Қоғам

Глубокоеде ет пен сүт өндіру артып келеді

Глубокоеде ет пен сүт өндіру артып келеді

Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Глубокое ауданының әкімі Арман Бекбосыновтың жұртшылық алдындағы есеп беру кездесуіне қатысып, жергілікті билік органдарының өткен жылғы жұмысын және биылға жоспарлаған іс-шараларын бағамдады. Жиынға Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов қатысты.
Аудан басшысы былтырғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге кеңінен тоқталып өтті. 2014 жылы ауданда өнеркәсіп өнімі 4,2 пайызға кеміген. Бұған басты себеп – Ертіс өндірістік кешеніне қарасты Березов байыту фабрикасының жабылуы. Осыған байланысты 205 адамды еңбекпен қамту мәселесі туындаған-ды. Жыл ішінде 111 адам кешеннің өзге құрылымдық бөлімшелеріне ауыстырылған. Қалған жұмыскерлермен өз келісімдері бойынша еңбек шарттары тоқтатылған. Қазір фабрикада 27 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның келешегі белгісіз, бәрі де әлемдік нарықтағы мыстың бағасына тәуелді.
Глубокое индустриялық тұрғыда өркендеген аудан болып саналады. Соған бір дәлел ретінде «Екі дос және Компания» серіктестігі биыл Степное ауылында ағашты терең өңдеп, одан жұқа тақтайлар шығаратын өндіріс ашуды көздеп отыр. Аталмыш жоба өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілген. Болашақ кәсіпорын жылына 2600 текше метр фанера өндіріп, 40-тан астам адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Сонымен қатар, осы жылы аудан орталығындағы «СПЗ Глубокое» ЖШС-нің базасында арматура зауытының құрылысы басталуы тиіс.
Ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі былтыр 5,1 пайызға төмендеген. Ауа райының қолайсыздығы кесірінен, атап айтқанда, бұршақ ұруы салдарынан алты шаруашылыққа қарасты бір мың гектар егістік жойылыпты. Шығын мөлшері 71 миллион теңгені құраған. Қорытындылай келгенде, аудан бойынша дәнді дақылдардан бір гектардан 20,1 центнердей өнім түскен.
Мемлекет тарапынан ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне субсидия түрінде үлкен қолдау көрсетілуде. Жалпы алғанда аудандағы шаруа қожалықтары жыл бойы үкіметтен бір миллиард 14 миллион теңгенің көмек қаржысын алған.
Есепті кезең ішінде ауылшаруашылық техникалары біршама жаңартылыпты. Шаруашылықтар 464 миллион теңгенің 54 бірлік техникасын сатып алған, оның ішінде заманауи 13 комбайн мен 21 трактор бар.
Ауданда мал шаруашылығының жағдайы әжептәуір жақсы. Былтыр бұл салада 7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 103 пайызға артқан. Тиісінше ет пен сүттің мөлшері де арта түскен. Былтыр глубокоелік шаруалар 13 мың тоннадан астам сүт өндірген.
Өкінішке қарай, елімізде іске асырылып жатқан «Жайлау», «Алтын асық» және «Құлан» сынды мемлекеттік бағдарламалар ауданда қолға алынбаған. Бұған шаруалар арасындағы үгіт-насихат жұмыстарының сылбыр жүргізілуі де себеп болып отыр. Сондай-ақ, жекеменшіктегі жылқының, ірі қара малдың және шошқаның саны кеміген.
Ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру мақсатында биылдан бастап аудандағы «ОХ МК», «Бобровка плюс», «Союз 2010» және өзге де серіктестіктер ірі жобаларды қолға алып отыр. Оларға аудан әкімі егжей-тегжейлі тоқталды.
Бағаны ауыздықтау жөнінде аудан басшылығы былтыр 20 жәрмеңке өткізген, оның бесеуі Өскеменде ұйымдастырылыпты. Оларда жалпы сомасы 134 миллион теңгенің азық-түлік тауары саудаланған.
Аудан әкімінің есепті баяндамасынан кейін кезек тұрғындарға берілді. Жиында сұрақ қойғандардан гөрі алғыс айтқандардың қарасы көп болды. Айталық, Уварово ауылындағы мектептің өкілі сол елді мекендегі «Восход», «Уваровское», «Өтешов» сияқты шаруа қожалықтарына мектепке материалдық тұрғыда көрсетіп келетін көмектері үшін ұжым атынан ризашылықтарын білдірді. Ал Верх-Березовка ауылынан келген тұрғын өздеріндегі 60 жылдан асқан су құбырларының әбден ескіргенін алға тартып, оларды «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жөндеуді сұрады.
Аудан әкімі аталмыш мәселе бойынша осы жылға арналған республикалық бюджеттен қаржы бөлу қарастырылғанын айтты. Яғни, қаражат түссе, жұмыс басталады. Үш жарым мың тұрғыны бар елді мекендегі су желілері бұрын «Қазақмыс» корпорациясының қарамағында болған. Компания ауылдан кеткен соң барлық сумен қамту нысандары иесіз қалған. Алайда, бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сауал қойған тұрғындардың бірі аудан орталығындағы жаңадан салынған аурухананың кемшіліктерін тілге тиек етті. Мәселен, дәрігерге көріну үшін алдымен тіркеу орнынан талон алып, сосын апталап кезек күту керек екен. Мұнымен қоса, жаңа ғимараттың киім ілгіш орны тым тар, науқастар киімдерін дорбаларына салып, өздерімен тасып жүруге мәжбүр. Медициналық мекеменің кіреберіс есігі де тым қолайсыз жасалыпты, әсіресе егде адамдар үшін кіріп-шығу қиын көрінеді.
Жиынға қатысып отырған аурухана басшысының орынбасары айтылған проблемаларды жою бойынша жұмыс атқаратындарын жеткізді. Аурухананың жобалық құжаттамасында киім ілетін орын мүлдем қарастырылмаған екен. Оны кейін басқа кабинеттің есебінен жасапты, сол себепті ол таршылық туғызуда. Мекеме басшылығы кіреберіс есікпен қатар, нысанның екінші төмендеу әрі ыңғайлы қосалқы есігін де ашыпты.
Есептік кездесуге келген тұрғындар тарапынан жұмыспен қамту, бос тұрған үйлерді пайдаға жарату, кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі сияқты мәселелерге қатысты сұрақтар да қойылғанын атап өткен жөн.
Облыс әкімі өз сөзінде Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына ерекше тоқталды. Ол осы құжатты Мемлекет басшысының әлемдік қауіп-қатерлерге жасаған жауабы деп бағалады.

