Ағымнан жарылсам

Гүлнұр ОРАЗЫМБЕТОВА, әнші: – Ән айтпасам, кәдімгідей ауырамын

«Туған өлке» елдің ыстық ықыласына бөледі


– Гүлнұр, біраз уақыт сахнадан қол үзіп қалдыңыз. Бүгінде немен айналысып жатырсыз?

Гүлнұр ОРАЗЫМБЕТОВА, әнші: – Ән айтпасам, кәдімгідей  ауырамын– Мен алғаш ән айтуды 5 жасымда бастадым. Нақтырақ айтсам, ауылымыздағы вокалды-аспапты ансамбльдің сүйемелдеуімен көпшіліктің алдына шықтым. Бұл өнер Алла тағаладан берілетін қасиет деп ойлаймын. Неге десеңіз, шығармашылығымда үзіліс болып, ән айтпай қалсам, кәдімгідей ауырамын. Екінші баламды дүниеге әкелген соң бір жарым-екі жылдай үйде отырып, өнерден қол үзуіме тура келді. Соған қарамастан, ретін тауып, студияда ән жаздырып, «Сағыныш» деген атпен үнтаспамды жарыққа шығардым. Сондай-ақ, Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған Тұрсынжан Шапайдың «Туған өлке» әніне клип түсірдік. Мінекей, осы үзілістен соң сахнаға жаңа леппен, ерекше серпінмен оралдым деп айта аламын.

Бірақ бойымдағы қазақылығымды, лирикалық әндерге деген жақындығымды жоғалтқан жоқпын. Осы тұста баса айтып өткім келеді, саны бар, сапасы жоқ әндерді шырқап, халықтың алдына жиі шыға беруді ұнатпаймын. «Жұлдыз болу, халыққа танымал болудың жөні осы екен» деп сахнада үнемі бой көрсеткенді жөн көрмеймін. Бір ән айтсам да, халықтың жүрегінде қалсам, кейінгі ұрпақ сол дүниені қазбалап іздегенде, әлгі тізімнен табылсам – үлкен жетістік. Сондықтан, жылына екі-үш қана ән жазам. Мүмкіндік болса, бір клип түсіруге тырысам. Әндердің сапасына айрықша мән беремін. Әсіресе, «Туған өлке» әні мені халықтың ыстық ықыласына бөледі. Осы тақырыптағы туындылар менің репертуарымда одан әрі жалғасын таба береді. Өткен жылы «Ел арна» арнасындағы «Саз әлемі» байқауында осы әнді айттым. Өйткені, жастардың бойына туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті үстеу жолында еңбек еткім келеді. Әрине, махаббат, сезім тақырыбында ән айтушыларды сыйлаймын. Бірақ, мен ол жастан өтіп кеттім. Әр адам өзінің жасына қарай өнер көрсеткені жөн ғой.

– Үйде отырған кезде сахнаны сағындыңыз ба?

– Қатты сағындым. Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әннің құдіреті мені ешқашан тыныш қалдырған емес. Әріптестерім де «Ортамызға хош келдің, сенің орның бөлек» деп жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Жарқын жүзбен қуанып, қарсы алғандықтары – өнерімді құрметтегендерінің, мені сағынғандары, менен үлкен үміт күтетіндіктерінің белгісі деп ойлаймын. Соған лайық болуға, ортадан алыстамауға, оқшауланбауға тырысамын.

– Шындығында, есті ән адамды қанаттандырады, жүрегін ізгілікке бөлейді. Сіз осы жолда табанды еңбек етіп келе жатқан, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырып жүрген өнер адамысыз. Осыны бала күніңізден армандадыңыз ба?

– Әншілік өнерді бала кезімнен армандадым. Өнер әлеміндегі танымал тұлғалар балалық шағынан естелік айтқанда бала күндерінде ауладағы сахнаға шығып, ән салғандарын және өздерін Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова деп таныстыратынбыз деп жатады. Ал мен балғын кезімде бір күні Роза Рымбаева болып, бір күні Мақпал Жүнісова болып ән шырқадым. Үйдің жұмысын істеп жүрсем де ыңылдап ән айтамын, бір сөзбен айтқанда, әншілік өнер мені үнемі алға жетелеп, биікке самғауыма күш берді. Бірақ, қыз баланың өнер саласына баруын көп жағдайда ата-аналар құптай бермейді ғой. Сол сияқты менің де туыстарым әуелде қарсы болды. Содан не керек, филология мамандығын таңдауыма тура келді. Шыр етіп дүниеге келгенде Алла менің бойыма осы дарынды дарытқан болар, бәрібір мен өнерден қол үзе алмадым. Бала күнімнен аңсаған арманымды тұншықтырып, қолды бір сілтеп қоя салу мүмкін болмады. Қалай болғанда да, осы саланың шыңына шыққым келді. Шүкір дейін, бүгінде жолдасым да өнердің қайнаған ортасында жүргенімді қалайды. Соның арқасында, өзімнің алып арманымның нәтижесінде киелі сахнамен байланысты үзген емеспін.

