Қоғам

Гүлдерайға қарайтын телімді қар баспайды

Гүлдерайға қарайтын телімді қар баспайды


Көкпектідегі №346-шы жол пайдалануға беру телімінің (ДЭУ) бастығы Гүлдерай Мұхамадиеваны облыс тұрғындары, әсіресе, жылдың төрт мезгілін жол үстінде өткізетін автобус және такси жүргізушілері бес саусағындай біледі десек, қателесе қоймаспыз. Аталмыш ұжым Кеңтарлау ауылынан Боғасқа дейінгі 161 шақырым жолды күтіп ұстайды, қыстың қақаған аязы мен ақтүтек боранында жолды қардан тазалайды. Екі аралықтағы бораны тынбастан соғатын атақты Байбураны екінің бірі біледі.

Тақтайдай тегіс жолмен зымырап келеміз. Көкпекті ауылында тақаған кезде биіктігі бір метрден астам, қары ойылып тазаланған жерге тоқтай қалдық. Наурыздың бірінші онкүндігі өтіп кетсе де, бұл жерде қардың еритін түрі жоқ. Бізді осы жерде учаске бастығы Гүлдерай Закарияқызы қарсы алды.

– Орта мектепті Көкпектіде аяқтаған соң Семей құрылыс техникумына оқуға түстім. Мекеме басшысы Кәдірхан Амиралин сабырлы, ақылды адам болатын, практикаға келіп жүргенімде «қызым көзіңде от бар екен, оқуды аяқтаған соң бізге қызметке кел, қабылдаймын, білгенімді үйретемін» деді. 1976 жылы мекемеде үш ай жұмысшы болдым, соңынан шебер, прораб қызметтерін атқардым. 1984 жылдан бастап біздің өңірде қиыршық тастың орнына асфальт төсеу жұмыстары атқарыла бастады. Алған білімімнің пайдасын сол кезде көрдім, алдыңғы толқын ағалар білгендерін үйретуден жалықпады. Әсіресе, Кәдірхан Кәрімұлына ризашылығым ерекше, тәжірибесін үйретті. 1991 жылы «Тұрғын үй-91» бағдарламасы басталып, сол жылы аудан орталығында екі пәтерлі 18 үйді пайдалануға бердік. Риддер қаласында да қызмет еттім. 2011 жылы Көкпектідегі аталмыш мекемеге басшы етіп тағайындады, – деді сол кезді еске алған Гүлдерай.

Көкпекті өңіріне қар қалың түседі. 2016 жылдың 19-шы желтоқсанынан қар жауып, екі тәулік ішінде бір жарым метр қар түсіп, жолдар жабылып қалды. Гүлдерай шұғыл жиын өткізіп, мамандар мен механизаторларға тапсырма берді. Барлық техниканы Байбураға жұмылдырып, бір күннен соң жолды ашады. Ал мұндай жағдай жиі болып тұрады. Алысқа бармай-ақ, биыл да ауа райы құбылмалы болып тұр, қаңтарда боран екі тәулік бойы соғып, жолдар тазартылып тұрса да, іле қалың қар жолды жауып тастай берді. Зайсан мен Ақсуаттан жолға шыққан бірнеше автобус пен ондаған такси жүргізушілер ақборан күшейген кезде жылыту пунктіне келіп бас сауғалады. Гүлдерайдың өзі жолаушыларға ыстық тағам апарып, үш-төрт сағаттан кейін жол тазаланған соң оларды шығарып салды.