Глубокоеде ет пен сүт өндіру артып келеді

Бұл Жолдауда ел Президенті тұрғын үй инфрақұрылымына айырықша мән берген. Тағы бір маңызды сала – автомобиль жолдарын салу. Өскеменнен Алматы мен Астанаға күре жолдар төселеді. Батыс Қытайдан Батыс Еуропа елдеріне автомагистраль салынып жатыр. Бұл құрылыстар еліміздің көліктік әлеуетін еселеп арттырмақ. Екібастұздан облысымызға жоғары кернеулі электр желісі тартылады. Қуаттың осы түріне аса зәру өңіріміздің өсіп-өркендеуіне бұл жобаның үлкен серпін берері сөзсіз. Елбасы өзінің осы Жолдауында жалдамалы баспана салу ісін мықтап қолға алуды да тапсырды. Төмен пайызбен берілетін бұл үйлер баспана мәселесін шешуге едәуір көмектеспек.
– Абай ауданында мыс зауыты ашылады, осындай шағын өндіріс орындары бізге аса қажет. Ол аталмыш ауданның өндірістік әлеуетін дамытуға септеседі. Өскемендегі «Азия Авто» зауыты автокөлік шығару цехын салып жатыр. Жалпы көлік жасау – мультипликациялық тиімділік беретін сала. Себебі, автомобильге темір, резеңке, ағаш, пластик, былғары, сым, тағы басқа материалдар керек. Бұл барлық саланың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды, – деп ойын білдірді облыс әкімі.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ соңғы жылдары еліміздің үлкен құрылыс алаңына айналғанын, мұндай қарқынды жұмыстың ТМД-ның ешбір елінде жоқ екенін қадап айтты.
– Тек соңғы 5-6 жылдың ішінде облыста қаншама аурухана мен мектеп бой көтерді. Әлі де салынуда. Дей тұрғанмен, сол мектептердегі орынжайлардың 30 пайызы бос тұр, не болмаса тиімсіз пайдаланылады, ауруханаларға қатысты да осыны айтуға болады. Жалпы, денсаулық саласында да мәселе көп. Айталық, Семейде 11 миллиард теңгеге жедел жәрдем ауруханасы салынған. Сол ғимаратты жылытуға бір айда 70 миллион теңге қаржы жұмсалады екен. Бұл – өте үлкен қаражат. Мұндай шығынды ешбір мемлекет көтере алмайды, – деді облыс әкімі.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ осындай есептік кездесулердің тиімділігін атап өтті. Осындай жиындар барысында тұрғындардың өзекті мәселелері айтылып, атқарушы биліктің назарына ілінеді.
– Әрине, халықтан алғыс естіген жақсы. Сіздердің атқарушы билікке деген пейілдеріңізге көп рахмет. Десек те, халық әкімдерге мақтау сөздерді жаудыртпай, керісінше орын алып жатқан кемшіліктер мен олқылықтарды айтып отыруы тиіс. Билік өкілдерінің ісін тұрғындар әркез сындарлы көзқарас тұрғысында бағалау керек. Сонда ғана істе жауапкершілік, алға жылжушылық болады, – деп өз ойын білдірді аймақ басшысы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button