Гүлфайруздың нанының дәмі ауыздан кетпейді
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының көптеген адамдарға елеулі жәрдем болып, шағын кәсіпкерлікке талпыныс жасаған ауыл тұрғындарының өз істерін қорғанбай ашуына мүмкіндік туғызғаны белгілі. Осы бағдарлама аясында берілетін шағын несиенің талай талапты жанға айтарлықтай нәсіп әкелгені де шындық.
Ақжайлау ауылының тұрғыны Серік Мұхамеданов осындай несиеге қол жеткізген соң, бұл маңда бұрын болмаған тың іске тәуекел жасап, наубайхана ашуға бел буған-ды. Сөйтіп, 2015 жылдың мамыр айында қолға тиген 3 млн. теңгеге қажетті құрал-жабдықтарды сатып әкеліп, көкейде жүрген ойын жүзеге асыруға кірісіп кеткен болатын.
– Күніне 72 нан пісіреміз, – дейді Серіктің зайыбы Гүлфайруз Ахметқалиқызы. – Бұл нанды күнделікті мектеп асханасы, ұстаздар мен зейнеткерлер алып отырады. Ал науқан кезінде, мәселен, ауыл тұрғындары жаппай шөп шабуға жұмылған қауырт кезеңде 144 бөлкеге дейін пісіріп жүрдік.
– Ауылдағы жаңа мектептің құрылысы жүріп жатқан кезде бұл наубайхананың пайдасын көрдік, – деп әңгімеге араласты осындағы негізгі орта мектептің директоры Қалибек Жұқышев. – Жұмыс істеп жатқан азаматтарды Гүлфайруз үнемі иісі бұрқыраған ыстық нанмен қамтамасыз етіп отырды. Әйтпесе мұндай кездерде бұрын нанды Теректіден тасымалдайтынбыз.
Қарапайым ғана шағын үйде орналасқан наубайханада қамыр ток күшімен иленеді екен. Жұмысты Гүлфайруз негізінен жалғыз өзі атқарады. Күніне жұмсалатын 70 келі ұнды олар алдын ала жеткізіп қояды екен. Кәсіпкер келіншек сондай мол табыс әкелмегенімен, тіршілікке арқау болып отырған кәсіптеріне көңілі толатындығын сездірді. Сонымен бірге, ол осы кәсіпті ашуға үгіттеп, ақыл-кеңесін айтумен болған Теректі ауылдық округінің әкімі С.Ақсартовқа ризалығын да білдіріп өтті.
– Серік ағамыздың қоярда-қоймай үгіттегеніне басында үрке қарап, сәл қобалжығанымыз рас еді, – дейді Гүлфайруз. – «Тәуекел ет те, тас жұт» деген ғой, бүгінгі күні сол кісінің тілін алғанымызға әсте өкінбейміз. Қол қусырып отырғанша, әлдеқандай кәсіптің бір пұшпағын илеп жүрген дұрыс қой. Пайдасыз емеспіз, несиені де уақтылы төлеп отырмыз.
«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген екен қазақ атам, сол айтқандай, маңдай терін аямай төгіп, тынымсыз еңбектеніп жатқан Гүлфайруз қарындасымызға шынайы ризашылық білдіріп, еңбегіне табыс тіледік.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.