Гүлдерайға қарайтын телімді қар баспайды

Гүлдерайдың Зайсан, Тарбағатай, Күршім аудандарының такси, автобус жүргізушілерінің көлік нөмірлері мен есімдерін жатқа соғатынына таңғалдық. «Зайсанның жүргізушілері «Тойотамен», тарбағатайлықтар «Фольсфагенмен, ал ауылдардағы күнделікті нәпақаларын тауып жүргендер «Жигулимен» зымырайды. Өз басым оларға алғысымды айтқым келеді. Күні кеше Зайсанның Берік деген такси жүргізушісі «Боғасқа» жете берісте бір автобустың жыраға түсіп кетіп, шыға алмай жатқанын телефон арқылы хабарлады. Жедел «Беларусты» иесімен жіберіп, жолға салып жібердік. Мұндай оқиға екі күннің бірінде болып тұрады. Әсіресе, көктайғақта ауыр салмақты автобустардың жолдың шетіне шығып кететіні алаңдатады. Оларға дер кезінде көмекке келеміз», – дейді Гүлдерай.

Мекеме басшысының іскерлігіне көпшілік дән разы. Өскемен қаласының тұрғыны, атақты балуан Жанәділ Атаев еркектер атқара алмайтын ауыр жүкті Гүлдерай Закарияқызының қиналмастан көтеріп келе жатқанын тілге тиек етеді. «Өз басым ең қиын учаскеде абыроймен қызмет етіп жүрген, жолаушы қамын ойлаушы қарындасыма алғысымды айтқым келеді. Нардың жүгін арқалаған Гүлдерайға «Көкпекті ауданының Құрметті азаматы» атағын баяғыда беру керек еді. Оның үстіне Мұхамадиевтер әулеті шетінен спортшы», – деген еді 120-дан астам Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін, Әлем чемпиондарын баптаған атақты балуан.

– Басшы біреу, қалғандары тіреу» деп қалай орынды айтылған. Есепші – Айымхан Увахиева, менеджер – Күләш Тұрарбек, механик-Милат Ихатов, мастерлер Ильдар мен Ербол, «К-700», «КамАЗ», қар лақтыратын ротор мәшинесі мен бульдозерде, грейдерде жұмыс істейтен Бақытжан, Бауыржан Әшімтаев, Аслан Ақшалов, Жұмабек Мұқашаев, Виктор Тоноян, Ринат Муликов, Алексей Ушаков, Амангелді Ақшабаров, Бағдат Кененбаев, Нұрғазы Тыныбаев ұзақ жылдар мекеменің ыстық-суығына бірге төзген, боранды күндері ұйқыны ұмытып, табиғаттың сынына шыдас берген нағыз батырлар, оларға алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды кәсіпорын басшысы, нардың жүгін арқалаған қарындасымыз.

Гүлдерайдың ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланды. «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақавтодордың құрметті жолшысы» атағы, бірнеше мақтау грамоталары мен Алғыс хаттар беделін арттырып тұр. Гүлдерайдың отбасы түгелімен спортпен шұғылданады. Г.Мұхамадиева кезінде ядро, қол добы, найза лақтыру спортымен айналысып, барлық түрінен облыстың бірнеше дүркін чемпионы атанды. Қыздары Айнұр, Мира, Раушан да спортты серік еткендер. Раушаны самбо күресінен Азия чемпионы атанды. Немересі Д.Маликов қазақ күресінен еліміздің жасөспірімдер арасындағы біріншілігінде бес рет топ жарды. Закария ақсақал Меңсұлу әже бес ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Анасы Меңсұлу қазір Гүлдерайдың қолында, 90 жастағы әже ұл-қыздары жайында тебірене айтып берді. Ағалары Ғайса, Рамзи, Назип жас кезінде бокс, шаңғымен шұғылданып, облыс біріншіліктерінде топ жарған. Ал сіңлісі Гүлнар да шаңғымен зымыраған кезде құрбыларын артқа тастап кетеді екен.

Закария ақсақал қазір арамызда жоқ. Ал аналары Меңсұлу балалар мен немерелерінің, шөберелерінің амандығын тілеп, елімізде татулық пен ынтымақтың жарасым таба беруін тілеп отыр. Жолаушы қамын ойлап, алғыс арқалап жүрген Гүлдерайға сәттілік пен табыс тілейді облыс жолаушылары.

Оңдасын Елубай
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button