Қоғам

Гүлдене бер, түрлене бер, Астана!

Гүлдене бер, түрлене бер, Астана!


Астана күні мерекесіне орай өңіріміздегі бірнеше ұлт пен ұлыстардың басын бір шаңырақ астына біріктіріп отырған Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында «Гүлдене бер, түрлене бер, Астана!» деген атпен мерекелік шара өтті.

– Әр мемлекеттің астанасы – оны биіктерге бастайтын баспалдағы, беделі мен берекесінің діңгегі. Астана – еліміздің төрі, киелі ордасы. Мақтан тұтуға, мадақтауға әбден лайық сәулетті шаһар бұл күндері әрбір қазақстандықтың мақтанышына айналды. Баршаңызды Астанамыздың туған күнімен құттықтаймын. Елімізде тыныштық пен береке-бірлік, жастарымыз бәсекеге қабілетті, білімді де алғыр болсын. Алаштың Сарыарқаға қағылған алтын қазығы – Астанамыз көркейе берсін. Көреген де білгір Елбасымызға денсаулық, күш-қуат тілеймін,-деді мерекелік шараға жиналғандарды құттықтаған облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев.

Мерекеге жиналғандарды Достық үйіндегі барлық этномәдени бірлестіктердің басшылары мен Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Лео Шик құттықтады.

19 жыл бұрын Елбасының бастамасымен Сарыарқаның төрінен орын тепкен Астанаға бүгінде әлем жұртшылығы қызыға қарайды. Энергияның баламалы көздеріне және «жасыл» технологияларға арналған «ЭКСПО» көрмесі Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінде өткізіліп отырған алғашқы халықаралық көрме. Бұл еліміздің ілгері жылжуы жолындағы үлкен қадам екендігі айдан анық. Астана экономикалық өрлеуімен қатар қақтығыстар орын алған кей елдерді ымыраға шақыратын бейбітшілік пен келісім орталығына айналды. Осының барлығы Елордамыздың 19 жыл ішіндегі жетістігі.

Мерекелік сахна төрінде корей этномәдени бірлестігінің шығармашылық ұжымы «Инсоноре» ансамблі, мұсылман әйелдері қауымының жанынан құрылған «Ақ ниет» әжелер ансамблі, татар, поляк, неміс этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздары, «Атамұра», «Ажарым» ансамбльдерінің әншілері мен «Кавказ» би ансамблі ән-биден шашу шашып, көрермендердің қошеметіне бөленді. «Достық үйінің» ауласына жиналған жұртшылық «Елімнің жүрегі – Астана» атты сурет көрмесін тамашалады.

Әлбетте, Астананың тарихы – тәуелсіз еліміздің тарихы. Мерекелік бағдарламаның ең қызықты сәті – Астананың тарихы мен көрнекті орындары жайында викториналық сұрақтар мен суреттер сайысына қатысып, дұрыс жауап берген жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ мерекеге жиналған өскемендіктер мен қала қонақтары арнайы орнатылған стендке Астанаға, Елбасына арнаған жүрекжарды лебіз-тілектерін жазды.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button