Жолдасым өзімнен 21 жас үлкен

– Гүлнұр, енді әңгіме ауанын сіздің жеке өміріңізге бұрсақ. Жолдасыңызбен жас айырмашылығыңыз анағұрлым үлкен екеніне қанықпыз.

– Мен өзімді үлкен махаббаттың иесімін деп айта аламын. Бұл – Алланың маған берген сыйы шығар. Біле білсеңіз, менің басымдағы жағдай ешкімге ұқсамайды (күліп алды).

– Несімен ұқсамайды?

– Менің жолдасым өзімнен 21 жас үлкен. Ол кісі – Парламент мәжілісінің депутаты. Аты-жөні – Серікбай Нұрғисаев. Бұрын Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарған. Ол кісі менің өнеріме ғашық болса, мен оның азаматтық тұлғасына тәнті болғанмын. «Егер бұрынғы заманда өмір сүрген болсаңыз, жаудың жағасынан алып, алдыңғы шепте жүрер едіңіз» деп үнемі айтып отырамын. Себебі, жолдасым елі мен жерін шексіз сүйеді. Және қазіргі заманның батыры деп айта аламын. Екеуміздің өміріміз жайында халықтың арасында біраз әңгіме жүргені де рас. Сондай алыпқашпа сөздердің ырқына кетпей, барлық жауапкершілікті мойнымен көтере білді.

Әуелде ол кісі менің өнеріме ғашық болыпты. Әрине, мен одан хабарсыз болдым. Сол сезім махаббатқа ұласты. Шынымды айтсам, мен өзімнің қатарластарымның арасынан ешкіммен қол ұстасып, ғашық болып көрмеппін. Менің жолдасым ең алғашқы және Алладан ең соңғы махаббатым болсыншы деп тілеймін. Аллаға шүкір, бақыттымын. Екі ұлымыз бар. Үлкеніміз Сырым Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 5-сыныпта оқиды. Кіші ұлымыз Нұранбек Назарбаев балабақшасына барады.

– Біріңіз – қызметтің, біріңіз – өнердің адамысыздар. Кім-кімнің ығына көп жығылады?

– Мен шаңырақтың иесін, отағасын, өмірлік қосағымды сыйлаймын. Сол кісінің ақылына жүгінемін. Қай жағдайда да отағасының дегені болады. «Менің айтқаныммен жүресің» деп шарт қойған емес. Кеңесеміз. Маған қарағанда көпті көрген, айтқаны айдай келіп жатады. Сондықтан мұқият тыңдаймын, әр сөзіне құлақ асамын. Соңғы үш жыл болды, бала-шағаның қамымен, қызметтің бабымен ешқайда шыға алмадық. Бар уақытымызды үйіміздің тірлігіне, балаларымызға арнадық. Қазір балалар да өсті, амандық болса, Алла бұйыртса, биыл жақсылап бір демаламыз, ел қыдырамыз деген жоспарымыз бар.

– Қызметтегі азаматтың жары болу өнерге пайдасын тигізе ме, кесірін бе?

– Жұлдыз-жорамал бойынша торпақпын. Туған жылым – жылан. Көп нәрсені ішіме түйіп жүремін. Тез ашуланып, бетке айта салатын әдетім жоқ. «Сабыр мен ақыл қатар жүрсе, сенің орның төр болады» деп әжем жарықтық айтушы еді. Не жағдай болса да сабырмен шешемін. Мінезім орнықты, шамшыл емеспін. Сабырлылық бар жерде береке қоса жүреді. Ол кісі өнеріме ешқандай кедергі жасаған емес. Қай кезде де «өзіңнің ішкі дүниеңмен ақылдас, қабырғаңмен кеңес. Сен қалай шешесің, мен оған қарсы болмаймын. Өнеріңе қиянат жасағым келмейді, өз тіршілігіңді жаса» деп айтып отырады. Бір кездері бар өнерімді тастап, сол кісінің ыңғайымен ғана жүргенмін. Оған еш өкінбеймін. Өмірдегі ең бірінші адал досым, сүйенерім де, сенерім де сол кісі. Алланы аузынан тастамайды. Шын жанашыр бола біледі. Мені баурап алған да осындай адами қасиеттері.

