейін. Қызылорда облысында бір шаруашылық бар. Еліміздегі ең үздік шаруашылықтардың бірі. Жетекшісі өткен жылы Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Қызылорда мен Шығыс Қазақстан облысының табиғатын, ауа райын және әлеуетін салыстыруға мүлде келмейді. Глубокое ауданының әлеуеті өте жоғары. Шыбықты сұға салсаң, көктейтін құйқалы өңір. Менде Фарид, Сейілжан, Александр сияқты ауданның белді кәсіпкерлерінің басын қосып, бір ауылды үлгілі ауыл жасау жөнінде ұсыныс бар. Мемлекет көмектеседі. Мәселен, Бобровка ауылы – «Нұртау» базасының жанында, Өскеменнің іргесінде, күре жолдың шетінде тұр. Қай кәсіпкер қанша қаржы сала алады, мемлекет тарапынан қандай көмек керек? Осы мәселені сараптап, халыққа қажетті демалыс кешенін салуға болады. Бобровка ауылында сіздердің жұмысшыларыңыз, олардың отбасы тұрады. Бұл – оларға да керемет сыйлық болады, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Зейнеткер Бекмұхамед Қиялбаев ағымдағы жылы Глубокое кентінде – 600 орындық, Уварово ауылында – 300 орындық мектеп құрылысы салынатыны туралы жағымды жаңалық тұрғындарды ерекше қуантқанын айтып, қолдау білдірген облыс басшылығына ризашылығын білдірді.
Ардагер Александр Бурдаков қосымша кіріс көзі болып табылатын ірі қара мен ұсақ мал басын қолдан кемітуге көңілі толмайтынын, ауыл тұрғындарының дене еңбегінен қашатынын, мұның бір себебі дүкенде дайын өнім толып тұрғандығы болып отырғанын жеткізді.
– Глубокое ауданы былтыр 710 млн. теңге субсидия алыпты. Қазір мемлекет еттен бастап, сүт, бал, қымызға дейін субсидия береді. «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша 642 млн. теңге алған. Осы екі бағдарлама арқылы ғана бір аудан 1 млрд. 300 млн. теңге алып отыр. Бұл – үлкен қолдау. Сондықтан, ауыл адамдары ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алмай, өзі өндіру керек. Егер нан мен майды сатып алсаңыз, ауылда тұрудың не қажеті бар? Ауылда тұрған соң балаларыңның таза өніммен тамақтануы үшін де мал өсіруге болады ғой, – деді облыс Әкімі.

Есептік кездесу соңы ауыс-түйіспен аяқталды

«Табыс Кредит» несие серіктестігінің жетекшісі Налия Чучукалова «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында 22 млн. теңге алып, 29 жұмыс орны құрылғанын жеткізді. Ол бірі малмен, бірі егінмен, тағы бірі жеке кәсіппен айналыса бастаған серіктестік мүшелері арасында несие қайтаруда әзірге қиындық болмағанын айтады. Глубокое ауданындағы облыс Әкімінің қоғамдық көмекшісі Любовь Романова Жоғары Березовка ауылындағы кен байыту фабрикасының жұмысын тоқтатуы әлеуметтік қиыншылықтар туғызуы мүмкін екендігін атап өтті.
– Біздің азаматтарымыз жұмыссыз қалмауы керек. Бұл бағытта құрылтайшылармен келіссөздер жүргізілуде, – деді өңір басшысы.
Ал Белоусовка ауылының тұрғыны Алексей Овчаров жерлестерін мемлекеттік тілді меңгеруге шақырды.
Облыс Әкімі тіл білу – адамның ой-өрісін кеңейтетінін, тіл білуде алдымен мемлекеттік қызметкерлер үлгі болуы керектігін, қазақ тілін ана тіліндей білетін Алексейден үйрену қажеттігін атап өтті.
Өскемен қаласында азық-түлік белдеуін құруда Глубокое ауданының маңызы жоғары екенін атап өткен өңір басшысы аудан басшылығына өнімдерді делдалсыз тікелей сатуды ұйымдастыруды жүктеді.
Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысын жүргізу, тірек ауылдарды көркейту, шаруа қожалықтары жетекшілерін ауылды көркейтуге қатыстыру, есепті тиянақты жүргізу, туризмді дамыту, балалардың демалыс күнін тиімді пайдалану, «Тulek.kz» сайтымен жұмыс істеу қажеттігін атап көрсетті.
Есептік кездесу соңы ауыс-түйіспен аяқталды. Облыс Әкімі Президент әкімшілігі және Үкіметтің келісімімен аудан басшысы Нұрлыбек Шерубаевты облыс Әкімінің орынбасары етіп тағайындағанын жеткізді.
– Ол – тәжірибелі мемлекеттік қызметкер. Глубокое ауданына жаңа қызметінде де пайдасын тигізеді деген ойдамын, – деді облыс басшысы.
Аймақ басшысы жұмыс сапары аясында Глубокое аудандық ауруханасының құрылысы барысымен танысты. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес атқарылуда. Іс басына келген мердігерлер ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жылу, ыстық және суық су берілген.
– Глубокое аудандық ауруханасы маусым айында аяқталады. Келер жылы Глубокое кентінде мәдениет үйі салынады. Сондай-ақ денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу жоспарда тұр, – деді аймақ басшысы.

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button