– Бойыңыздағы қандай қасиетіңіз өзіңізге ұнайды?

– Мен бір істі бастасам, соңына дейін жеткізбей тынбаймын. Тек өнер саласында ғана емес, үй шаруасында да сондаймын. Жұмысты көбіне түнде бастаймын. Содан таңғы төрт-беске дейін еңбек етемін. Біздің туыстарымыз, достарымыз жақсы біледі. Кез келгенге дастарқанымыз әрдайым жаюлы. Қонақ күткенді жақсы көрем. Әр жұмада жеті нан пісіріп, Құран оқытуды да ұмытпаймын. Бір сөзбен айтқанда ана, жар, келін ретінде өзіме жүктелген міндеттердің бәрін атқаруға тырысамын.

– Ал қай қасиетіңіз ұнамайды?

– Ұнамайтыны, бір шешім қабылдау керек болса, өте ұзақ ойланамын. Және шешім шыққанша, өз-өзімді жеп, жүйкем жұқарып кетеді. Бірақ, қабылдаған шешімім көбіне дұрыс болып жатады. Сосын бірден кесіп айтып, уәде беруден аулақпын. Өздеріңіз сияқты көптеген журналистер хабарға шақырып жатады. Сондай кезде хабардың не жөнінде, не айту керек екенін тыңғылықты сұрап аламын. Келісілген жерге уақытында баруға тырысамын. Біреуді күттіріп қойғанды ұнатпаймын.

Әдемі де әсерлі туындыларыммен халқымды қуанта бергім келеді

– Кейінгі жылдары сіздің репертуарыңызға жаңа әндер қосылды. Байқаймыз, сіз көбіне композитор Серік Сыздықовпен тығыз шығармашылық байланыстасыз.

– Дұрыс айтасыз, біріншіден, ол кісі Қызылорданың жігіті. Сыр өңірінде Серікпен бірге өнердің қайнаған ортасында бірге жүріп, бірге жетілдік. Ерекше айтып өтетіні, ол кісі жауапкершілікті сезінетін адам. Ал шығармашылық жұмыста бұл өте қажет қасиет. Ән өңдесе де уақытында атқаруға тырысады. Ол кісімен жұмыс істесең, шаршамайсың. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеуге өте ыңғайлы. Тағы айта кетерлігі, Ыбырай Жақаев, Шахмардан Есенов, Мұстафа Шоқай шыққан Шиелі ауданын білесіздер. Сол өңірдің әкімі ауданның әнұранын анықтау үшін республикалық деңгейде сазгерлердің байқауын жариялады. Сол кезде Серік Сыздықов марш темпінде керемет дүние жазып шықты, ал мен оны орындадым. Нәтижесінде қырық бір сазгердің ішінде Серік Сыздықовтің әні бас жүлдені жеңіп алып, темір тұлпарды қанжығасына байлады. Шиелінің тарихында қалатын әсем әннің биік самғауына мен де өз үлесімді қосқанымды мақтаныш тұтамын. Қазір сол өңірге барсаңыз, еңкейген қария мен еңбектеген балаға дейін осы әнді айтып жүр. Туған өңірге қызмет ету, жерлестеріңнің ризашылығына жарау деген осы емес пе?! Осы композитормен жаңа жылдың алдында халыққа арнау ретінде, мерекелік көңіл күйді көтеретін «Мерекем» әнін жаздық. Сәтті шыққан туынды деп есептеймін. Қазақ халқының әр шаңырағында мереке, той-думай болғанын шын жүректен тілеймін!

– Жер әлемді жайнатып, құстар әнін сайратып жеткен Наурыз мерекесінде қазақ халқына деген тілегіңіз…

– Әрине, көктеммен бірге келетін Наурыз мерекесі қазақ халқына береке-бірлігін, қуанышын қоса ала келсін! Менің де шығармашылығымда жоспарлар көп. Бойымда қуатым болса, отбасым қолдап, өнерге деген махаббатым таусылмаса, жалғастыра беретінім анық. Әдемі де әсерлі әндеріммен халқымды қуанта бергім келеді. Қазақ халқына тілерім, 130-дан астам ұлт пен ұлысты ұйыстырған пейіліне дақ түспесін! Бауырмал, қонақжайлылығы арқасында абыройы асқақтай бергей! Наурыз мерекесі құтты болсын!

Мөлдір Жанбаева

Осы айдарда

Back to top button